377
ҚТЖ басшылығында кадрлық ауыс-түйіс болды
ҚТЖ басшылығында кадрлық ауыс-түйіс болды
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында төраға орынбасарлары мен басқарушы директорлар ауысты. Кадрлық өзгерістер туралы БАҚ-пен жұмыс департаментінің директоры Қайсар Жұмабайұлы мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ-тағы тағайындаулар туралы Қайсар Жұмабайұлы Facebook-парақшасында жариялады.
Басқарма төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы болып Бауыржан Орынбасаров тағайындалды.
Тағайындалғанға дейін "ҚТЖ" ҰК" АҚ "Магистральдық желі дирекциясы" бөлімшесі директоры болған. Еңбек жолын 1994 жылы жолдар бойынша кезекші болып бастаған. Әр жылдары бас инженер болып жұмыс істеді, ҚТЖ бөлімшелерінде жолдың аймақтық бөлімдерін басқарды, вице-президент, ҚТЖ басқарма төрағасының инфрақұрылым жөніндегі орынбасары болған.
Басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы болып Қанат Әлмағамбетов тағайындалды.
Темір жол саласында 40 жылдан аса жұмыс істейді. ҚТЖ жүйесінде түрлі өндірістік және басшылық қызметтерді атқарған. Оның ішінде "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарушы директоры-аппарат басшысы, пайдалану жұмысы, тасымалдау процесі жөніндегі басқарушы директоры, "Қазтеміртранс" АҚ вице-президенті, "Қазжелдортранс" АҚ коммерциялық жүк жұмысы жөніндегі вице-президенті болып жұмыс істеген. "Kazlogistiks" Қазақстан көлік қызметкерлері одағының бас директоры, "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған.
Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы болып Ержан Жақышев тағайындалды.
Теміржол саласында 1995 жылы Целинная теміржолы Ақмола бөлімшесінің коммерциялық ревизоры болып жұмыс істеді, әр жылдары "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарушы лауазымдарында, "КЕДЕНТРАНССЕРВИС" АҚ вице-президенті, "Қазтеміртранс" АҚ президенті, "KTZ Express" АҚ вице-президенті, "Бірлескен көліктік-логистикалық компания – Еуразиялық теміржол альянсы" АҚ басқару аппараты бас директорының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген.
Басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы болып Серік Кеулімжаев тағайындалды. Еңбек жолын "Price Waterhouse" консалтингтік компаниясының бас менеджері болып бастаған. Әр жылдары коммерциялық құрылымдарды басқарып, мұнай-газ саласында өнімдерді тасымалдау және сату, өндіріс, құрылыспен айналысқан.
Құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директордың міндетін атқарушы болып Ержан Жанғаулов тағайындалды. Әр жылдары Әділет министрлігінде, ҚР Президентінің Іс Басқармасында, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ құрылымында жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап "Құқықтық ақпарат және талдау орталығы" ЖШС бас директоры қызметін атқарған.
Қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директордың міндетін атқарушы болып Ерсайын Нағаспаев тағайындалды.
Еңбек жолын ҚР СІМ құрылымында бастаған, инвестициялар жөніндегі комитетте халықаралық жобалармен айналысқан. ҚР РФ елшілігінде, сондай-ақ ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, "Ақтау халықаралық теңіз сауда портында", ҚР премьер-министрінің кеңсесінде, Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, "Астана" ӘКК" ҰК басқарма төрағасы, "Новострой Астана" ЖШС стратегиялық даму жөніндегі директордың орынбасары болып жұмыс істеген.
Бұған дейін "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әбденов қызметінен кеткені хабарланған еді.