987
Қаржы пирамидасынан қашанғы опық жейміз?
Қаржы пирамидасынан қашанғы опық жейміз?
2020 жылы елімізде қаржы пирамидаларының саны күрт өсіп, қатарына адам қосу арқылы жүретін «бизнестен» келген залал он есе артқан. Елімізде ең алғашқы қаржы пирамидасы 1994 жылы пайда болды. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіп, қаржылық сауаттылық деңгейі өсті десек те, әлі күнге дейін табысқа кенелетініне сеніп, бар жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салатындардың саны азаймай отыр.
Ұшпаққа шығармайтын «бизнес»
Әдетте қаржы пирамидалары желілік маркетинг принципіне негізделеді. Бірақ екеуі екі басқа ұғым. Басты ұқсастығы – қатарын көбейту. Желілік маркетинг белгілі бір өнімді саудалау арқылы табыс табуды көздейді. Ал қаржы пирамидасында ешқандай өнім де, тауар да жоқ, сондықтан пирамиданың басында тұрған адам ғана бар қаржыны иеленеді. Осы қарапайым схеманы заманға сай түрлендіріп, қоғам психологиясына қарай бейімдеу арқылы қаржы пирамидалары да жаңаша сипат ала бастады. Мысалы, қазір баспаналы болуға көмектесеміз, өзіңе және жақындарыңа әлемнің түкпір-түкпіріне су тегін саяхаттауға мүмкіндік береміз дейтіндер көп. Оған қоса бизнесте жетістікке жеткіземіз деп үгіттейді. Себебі бүгінде кәсіп ашып, ісін дөңгелеткісі келетіндердің қарасы көп. Соған қарамастан, қаржы пирамидасын мына белгілер арқылы тануға болады.
Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті олардың ең басты белгісі үлкен пайда түсетініне сендіру екенін атап өтті.
Екінші белгісі – компания нақты экономикалық немесе инвестициялық тұрғыда жұмыс атқармайды. Яғни қаржы пирамидалары әдетте тауар өндіру не сату, несие беру, құрылыс немесе құрылыс компанияларының затын сату арқылы жұмыс істейді.
Үшінші белгі – мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни мұндай компаниялар қаржылық есептілігі жоқ, келісімшарт жасаспайды, келісімшарт болса да, ұйымдастырушылардың өз пайдасына жасалған және еліміздің заңнамасына сәйкес келмейді.
Пирамиданың төртінші белгісі – компанияның жан-жақты қызметі, ол тұтастай алғанда өздерінің белгілі бір нәрсемен айналыспайтынын жасыруға бағытталған.
Бесіншісі – әлеуметтік желілердегі, ғаламтордағы жарнамалар. «Жарнама туралы» заңға сәйкес, БАҚ-та осындай жарнамалардың таралуына тыйым салынуына байланысты осы «бизнестің» барлығы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатыр.
Алтыншы және өте маңызды белгісі – қаржылық реттеуші лицензиясының болмауы. Егер сыйақы мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілсе, кез келген салымды депозит деп тануға болады. Халықтан салым қабылдауға Ұлттық Банктің лицензиясы талап етіледі, ол екінші деңгейдегі банктерде бар. «ҚР Екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңға сәйкес, банктер салынған қаражаттың қайтарылуына кепілдік береді.
Қаржы мониторингі комитеті жоғарыда аталған белгілері бар күмәнді ұйымдарға ақша салуға болмайтынын тағы бір ескертіп өтті. Алайда, соңғы бірнеше жылда қаржылық сауаттылыққа қатысты насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп, сарапшы мамандар күмәнді инвестициялардың қауіпті екенін ескертсе де, алданған халықтың саны еселеніп отыр. Оған не себеп?
Оңай олжаға неге үйірміз?
Бас прокуратураның ресми статистикасына сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде қазақстандықтар қаржы пирамидаларына салым салып, 14 млрд теңгеден астам ақшадан айырылған.
Сарапшылар мұның басты себебі экономикалық жағдайдың нашарлауы екенін алға тартады. Табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болған адамдар ақша табудың кез келген жолын қарастырады. Оңай жолы болса, тіпті құба-құп. Бұған 2019-2020 жылдар аралығында 26 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен «Гарант 24 Ломбард», «Estate ломбард», «Тиімді қарыз» қаржы пирамидалары мысал бола алады.
Қазақстанның электрондық үкіметі Egov порталында жарияланған полицияға жазылған арыздарда да, жәбірленушілердің көптеген шағымдарында да адамдардың басым бөлігі «алаяқтар біздің қаржылық тұрғыда көп нәрседен хабарсыздығымызды пайдаланды» деген екен. Алданғандар өрескел қателіктер жіберді, алдын ала оқып, таныспастан құжаттарға қол қояды, мүлде жоқ сандық валютаны электронды қызметтер арқылы сатып алды, шетелдік компанияларға, оффшорлық шоттарға ақша аударды.
Оған қоса, қаржы пирамидалары адам жинау кезінде түрлі психологиялық, манипуляциялық әдістерді қолданады. Ол адам сіздің ең жақын құрбыңыз, досыңыз, сыныптасыңыз, тіпті туысыңыз болуы әбден мүмкін. Алданғандардың көбісі жақын адамының кеңесін жат көрмегендіктен опық жейді.
Қаржы пирамидасына кіру, әдетте ерікті түрде болады. Бірақ пирамида мүшелері еріксіз дүниені ерікті нәрсеге айналдыру мақсатында жұмыс істейді. Оған қоса, 127-ші қылмыстық бап бойынша ресми статистика 2015 жылдан бері жүргізіліп келе жатса да, бұл проблеманың ауқымын толық көрсетуге қауқарсыз болып отыр. Қаржы пирамидасының белгілері байқалған көптеген қылмыстық іс басқа баптар – «алаяқтық», «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «трансұлттық қылмыстық ұйым құру» және тағы да басқа сипаттар бойынша қозғалып, тіркеледі.
Әйтсе де, осы сипаттың барлығы кездескен, қаншама рет қылмыстық іс қозғалған қаржы пирамидасы сипатында жұмыс істейтін кей компаниялар әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
«Тірегі мықты»: Qnet-ке сот жоқ па?
2020 жылғы қыркүйекте ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Qnet компаниясының жұмыс жүргізуінде қаржы пирамидасының барлық белгілері бар екенін хабарлаған болатын. Оған қоса Qnet компаниясына қатысты ҚР ҚК-нің «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету» бабы бойынша 20 қылмыстық іс тергеліп жатқанын да қосты. Бұл компанияның төңірегіндегі дау 10 жылдан бері толастаған емес. Бірақ компания әлі күнге дейін жұмысын тоқтатқан жоқ.
Компания өкілдерінің сөзінше, Qnet Әділет министрлігіне тіркелген, заңды жұмыс істейді. Бірақ ол, компанияға сенім артуға болады деген сөз емес. Алғашында компания жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелуі мүмкін. Одан кейінгі компанияның бағытын, немен айналысатынын Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі сияқты лауазымды органдар тексереді.
Осы мәселеге байланысты Қаржы мониторингі агенттігіне сауал жолдадық. Алайда, комитет ҚІЖК-нің 201-бабы бойынша компания туралы нақты мәлімет бере алмайтындарын айтты. Тек осыған байланысты 2 іс тексеріліп жатқанын айтты.
Ғаламторда аталған компаниядан зардап шеккендердің шағымдарынан көз сүрінеді. Тек біздің елде ғана емес, көрші Ресейде де алданғандар өте көп. Тіпті Qnet «құрбандарының» басын біріктірген түрлі форумдар, топтар да ашылған. Ондағы талқыланатын басты мәселе – салған ақшаны қайтарудың жолдары. Бәрі де несие алып, қарызға белшелерінен батқан.
Саяхат картасын алып, көп елдерге саяхаттаймын, соны өзгелерге насихаттау арқылы бизнес жасаймын деп ойлаған жандардың бірі – Әсем Дүтбаева. Ол да қыруар несие алып, компанияға мүшелікке өткен. Бірақ саяхат картасының түкке де жарамағанын айтады. Өзі сияқты алданғандардың саны көп екенін, екі ай бұрын сотқа бергендерін де жасырмады. Бірақ әлі жауап келмепті. Оған қоса, компания әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді. «Не де болса тірегі мықты болып тұр деп топшылап отырмыз», – дейді ол.
Standard&Poor's америкалық рейтинг агенттігінің зерттеуі бойынша, еліміздегі қаржылық сауаттылық деңгейі 40 пайыз екен.Аңқау елге арамзалық қылған пысықайлардың әлі де талайдың аузын аңқайтып, сорын қайнататын түрі бар...