371
Алматылық оқушылардың арасында коронавирус неге өршіді – Бекшин түсіндірді
Алматылық оқушылардың арасында коронавирус неге өршіді – Бекшин түсіндірді
Алматыда оқу жылы басталғалы 115 оқушы коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 109 бала онлайн режимде оқыса, 6 бала дәстүрлі форматта білім алған.
Індет жұқтырған оқушылар оқыған сыныптар 2 апталық карантинге жіберілді, алайда мектептердің жұмысы тоқтатылған жоқ. Бұл туралы қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Бас санитардың сөзінше, онлайн режимде оқитын оқушылар инфекцияны кеңседе жұмыс істейтін және көпшілік жерге баратын жақындарынан жұқтырған.
"Қашықтан оқып жатқан балалардың коронавирус жұқтырып жатқаны анықталуда. Оған сабақтан тыс уақытта компьютерлік клуб немесе басқа да жабық ғимарат ішінде жүруі себеп болып отыр", - деп түсіндірді Ж. Бекшин.
Сондай-ақ, ол соңғы екі аптада қалада санитарлық талапқа сай келмейтін 11 компьютерлік клуб жабылғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұдан бұрын Жандарбек Бекшин қараша айында Алматыда коронавирус жұқтыру көрсеткіші қыркүйекпен салыстырғанда 7 есе өскенін мәлімдеген.
Жалпы, пандемия басталғалы қалада 15 876 адам коронавирус жұқтырған. Індеттен 14 740 адам емделіп шықты. Ал дерті асқынған 323 науқас қайтыс болды.