Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде жан тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол өз жазбасында бұл істің ашық талқылануына қарсы тараптардың бар екенін айтып, соған қарамастан шындық үшін күресті жалғастыратынын жеткізген.
"Тәуекел! Мен өз әрекеттерімнің маған қосымша қауіп төндіретінін түсінемін. Бұл туралы мені бірнеше рет ескертті, өйткені құқық қорғау органдары да, қорғау тарапы да бұл істің жария болғанын қаламайды. Бірақ менің бір айтарым бар: бізден ең қымбатымыздан айырды. Ендігі мақсатымыз – әділдік. "Нұрай ісі" халықтың ісіне айналды, шындық үшін соңына дейін барамыз. Сіздерден өтініш: бейжай қалмаңыздар. Бізді қолдаңыздар. Бірге біз күштіміз", – деп жазды Сұлтан Серікбай.
Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті екі күннен кейін ұсталған.