804
Нұрымбет САҚТАҒАНОВ: Абай Семей мен Жидебай арасында жүріп-ақ «Абай» болған
Нұрымбет САҚТАҒАНОВ: Абай Семей мен Жидебай арасында жүріп-ақ «Абай» болған
Семей – еліміздегі тарихи маңызы ерекше қаланың бірі. Өткен ғасырдың басында Алаш көсемдері осы шаһарда бас қосып, келелі кеңестер өткізгендіктен сол кезде зиялылар шоғырының көбірек жиналғаны да жұртқа белгілі. Мемлекет басшысы 2019 жылы Семей қаласына іссапары барысында қаланы дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде өңір басшылығына тапсырма берген болатын. Біз тарихи тамыры тереңдегі қалаға арнайы ат басын бұрып, Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқаны жайлы қала әкімімен әңгіме өрбіттік.
– 2019 жылы Семей қаласына іссапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту үшін 2020-2025 жылдарға арналған жобаны даярлап, тыңғылықты жүзеге асыруды тапсырған болатын. Қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын көтеретін, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде нақты қандай шаруалар тындырылып жатыр?
– Мемлекет басшысы біздің алдымызға Семей өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған халықтың өмір сүру деңгейін көтеру жөнінде нақты мақсаттар қойып отыр. 2020-2025 жылдарға арналған жоспар аясында Семейде әлеуметтік-экономикалық кешен дамуда, оның тарихи-мәдени объектілері жаңа талаптарға сай жаңғыртылуда. Биылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,7 млрд теңге болды, бұл 2020 жылғы осы уақытпен салыстырғанда 10,3 пайызға немесе 5,4 млрд теңгеге артық. Қаланы дамыту бойынша жүрілетін жұмыстың барлық бағыты бойынша жоспарды уақытымен орындап отырмыз. Мәселен, бізде бір қабатты үйлер салынып жатқан «Шығыс» деп аталатын бағдарлама бар. Осы бағдарлама аясында өткен жылы 10 үй салдық. Биыл біз дәл сондай үйлердің санын 125-ке жеткіземіз. Бұл үйлер көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға арналған. Барлығын көпқабатты үй қылып сала бергеннен гөрі кейбір жерлерге осындай шағын жері бар бір қабатты үйлерді салып берсек, онда қоныстанған азаматтарға мал ұстауға, шағын бау-бақша өсіріп, өнім алуына мүмкіндік болады. Онда ауызсу мен жарық жүйесі тартылды. Енді жол төселеді. Бұл үйлер жалға берілетін баспаналар жүйесі жолымен үлестіріліп отыр. Мұндай жұмыстар қала маңындағы кенттерде, барлық аудандарда жүріп жатыр. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлермен де келісіп осындай баспана салдыру жоспарымызда бар. Биыл мұндай үйлердің санын 200-ге жеткізуіміз мүмкін. 2021 жылдың алғашқы 3 айының қортындысы бойынша 39 975 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сәуір айының соңына дейін тағы 72 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
2020 жылы 148 азамат баспанамен қамтылды. Оның ішінде 114 пәтер көпбалалы отбасыға, 37 пәтер жетім балаларға берілді. Биыл жалпы ауданы 124,6 мың шаршы метр 25 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Семей өңірінің дамуына байланысты 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаның 56 бағыты бар. Осы бағдарлама жүзеге асқан жағдайда Семей қаласы семейліктер ғана емес бүкіл қазақстандықтар мақтан ететін, үлгі көретін қалаға айналары сөзсіз. Бұл жоспарды табысты орындауға барлық мүмкіндік бар. Әсіресе, ішкі мүмкіндіктер көп. Біріншіден, берекесі жарасқан, еңбекқор Семей халқы әрбір бастаманы қуана қолдайды деген ойдамын. Екіншіден, Семей қаласының орналасқан жері тоғыз жолдың торабы. Солтүстік-шығыста Ресей. Мына жақта Қытай елі орналасқан. Еліміздің орталығынан шыққан теміржол көлігі мен автожол көлігінің жүк тасымалдары біздің қала арқылы өтеді. Мұның барлығы экономиканың ілгері жүруіне, алым-берімнің тоқтаусыз қозғалыста болуына көп әсер етеді. Осы бағытта көптеген жобалар жасалып, оның орындалуы мен қаржының бөлінуі облыспен және республикамен келісілген.
– Қазір көктем мезгілі. Қар суы еріп, Ертіс арнасынан асады. Жыл сайын Семей қаласының өзенге жақын орналасқан ауылдарына су қауіп төндіреді. Биыл қалай болып жатыр?
– Иә, бізде өзенге жақын орналасқан жеке үйлер, шаруашылық иелері бар. Өзіңіз айтып отырғандай кей жылдары өзен суы көтеріліп, үйлерді су шайып кететін оқыс оқиғалар болатын. Бірақ биыл біз алдын ала су қаупінің бетін қайтарып, мұндай бірде-бір келеңсіз оқиға болған жоқ. Кей жылдары су жиналып қалған ой жерлерден жүк көліктері де өте алмай қалатын. Бірақ биыл 1 см де су көтерілмеді. Біз алдын ала өзен арнасын тазалап, сеңді ағызып, судың жағаға көтерілуіне жол бермедік. Сонымен қатар қыстай қаланың қарын да жоспарлы түрде сыртқа шығарып отырдық. Су көп жиналатын жерлердің қарларын түгел тазаладық. Соның нәтижесінде ешбір үйге су қауіп төндірген жоқ. Орталық саябақтағы жөндеу жұмыстары жайлы айтып отырсыз, кеше ғана барып, көріп келдім. Саябақты жөндеп жатқан мекемемен келісімшарт 1 маусымда бітеді. Оған дейін әлі уақыт бар. Қазір қыстан енді ғана шығып жатыр. Өткен жылы Абай атамыздың 175 жылдығы қарсаңында қолға алынған шаруа. Бірақ келісімшарттың уақыты аяқталғанға дейін барлық жұмыс дұрыс атқарылатын болады.
– Семейдің өткен ғасырдан қалған тарихи-мәдени орындары бар. Кезінде рухани орталық болды. Болашақта өңірге туристерді көбірек шақыру үшін қандай да бір жобаларыңыз бар ма?
– Кезінде Абай бабамыз баласы Әбіш ауырып жатқанда анау Алматыға да бара алмады. Денсаулығы да жарамаған болар, жер де қиыр дегендей. Бірақ осы Семей мен Жидебай арасындағы 180 шақырымда жүріп-ақ Абай болды. Демек бұл жердің өзіндік қасиеті бар. Киелі мекен. Сондықтан осы Абай атамыз жүрген жолды «Абай жолы» деп атап, туристердің сол жолмен жүріп өтуіне мүмкіндік жасасақ деген ойымыз бар. Семей мен Жидебай арасындағы жолда жолаушыларға, туристерге қызмет көрсету сапасын дамытпақ ниеттеміз. Бұл жолда Абай бабамыз бір жерінде атпен, бір жерінде күймемен, қыста шанамен жүрді дегендей. Шаршағанда қараша үйге тоқтап, демалды. Қаланың шуылынан шаршаған саяхатшыларға да осындай жағдайда жүріп өтуге мүмкіндік жасап қойсақ деген ойдамыз. Бұл алдағы уақытта, аманшылық болса іске асады. Мұның барлығы жүзеге асатын болса, шағын және орта бизнестің де белгілі мөлшерде қанат жаюына септігін тигізер еді.
Сосын қала тұрғындары мен қонақтардың Ертіс жағасында шомылуына жағдай жасасақ деген жоспарымыз бар. Қазіргі пандемия жағдайы адамның иммунитетінің мықты болу керегін көрсетті. Сондықтан жағажайларды қызмет түрі мен адам демалуға ыңғайлы орындарды барынша дамыта түспек ниеттеміз. Егер осының барлығы дұрыс жолға қойылса ешкім де шекара асып, демалуға кетпес еді. Себебі бізде табиғаты тамаша өңір көп. Қарағайлы, таулы, сулы табиғаты сұлу өлкемізді туристерге ыңғайлы етіп жасақтасақ деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біз қазір қалалық жерлерде денешынықтыру алаңдарын көптеп жасақтадық. Бір өкініштісі, бірнеше жыл тұрған соң олар сынып, алаң тозады. Сондықтан біз осы алаңқайлардың иесі болса деп ойлаймыз. Спортпен шұғылданатын азаматтарға әрбір спорттық алаңды жауапты етіп беріп қойсақ, сосын олар сол маңайдағы адамдарды жинап денешынықтыру жаттығуларын өткізіп тұрса, ол жердің иесі болғандықтан алаңдар тозбайды. Біз алаңға ие болып, халықты спорттық шараға жұмылдырып отырған азаматтарға белгілі мөлшерде еңбекақы қарастыратын боламыз. Ең бастысы, халықтың дені сау, денесі ширақ болғаны. Сонда ғана бәсекеге қабілетті ұлт бола аламыз.
– Кезінде Семей шаһарында өнеркәсіп орындары көп болды. Қазір олардың жағдайы не болып жатыр?
– Бұрынғы тоқтап тұрған «Семей су» зауытының орнына тәулігіне 1 000 тонна күнбағыс майын өндіретін зауыт салынып жатыр. Ол зауыт өнімді қалдықсыз өңдеп шығарады. Мәселен, күнбағыстың қабығы-нан малдың, құстың жемін жасайды. Бұл зауытта 250 адам жұмыс істейді деп жоспарлануда. Зауыт іске қосылған соң өнімді шикізат ретінде емес, даяр өнім ретінде нарыққа шығара аламыз. Мемлекеттің бізге қойып отырған талабы да осы. Өнімді шикізат түрінде емес, дайын өнім ретінде нарыққа шығару. Тері өңдеу зауыты да қайтадан іске қосылып жатыр. «Семей-құс» фабрикасы да биыл қайтадан жұмысын бастағалы тұр.
– Бұлардың қайта іске қосылуы үшін қандай да бір қаржылық көздерден қаражат қарастырылған ба?
– Біріншіден, бұл зауыттар кәсіпкерлердің жеке қаржысы есебінен іске қосылады. Ал біз мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында ол өндіріс орындарының коммуналдық шығындарын азайтуға көмектесеміз. Мәселен, электр энергиясы, тұтынған суы дегендей шығындарға қол ұшын береміз. Сонымен қатар шикізат тауып беріп, кәсіпкерлермен келістіреміз. кәсіпкерлерді қолдауға арналған Мемлекет тарапынан берілетін пайызы төмен қаржылай қарыздар бергіземіз.
– Ірі өндіріс орындарынан басқа шағын және орта кәсіп иелерінің жағдайы қалай?
– Шығыс Қазақстан облысы республика бойынша шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысы жөнінен алдыңғы орындарда жүреді. Семей қаласында 20 831 шағын және орта бизнес өкілі бар. Олар тұрақты жұмыс істеп тұр. Біз шаруа қожалық иелері мен жеке кәсіпкерлердің барлығына «Атамекен» бизнесті қолдау орталығы арқылы жеңіл пайызды несилер алып береміз. Бизнесті қолдау орталығы арқылы жеке кәсіпкерлерді қайта оқытып, бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйретеміз. Екінші деңгейлі банкілер, қаржы орталықтары арқылы берілетін несиелерді, гранттарды ұсынамыз. Кәсіпкерлерге үнемі хабарландырулар беріп, кәсібін жүргізуге жол көрсетіп, мүмкіндік жасаймыз. Қарыз алғысы келетін немесе білімін жетілдіруге ынталы кәсіп иелері болса әрдайым қолдаусыз болмайды. Облыс әкімі Даниял Кенжетайұлы шағын және орта бизнестің ілгері басуына ерекше назар аударып отыр. Себебі шағын және орта бизнес дамымай, ол өңір де алға баса алмайды. Былтыр және оның алдыңғы жылдары гранттар мен жеңіл пайызды несиеге қол жеткізе алмай қалған азаматтардың құжаттарын жинап, қайта қарап жатырмыз. Не себептен көмек көрсетілмегенін анықтаймыз. Егер бизнес жоспары тиімсіз деп көретін болсақ, басқа сала бойынша кәсіп жүргізуге жол нұсқаймыз. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлікпен айналысамын деген бірде-бір адам ескерусіз қалмайды.
– Семей өңірінің жері ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Қазір қала шетіндегі кенттер мен ауыл тұрғындары бірлі-жарым азғантай мал ұстауға мүмкіндігі бар ма? Себебі еліміздің көптеген өңірінде жеке қожалық иелері ауылдың іргесіне дейінгі жерлерді жеке меншікке алып қойғандықтан, ауыл халқының малы жайылатын жайылым жер жоқ.
– Біз ауыл шетінен шамамен 5 шақырымға дейінгі жерлерді ауыл тұрғындарының малы жайылатын ортақ жер деп көрсетіп отырмыз. Одан әрі кеткендегі жерлер ірі шаруа қожалықтарының жерлері. Олар да қожалықтарын ауыл іргесінде ұстағысы келеді. Бірақ ауылдың қоғамдық кеңесі, әкімшілігі бар, барлығы бірігіп дұрыстап ақылдасу қажет. Содан кейін ауыл ішіндегі тұрғын неше басқа дейін мал ұстауға болады деген сұрақтарды талқылап, шешуі қажет.
Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ, Арнайы Túrkistan газеті үшін Семей қаласынан