209
Қарағандыда жаңа нан зауыты ашылады
Қарағандыда жаңа нан зауыты ашылады
«Даму» қорының қолдауымен салынып жатқан жаңа кәсіпорынның іргетасы биылғы жылдың сәуір айында қаланған болатын. Жаңа зауытта қалыпты нан және батон шығаратын автоматты екі жүйе болмақ. Тағы екеуі бөлке нан мен тоқаш пісіруге арналады. Сонымен қатар, кондитер және қабаттама цехтары да салынуда. Зауыт басшыларының айтуынша, жаңа кәсіпорын конвейерінен шыққан өнімдердің бағасы басқа өндірушілердікінен жоғары болмайды. Ал сапа жағынан келгенде, мақсат – бәсекелестерді басып озу. Бұл игі істің жүзеге асырылуын зауыттағы арнайы зертхана қатаң түрде қадағалап отырады.
Нан зауыты іске қосылған кезде мұнда 400-ден астам адам еңбек ететін болады. Жұмысқа қабылданған қызметкерлерді жаңа қондырғылардың тілін білуге тәжірибелі технологтар мен инженерлер оқытатын көрінеді.
Қызмет көрсету саласына келсек, қазіргі талаптың бірі – тұтынушы нанды буы бұрқыраған ыстық күйінде алғанды қалайды. Яғни, таң атар-атпастан пештен жаңа ғана шыққан нан дүкен сөрелерінде тұруы керек. Сондықтан да мұнда өндірістің дамуы өз алдына, өнімді жеткізу мен өткізуге де баса көңіл бөлінген. Бас директордың айтуынша, нан-тоқаш өнімдерінің сатылымда жоғары нәтижеге жетуіне логистиканың ықпалы зор болмақшы. Сондықтан зауыт жанынан жөнелтім аймағы салынып, жеке көлік цехы құрылған. Оның құрамы Қазақстанда жасап шығарылған 57 жаңа нан тасушы автомобильден тұрады. Бұдан бөлек, зауыттың өз меншігіндегі тұрақты дүкендер желісі де салынбақшы. Тек қана зауыт өнімдерін сататын бұл сауда нүктелерінің саны 47-ге жеткізіледі. Олардың әрқайсысының аумағы 30 шаршы метрді құрайтын болады деп жоспарланған. Нанның дәмді болып пісуі ұнына да байланысты. Жаңа зауытқа ұн жеткізушілер қазірдің өзінде белгілі. Олардың барлығы да жергілікті астық өндірушілер. Таңдаудың бұлайша түсуі де тегін емес. Неге десеңіз, Орталық Қазақстанда өсірілетін қатты бидай сұрыбы кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі наубайханашылар арасында жоғары сұранысқа ие екен. Өндірістік қуаты тәулігіне 80 тоннаға жететін жаңа кәсіпорын облыс орталығының тұрғындарын ғана емес, серіктес қалаларды да нан-тоқаш өнімдерімен толықтай қамтамасыз ететін болады.