Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, - деп хабарлайды akorda.kz.
Мемлекет басшысына санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы баяндалды. Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын айтты. Ол COVID-19 індетінің таралу қарқыны бойынша Қазақстанның «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өткенін атап өтті. Азаматтарды вакциналау қарқыны артып келеді. 1 миллион 565 мың адамға бірінші компонент салынса, 460 мың адамға екінші компонент егілген. 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында тәуліктік вакцина салу қарқыны 12,6 есе өскен. Кеше Қазақстанда 140 мыңға жуық адам вакцина салдырған. Премьер-Министр Президентке бизнесті қолдау жұмыстары жайында мәлімет берді. Қызмет көрсету саласында «ASHYQ» қосымшасын пайдалану ісі белсенді түрде артып келе жатқаны айтылды. Қазіргі уақытта жүйе 3 мыңнан астам бизнес субъектілерін және еліміздің 720 мың тұрғынын қамтып отыр. Үндістандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке аталған елге 6 миллион медициналық маска, 400 мың респиратор, 50 мың обаға қарсы арнайы киім және елімізде өндірілген 105 жасанды жолмен дем беру аппараттарын гуманитарлық көмек ретінде жіберуді тапсырды.Қазақстан Үндістанға көмек жібереді

Қазақстан Үндістанға көмек жібереді