616
Келесі мен соңғы
Келесі мен соңғы
Қазақ тілінің өз сөзі болғанымен, калькаланып, мүлде басқа мағынада қолданылып кеткен екі сөз бар: «келесі» және «соңғы».
Орыс тіліндегі мәтінде «следующий» деп келгеннің бәрін «келесі» деп аударып алу үрдісі «мына, мынадай» деген сөздердің қолданыстан түсіп қалуына соқтырды.
Мысалы, «Ол келесілерді қамтиды» деп, соңынан ұғымдар не заттардың тізімі берілген жерде, орыс тілінде «охватывает следующие» болғанымен, қазақ тілінде «мыналарды» не «мына аталғандарды», «мынадай...» деп келуі керек.
Сондай-ақ «на следующий» деген тұста, оны міндетті түрде «келесі күні» деп аудару үрдісі бар. Орыс тілінде олай қолданылуына олар «на завтра» не «назавтрашний день» дегенді місе тұтпауы себеп болса, қазақ тілінде «ертеңінде» деуге еш кедергі жоқ.
Сонымен қатар «келесі жылы» (в следующем году) деген де грамматикалық тұрғыдан қате. Егер әңгіме дәл осы жылдан кейін келетін жыл (ай, апта) туралы болса, онда «келер» деп қолдану керек. Ал бұрын өтіп кеткен оқиға туралы айтылғанда, «келесі» деп қолдануға болады. Мысалы, «Биыл көрсеткіш осындай болса, келер жылы басқаша болады деген жоспар бар» немесе «2005 жылы көрсеткіш ... болды, ал келесі жылы (яғни, 2006 жылды айтып отырмыз) .... болды».
Сондай-ақ уақытты, мерзімді айтқанда, «келесі» сөзіне балама «ендігі» деген сөз бар. Мысалы, «Ендігі жылы, ендігі айда, ендігі аптада». Орыс тілінің бір сөзіне байланудың кесірінен, осы сөзіміз қолданыстан түсіп қалып отыр. Мысалы, «Келесі кездескенде айтып беремін» дегенді «Ендігі кездескенде» десе, орысша кальканың иісі шығып тұрмайтын сөйлем болар еді.
«Соңғы» сөзі де орыс тілінен калькаланып, жаппай қолданылып, соның салдарынан «соңғы уақытта» деген калька тіркес пайда болды. Бұл – «в последнее время» дегеннің калькасы, ал қазақ тілінде дұрысы «кейінгі кезде» екенін ұмыттық. Бұл сондай-ақ «кез» деген сөзді де ұмыттырып, бар жерде «уақыт» деп қолдануға да себеп болып отырған қате.
Ал қазақ тілінде нақты соңғы емес, бірақ осыған дейін болған уақытты, оқиғаны айтқанда «кейінгі» сөзі қолданылады. Өйткені, «соңғы» – ақырғы деген сөз. Мысалы, «за последние пять лет» деген – соңғы бес жылда емес, кейінгі бес жылда. «За последний
год» – кейінгі жылы.
«В последний раз» – соңғы жолы емес, кейінгі жолы.
«В последнем интервью» – (марқұмның соңғы сұхбаты болмаса), соңғы сұхбат емес, кейінгі сұхбат.
Назгүл ҚОЖАБЕК