Қырғыз президенті оппозиция мүшелерін қамауды бастады
Қырғыз президенті оппозиция мүшелерін қамауды бастады
Билік басына келгеніне көп болмаған Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровқа сын айтқан оппозициялық саясаткер Жениш Молдокматов "былтыр қазанда билікке қарсы наразылық кезінде ғимаратты басып алды, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген күдікпен екі айға қамауға алынды.
Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.
Оппозиялық саясаткердің адвокаты Кантемір Турдалиев Азаттықтың қырғыз қызметіне сот 8 мамырда болғанын, Молдокматов 6 шілдеге дейін тергеу изоляторына қамалғанын айтқан. Адвокат сот шешімін "абсурд" деп атап, шағым түсіретінін жеткізді. Ал Молдокматов сотта айыпты жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деген.
Молдокматов былтыр қазанда парламент сайлауына түсіп, жеңіліп қалған болатын. Кейін ол мыңдаған адаммен бірге сайлау нәтижесіне қарсы наразылыққа шыққан. Осы наразылықтан соң ел президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кеткен еді. Наразылар сол кезде түрмеде отырған Садыр Жапаровты және бірнеше саясаткерді қамаудан босатып алған. Жапаров 2013 жылы қазанда Қырғыз Республикасындағы кен орнындағы наразылық кезінде адамдарды кепілге алды деген айыппен 10 жылға сотталып, жазасын өтеп жатқан. Бір қызығы, сол кезде ол да сот шешімінің "саяси астары бар" депті.
Түрмеден шыққан Жапаров кейін сайлауға түсіп, жеңімпаз деп жарияланды. Биыл сәуірде ел конституциясын өзгерту туралы референдум өтіп, халық Жапаровтың президент билігін күшейту бастамасын қолдаған. Жақында ол Конституцияға өзгеріс енгізетін заңға қол қойды. Жапаровтың қарсыластары қырғыз конституциясының өзгеруіне қарсы шыққан.