387
ОСК Ресей думасына сайлаудың қорытындысын жариялады
ОСК Ресей думасына сайлаудың қорытындысын жариялады
Жұмаға қараған түні Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы 18 қыркүйекте болған Мемлекеттік думаға сайлаудың ресми, түпкілікті қорытындысын жариялады.
Биліктің "Единая Россия" партиясы сайлау қорытындысына сәйкес 343 депутаттық орынды иеленсе, 42 мандат РФ Коммунистік партиясына, 39 мандат ЛДПР, 23 мандат "Справедливая Россия" партиясына тиді. "Родина" және "Гражданская платформа" партиялары бір-бір мандаттан алды. Сонымен бірге өздерін ұсынғандар бар. Сайлауға қатысушылар 48 пайызды құраған.
Оппозиция дауыс беруде заң бұзушылықтар орын алғанын және дауыстарды санау кезінде бұрмалаушылық болғанын мәлімдеп, сайлаудың заңды өткенін мойындаудан бас тартты.
Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова кейбір сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар болғанын мойындап, халықтың сайлауға сенімін толық қамтамасыз ете алмадық деді. Алайда, оның сөздерінше, сайлау заңды өтті. Памфилова сонымен бірге кейбір өрескел заң бұзушылықтар орын алған жерлерде сайлаудың нәтижесі алынып тасталынатынын айтты. Сайлау өткен бір жұманың ішінде шағымдарға байланысты 32 қылмыстық іс қозғалып, 9 сайлау учаскелеріндегі дауыс беру қорытындысы жойылған.