Партиялар «парады»

Партиялар «парады»

Партиялар «парады»
ашық дереккөзі
289
2021 жылғы 10 қаңтарда қазақстандықтар Мәжіліс депутаттарын сайлайды. Соңғы 17 жылда алғаш рет өз уақытында өткелі отырған бұл саяси додадан сайлаушылардың  күтері көп. Ең әуелі Парламент құрамы жаңарып, заң шығарушы органға жігерлі жастар, халықтың мұң-мұқтажын білетін, ел ішіндегі түйткілдердің түйінін тарқата алатын азаматтар келер деген үмітте. Төменгі палата қалғып-мүлгіп отыратындардың ортасы емес, ел дамуына мүдделі партиялардың қызу талқы алаңы болғанын қалайды. Халықтың көксегені бола ма, әлде Мәжіліс қайтадан «көз көргендерден» жасақтала ма? Биылғы сайлауда қандай өзгерістер болады? Партиялардың додаға дайындығы қалай? Олардың көбі неге сайлау науқаны кезінде ғана белсенді? Осы сауалдарға жауап іздемекпіз.

Қаңтардағы сайлаудың ерек­шелігі көп

Тәуелсіздіктің 29 жылында Қазақстанда 7 рет Парламент сайлауы өткен екен. Оның 5-еуі кезектен тыс болған. Қазір Мәжілісте алтыншы шақырылым депутаттары отыр. Бұл құрам 2016 жылы 20 наурызда өткен сайлаудан соң жасақталған. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Парламент Мәжілісінің құрамына енді. Олар: Nur Otan партиясы (82,20%), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18%) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (7,14%). Ал тағы 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне алға­шында Бақытқожа Ізмұхамбетов төрағалық еткен еді. Ол өз өкілеттігін 2016 жылы маусымда тоқта­тып, оның орнын Нұрлан Нығма­тул­лин басты. Ол төменгі палатаға төрт жыл бойы жетекшілік етті. Конституциямызға сәйкес, жетінші шақырылымдағы Парламент сайлауы 2021 жылғы 21 қаңтардан кешікпей өтуі тиіс болған. Сайлау Мәжіліс өкілетті­лігінің аяқталуына 5 ай қал­ған­да жария­ланады. Сосын 2 айдан кешіктірілмей сайлау өтуі тиіс. «Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демо­кра­­тияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдын­дағы платформасын әзірлеуіне, партия­лық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды. Орта­лық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады», – деді Мемлекет басшысы халыққа жолдаған үндеуінде. Президент сайлаудың жаңаша сипатта өтетінін айтты. Біріншіден, парламенттік оппозиция институты енгізіледі. Мысалы, Мәжілістегі тұрақты комитет­тердің бірінің төрағасы, екеуінің хатшысы оппозиция депутаты болуы тиіс. Парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кем дегенде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастама көтеріп, жоқ дегенде екі үкіметтік сағаттың тақыры­бын бекіте алады. Екіншіден, парламенттік тәжіри­беміз­де тұңғыш рет әйелдер мен жастар­ға 30 пайыздық квота енгізілді. Мәселен, қазір еліміз бойынша 3 мыңнан астам мәслихат депутатының 2,7 пайызы ғана жастар. Үшіншіден, 10 қаңтарда мәсли­хаттарға да сайлау өтеді және олар ал­ғаш рет партиялық тізім бойынша жасақ­талады. «Бұл партиялардың өз пози­цияларын елдің саяси жүйесінде ны­ғайтуға қосымша мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сайлау шығыны – 15,3 миллиард теңге

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлау науқанына арналған бюджеттік шығыстар сметасы – 15,3 миллиард теңге. «Соның ішінде Үкіметке ұсынылған, 2020 жылға арналған шығыстар сметасы шамамен 10,8 миллиард теңге болып отыр. Негізгі сома – 7,3 миллиард теңге немесе жалпы шығыстың 68 пайызы сайлау комиссиясының 70 681 мүшесінің еңбекақысын төлеуге кетеді. Қалған 3,5 миллиард теңге немесе 32 пайызы сайлау комиссияларының ұйым­дас­ты­рушылық шығыстарына жос­парланған. Бұған бюллетеньдерді дайындау, полиграфиялық және басқа да медиа­өнімдер жасату, жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, сон­дай-ақ сайлау комиссиялары үшін қажетті материалдық-техникалық жағ­дай­лар туғызу жатады», – дейді Орта­лық сайлау комиссиясының хатшы­сы Сабила Мұстафина. Бұл жолғы сайлау науқанының ерекшелігі – оның коронавирусқа қарсы шектеу шаралары аясында өтетіні. Бұл да бюджетке қосымша жүктеме: барлық деңгейдегі сайлау комиссиясы мүшелерін жеке қорғаныш заттарымен жабдықтау үшін 341,4 миллион теңге жұмсалмақшы екен. Бұдан басқа, келер жылдың бюд­жетінде сайлауға тағы 4,5 мил­лиард теңге қарастырылған. С.Мұстафи­на­ның мәліметінше, ол қаржы толы­ғы­мен дерлік сайлау комиссиялары мүше­ле­рінің жалақысына арналады. Орталық сайлау комиссия төра­ғасының орынбасары Констан­тин Петровтың айтуынша, партиялардың өз кандидаттарын ұсынуы биылғы 10 қарашадан 30 қараша күнгі 18.00-ге дейін жүреді. Яғни, 1 желтоқсанда қай партиядан қандай тұлғалар додаға түсетіні толық анықталады. Әзірге белгілісі – аламанға бес партияның қатысатыны: «Nur Otan», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік» (Adal), Қазақстан Ком­мунистік Халық партиясы (Халық пар­тиясы). Ал бастапқыда додаға түсетінін мәлімдеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өткен аптада сайлауға қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

«Nur Otan» өз уәделерінің 96 пайызын орындады

«Қоғамдық пікір» зерттеу институты­ның өткен айда жүргізген сауална­масының қорытындысына сүйенсек, «Егер сайлау келесі жексенбіде өткізілсе, онда сіз қандай саяси партияға дауыс бересіз?» деген сұраққа респонденттердің басым көпшілігі, яғни 72,1 пайызы «Nur Otan» партиясына дауыс беретінін айтқан. Сауалнамаға қатысқан 1 200 адамның 5,1 пайызы «Ақ жол» партия­сына қолдау білдіруге ниет білдірсе, ҚКХП-ға – 2,9 пайыз, «Ауыл» партиясына – 2,7 пайыз, ЖСДП-ға – 2,3 пайыз, «Бір­лік» партиясына (Adal) – 1,9 пайыз рес­пондент таңдау жасаған. Ал сауал­нама қатысушыларының 13 пайызы қай партияға дауыс беретінін әлі анықта­ма­ға­нын айтыпты. Әрине, бұл цифрлар елдегі қазіргі саяси көңіл күйдің көрсеткіші бола алмайды. Сайлау қорытындысы бұдан әлдеқайда алшақ болуы мүмкін. Десе де, «Nur Otan» партиясының сай­лауал­ды үгіт-насихат басталмай тұрып-ақ көптің сеніміне ие болуы ешкімді таңғалдыра қоймады. Өйткені «Nur Otan» тек электораттық кезеңде оянатын көп партиялар секілді қалың ұйқыда жатқан жоқ. Өткен сайлауда халық артқан сенімді ақтау үшін партия бар күш-жігерін сайлауалды бағдарлама­сындағы мақсат-міндеттерді орындауға жұмылдырды. Соңғы 4 жыл ішінде «Nur Otan» партиясының «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасында берілген уәделердің 96 пайызы орындалған. Партияның биылғы пандемия және табиғи апаттар кезіндегі ізгілікті істері қоғамның көз алдында. Ал ел тарихында тұңғыш рет өткізілген праймериз «Nur Otan»-ның күрделі өзгерістерге ашықтығын, ел дамуына үлес қосам дейтін кез келген азаматқа төрін ұсынуға дайын екенін көрсетті. Бәзбіреулер праймеризді партияның кезекті пиары деп әдіптесе де, партияішілік сайлау нәтижесінде елге тұтқа болуға лайықты ең таңдау­лылар іріктелгеніне халық шүбә келтір­ген жоқ. Ал өзге партиялар ше? Өткен сайлаудан кейін көбінің аты естіле қойған жоқ. Бірі жаңа сайлау науқанына дейін өзіне ұзақмерзімді демалыс жарияласа, енді бірі арагідік белсенділік танытып жүр.

Adal – партияның аты

Сайлау науқаны басталғанда бар екенін білдірген партиялардың бірі – «Бірлік» партиясы. Партия жаңа сайлауға дайындықты ребрендингтен бастады. Бұдан былай «Бірлік» емес, Adal деп аталмақ. Серік Сұлтанғали төрағалық ететін бұл партияға 53 мыңнан астам адам мүше. 2016 жылғы сайлауда Adal ең аз 0,29% дауыс жинап, Парламентке өтпей қалған еді. Сол сәтсіздіктен кейін адалдықтар қоғам өмірінің ешбір саласында белсенділік танытқан жоқ. Тіпті, күні бүгінде дейін партияның жеке сайты да болмаған. Жаңа сайлау нау­қанында бұл кемшілік кешірілмей­тінін түсінсе керек, өткен аптада Adal-дың жаңа порталы іске қосылды. Порталда партияның сайлауалды бағдарлама­сының жобасы жұрт назарына ұсыны­лыпты. Құжат бес бағыттан тұрады: Халық­тың өмір сапасын көтеру; Кәсіп­керлік – дамыған мемлекеттің іргетасы; Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беру; Өңірлердің өркендеуі – қуатты мемлекет діңгегі; Өмірге қолайлы мемлекет. Adal партиясының 19 қарашада өткен VII съезінде депутаттыққа ұсынатын 20 кандидатының тізімін таныстырды. Тізімге қарап ұққанымыз – партия есімі елге белгілі азаматтар – артында қалың оқырманы, көрермені, жанкүйері бар өнер, спорт, ақпарат саласының өкілдері арқылы ұпай жинап, халық алдындағы сүйкімін арттыруға бекінген секілді. Атап айтсақ, Adal-атынан додаға түсетін үміткерлер қатарында белгілі тележурналист Мақсат Толықбай, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, журналист, әлеуметтік желіде жұртты аузына қаратқан танымал блогер Дәулет Мұқаев бар. Адалдықтар ешқашан негізсіз уәде­лерімен назар аудартпағанын айт­қан партия төрағасы Серік Сұлтан­ғали: «Біз біреудің көңілінен шығу қажет деген ұстаныммен жүрмейміз. Біздің партия – нақты істің көрсеткіші», – деді съезде. Сайлаушылар сол көрсеткішті тезірек көруге асық. 2002 жылы құрылған «Ауыл» халық­тық-демократиялық патриоттар пар­тиясын да көпшілік «сайлаудан сайлауға дейін» өмір сүретін партия санатына қосады. Алайда саяси ұйымның бас­шысы, Сенат депутаты Әли Бектаев­тың пікірі әсте олай емес. «Казахстанская правда» басылымына берген сұхбатында партия төрағасы «Ауылдың» өңірлерде жоғары беделге ие екенін айтыпты. Парламенттік партияға айналуды мақсат етіп отырған партияға бүгінде 300 мыңнан астам адам мүше. Аграрлық секторға қолдау көр­сетуді, ауыл еңбеккерлерінің құқығын қорғауды жұмысының негізгі бағыты еткен «Ауыл» партиясы 2016 жылғы сайлаудан кейін белсенділігін азайтқанымен, ел назарынан мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы бастамаларына үн қосып жүрді. Мәселен, 2017 жылдың қарашасында партиялық­тар Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаласы аясындағы жол картасын талқылау үшін конферен­ция өткізген. Ауыл шаруашы­лығы министірі­нің орынбасары партия акти­віне бағдарламаның жүзеге асырылу барысы жайлы ақпарат ұсынды. Сол арқылы «Ауыл» партиясы бағдарламаның өңірлерде кеңінен насихатталуына үлес қосты. 2019 жылы Жастар жылы аясында «Ауыл» мүшелері Ауыл жастарының I республикалық форумын өткізді. Сон­дай-ақ партия төрт жыл қатарынан «Ауылым – алтын тұғырым» атты жас ақын-жазушылар байқауын ұйымдас­тыр­ғанын атап өткен жөн. Бүкіл рес­пуб­лика аумағында өткізіліп жатқан «Өз ағашыңды отырғыз» акциясының бастамашысы да – «Ауыл» партиясы.

Компартия өз күшіне сенімді

Ал 2016 жылғы сайлау нәтижесі бойынша Парламенттен орын алып, елдің саяси өміріне белсене араласу мүмкіндігіне ие болған «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан коммунистік халық партиясының қандай бастама көтергенін, не атқарғанын, берген уәде­лерінің қайсын орындап, қайсын орын­дамағанын халық жақсы біледі. Екі пар­тия да өткен жылы өткен президент сай­лауына өз кандидатын ұсынды. «Ақ жолдың» үміткері Дания Еспаева сайлаушылардың 5,05 пайыз дауысын жинаса, коммунистік партияның атынан додаға түскен Жамбыл Ахметбеков 1,82 пайыз дауысқа ие болды. Президент сайлауындағы сәтсіз­дікке қарамастан, қос партия да бет алған бағытын өзгертпей, еліміздегі заң шығару ісіне белсене араласты. Өзгергені – компартияның атауы ғана. Бұдан былай партия «Қазақстанның халық партиясы» деп аталмақ. «Қазақ­станның халық партиясы» болып өзгеру – коммунистік идеологиядан кету деген сөз емес, партияның әлеуметтік мәсе­ле­лер­ге көп мән беруіне байланыс­ты» – дейді бұл партияның жетекшілері. Мәжілістегі Қазақстанның халық партиясы фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров партияның Парламентке өтетініне шүбә келтірмейді. «Біз үшін 7 пайыздық кедергіден өту мүлдем қиын емес. Біз Парламенттен мүмкіндігінше көбірек орын аламыз деп үміттенеміз. Өйткені бүкіл әлемде солшылдар саясаты өзекті болып барады. Менің ойымша, Қазақстан да осыдан тыс қалмайды. Экономикалық жағдай қазір күрт нашарлап бара жатқанын ескерсек, адамдар неге олай болып жатыр деп ойлана бастайды», – дейді ол.

Парламент құрамы қаншалықты жаңарады?

10 желтоқсанда партиялардың сайлауалды үгіт-насихаты басталады. Бұрынғыдай емес, қазір халық үйіп-төгіп бос уәде беретіндер мен айтқан сөзінде тұратындардың аражігін айыра алатын болды. Демек, бұл жолы қолынан іс келетін партиялар ғана суырылып шыға­ты­нына сенім мол. Ел үшін маңыз­дысы – қай саяси ұйымның жеңетіні емес, халықтың көксейтіні – Парламенттің күшеюі. Парламент күшеюі үшін Мәжіліс құрамы жаңаруы тиіс. Алтыншы шақы­ры­лымдағы Мәжіліс құрамына алдыңғы шақырылымнан 43 депутат кірген болатын. Сөйтіп, Мәжіліс құрамы 60 пайызға жаңарды. Сарапшылардың болжамынша, осы жолы да 30-50 аралы­ғында тәжірибелі депутат төменгі палата құрамына қайта енуі мүмкін. «Мәжіліс құрамы 100 пайыз жаңаруы тиіс» деген пікірлер де айтылуда. Алайда саясаттану­шылардың пікірінше, толық жаңарған Парламент сапалы жұмыс істей алмауы мүмкін. Заң шығару ісінің қағидаларын түсіндіретін, өз түйгенін бөлісетін тәжірибелі азаматтардың депутаттық корпуста болуы маңызды. Бұған талас жоқ. Десе де, халыққа бере­рін берген зейнет жасындағы қазіргі депутаттардың орнына бойында қуаты мен жалыны бар жастар келсе, ел үшін әлдеқайда пайдалы болар ма еді? Ақсақалдардың ақыл айтып, кейінгіге кеңес беріп отыратын шағы емес пе? Қазіргі Мәжіліс депутат­тарының тең жартысы зейнеткерлер екенін ескерсек, әйелдер мен жастар квотасын 30 емес, 40 пайызға көтерсе де артық етпейтін секілді. Парламентте есім-сойларын еш­кім естімеген, қанша жыл «халық қалаулысы» атанып жүрсе де, ел есінде қалатындай бастама көтермеген депутат­тар да аз емес. Ел алдына шығып, екі ауыз сөз айтпаса, қоғам мүддесі үшін іліп алар ілкімді іс тындырмаса, заң шығарушы органда не істеп отыр деген сұрақтың тууы заңды. Жаңа сайлаудан соң мұндай сауалдар көтерілмейді деп сенеді жұрт. Қаңтардағы сайлаудан халықтың тағы бір күтері – Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінде сөй­лейтін Парламенттің жасақталуы. Мемлекет құраушы ұлттың тілінде шүлдірлемей, қағазға қарап жалтақтамай сөйлейтін депутаттарға төр бұйырса, елдің Парламентке сенімі де, құрметі де артары даусыз. Тәуелсіздіктің 29 жылында елімізде тек екі заңның ғана қазақ тілінде дайындалуы мемлекеттік тілдің мансұқталуы емей немене?! Оның бірі – Әкім Ысқақтың ықпалымен әзірленген «Көші-қон туралы» заң болса, екіншісі – Фариза Оңғарсынованың бастамасымен дайындалған «Бала құқықтары жөніндегі» заң. Ал оған дейінгі, кейінгі заңдардың барлығы орыс тілінде дайындалып, кейіннен қазақша­лан­ған. Онда да тәуір аударманы кезік­ті­ру қиын. Міне, халықтың осы талап-ті­лек­тері орын­далса ғана кезек­ті сайлауды нәти­желі өтті дей алармыз, сірә... Ал елдің күткені болмаса, саяси науқанға бөлінген миллиардтар­дың желге ұшқаны.    

Серіктес жаңалықтары