1044
Бауыржан Иманғалиев: Жүргеновті зерттеу маған аманат етілген
Бауыржан Иманғалиев: Жүргеновті зерттеу маған аманат етілген
Темірбек Жүргеновтің қайраткерлігін, одан бөлек әдеби мұрасын жан-жақты зерттеп, ғылыми айналымға енгізген бірден-бір ғалым болса, ол – Бауыржан Иманғалиев. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Бауыржан Сәбитұлының жалпы саны 4 кітабы жарыққа шығып, түрлі тақырыптарға жазған 100-ден аса ғылыми-публицистикалық мақалалары баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып келеді. Қазақ зиялысы, қайраткер Темірбек Жүргеновтің мұрасын, өмір жолын тыңнан зерттеген ғалыммен сұхбаттасқан едік.
– Қазақ тұлғадан кенде емес. Қай-қайсының болмасын еңбегі де, білімі де ұшан-теңіз. Сол үркердей шоғырланған қазақ зиялыларының ішінде Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік қырын, тұлғасын, өмір жолын өз еңбектеріңізге арқау етуге не себеп болды? Жалпы, жүргеновтануға қалай келдіңіз?
– Жүргеновтану әлеміне мен жас кезімде келдім. Бала күнімде анам сандығын ашып жатқанда ішінен ескі қара папка көретінмін. Кейін ол не папка екенін сұраймын. Ол кезде айтпайтын. Сосын менің қызығушылығым тіптен арта түсетін, неге айтпайды, сыры неде деп ойлайтынмын. Кейін көп нәрсе ашық айтыла бастады, жаймашуақ заман туды. Еліміз тәуелсіздік алып, тарихымыздағы ақтаңдақтар ашыла бастаған кез. ҚазМУ-ға оқуға түскен мені әкем шығарып салып тұрып: «Сен қазақ мәдениеті мен білімін биік деңгейге көтерген мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің жақын ұрпағысың. Мынау папкада текті атаңның жазған еңбектері бар. Сол кісінің мұрасын зертте, халық білсін. Бұрын біз саяси жағдайларға байланысты Темірбек Жүргенов есімін ашық айта алмадық. Егемендіктің арқасында арыстарымыздың ардақты есімі қазір қайта оралып жатыр. Енді Темірбек атаңның мұрасын зерттеуді саған аманат етіп тапсырдым», – деген еді. 1937 жылы репрессияға ұшырап, ұсталып кетіп бара жатқанда менің атам Иманғалидың қолына ұстатып кеткен екен. Солайша, атам мен әкемнің аманаты арқылы осы саланың соқпағына түстім.
Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Себебі білім, ғылым жолында үлкен ұстаздардың көзін көрдім, дәрістерін тыңдадым, жас оқытушы болып ақыл-кеңестерін, батасын алдым. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, профессор Тұрсынбек Кәкішев, Алтай Аманжолов, Алма Қыраубаева, Мырзатай Серғалиев, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов секілді отандық әдебиеттану мен журналистика ғылымына еңбегі сіңген ірі ғалымдардың лекциясын тыңдап, санамызға сіңірдік. Осы кісілердің ішінде Зейнолла Қабдолов ұстазымның мен үшін орны бөлек.
1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітіріп, аспирантураға түстім. Бір жылдай диссертация тақырыбым бекімей созылып кетті. Ғылыми жетекшім басқа оқу орнынан болатын. Маған ұсынған тақырыбы көңіліме қонбады. Ойымда, жүрек түпкірінде тек Жүргеновті зерттеу, халыққа таныту болды. Үш жылдық аспирантура мезгілінің уақыты да сырғып өтіп жатты. Бір күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Бағдат Кәрібозов ағаммен ғылыми тақырыбым жөнінде ақылдастым. Бәкең менің жағдайымды білген соң, «Бауыржан, мен сені өзімнің ғылыми жетекшім Зейнолла Қабдоловпен кездестірейін» – деді.
Келіскен уақытта академиктің кабинетінде жолығып, мән-жай белгілі болғасын, Зекең, «Ғылыми тақырыбыңды жетекшің жылға жуық бекітпей әбден сүрлеген екен» деп бір күліп алды. «Нарком Темірбек Жүргеновтен кандидаттық емес докторлық диссертация қорғалады. Материалдар іздесең табылады. Ол үшін көп еңбектенуің керек, айналайын. Алматыдан басқа ол қызмет еткен Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне барып, архивтерде тапжылмай отырып, ізденуің керек. Бұл үлкен жауапкершілік, әрі төзімділікті қажет етеді. Жүргеновті жүргізсең ғылыми жетекшің өзім болам», – деген еді.
Жиырмадан енді ғана асқан маған бұл сөз, әрине үлкен сенім, әрі күш болды. Академик жетекшімнің берген бағыт-бағдарының арқасында бұрын ешкімнің қолы тимеген мәліметтерге қанықтым. Ешқандай тараптан тосқауыл болған жоқ. Бірақ маған бұл тақырыпты алмауға кеңес бергендер де көп болды. Тәуелді ортада тәуелсіздікке ұмтылған бабалар жайында еркін қоғамда бұғып қалуға арым жібермеді. Өйткені жетекшім «Әдебиет – ардың ісі» дейтін. Менің де өзім түскен соқпақтан жарты жолда кері қайтуға дәтім шыдамады. «Жақсыдан шарапат» дегендей Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен ғылым жолындағы еңбегімді бастап кеттім.
– Жүргеновтануды тыңнан зерттедіңіз, мұрасын алғаш ғылыми айналымға түсірдіңіз. Қиындығы көп болған шығар?
– Әрине, әу баста қиындықтар болды. Ұстазым Зейнолла Қабдолов алғашында-ақ айтқанындай, мені Өзбекстанның, Тәжікстанның, Ресейдің архивтеріне жіберді. Сөйтіп мұрағаттарда көз майымды тауысып отырдым. Одан бұрын көп қиындықтарға кез болдым. Ол жақтан дерек алу өте қиынға түсті. Сыртқы істер министрлігіне ұстазым Зейнолла Қабдолов хабарласып, арнайы хат дайындап, соның арқасында ғана, рұқсатпен мұрағат қолжетімді болды.
Солайша архивтерде айлап отырдым, орысшадан қазақшаға, төте жазудан кирилл жазуына аудардым. Елге келіп Қызылордадағы, Алматыдағы архивтерде тынбай іздендім. Өзінен ұрпақ қалған жоқ, онымен қоса маған тапсырылған аманат, зерттемесем нар тұлғаны ешкім білмей қалады ғой деп өз-өзімді қамшыладым. Өзіме уәде бердім. Ол кісінің көзін көрген ауылындағы көнекөз қариялармен кездестім. Сол архивтерде жүріп тапқан құнды дүниелерден 1 монография, 3 жинақ, 100-ге жуық ғылыми және публицистикалық еңбек жарияланды. Еңбегім еш кетпеді.
– Жүргеновтің әдебиетшілерге, тарихшыларға, жалпы зиялы қауымға беймәлім қандай қырларын аштыңыз?
– «Қалың қазақтың Жүргенові» отызыншы жылдар басында Голощекин салған лаңнан тұралап қалған қазақтың ұлттық білімі мен мәдениетінің тамырына қан жүгірткен, 400 мектеп салдырған. Тұңғыш ұлттық опера өнерін жолға қойған. Ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. Ж.Жабаев, М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, К.Бәйсейтова секілді қазақтың өнер майталмандарының шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады. Оның тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артты. Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігінің басты ұйымдастырушысы да осы қазақтың темір наркомы болатын.. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ сияқты көшбасшы білім орындарының ашылуына, Абай атындағы Опера және балет театрының салынуына тікелей ықпал еткен де Мәдениет және ағарту комиссары Жүргенов десек қателеспейміз. Шоқтығы биік азаматтың халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бұл Темірбек Қараұлының қайраткерлігінің біз білетін бір парасы ғана.
Темірбек Жүргенов ағарту саласында еліне шексіз махаббатпен, жанқиярлықпен қызмет етіп қана қоймай, халқымыздың ұлт ретінде көтерілуі үшін өзінің бойындағы бар қабілетін сарқа пайдаланды. Белгілі композитор Ахмет Жұбанов: «Жүргеновтің кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік» – деп риза болуы Наркомның өз ұлтының әдебиеті пен мәдениетіне деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартса керек. Осы орайда тарихтан білетініміздей, Алаш арыстарының әрқайсы ақын-жазушы болып қана қоймай, қайраткерлікті қоса алып жүрді. Бірі жазушы бола тұра психологиядан, ал екіншісі медицинаны қазақ тілінде жазды. Бір салада жүріп, үш-төрт саланы соншалықты сауатты білу, екі тілде бірдей еркін қалам тербеу тұлғаның терең білімді, сауатты, жан-жақты болуын қажет етеді. Міне, дәл осы қасиеттер қазақтың «темір наркомы» атанған Жүргеновтің бойында бар еді. Оның «бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде жетуге болады», деп қаймықпай ұлт намысын бәрінен жоғары қоюы да осынау біртуар тұлғаның кісілігі мен ірілігінен хабар береді. Сол кезде өзекті болған бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отырғаны өкінішті.
Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасын өзім түрлі халықаралық конференцияларда, іс-шараларда айтып келе жатырмын. Мақалаларын жинақтап, 4 кітап қылып шығарып, ғылыми айналымға қостым. Деректі фильмдерге сценарий жаздым. Әдебиетші, мықты көсемсөзші болғанын жастарға айтып жүремін.
– Жүргеновтануда ізіңізді жалғауға ынталы, ғылымға қадам басқан шәкірттеріңіз бар ма?
– Өзім Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доцентімін, студенттерім, магистранттарым көп. Жүргеновтануға келсек, ол салада да біраз зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бітіруші студенттерге диплом тақырыбын жүргеновтануға қатысты беремін. Олар Жүргенов әлемін менің еңбектерім бойынша, басқа да ақпарат көздері арқылы зерттеп жүр. Оның публицистикасы, оның көркемдік поэтикасы, шығармаларының тілі сосын оның рухани жаңғыруға, тіл, мәдениетке байланысты, тарихқа байланысты көптеген еңбектері әлі де ашылмай жатыр. Осы мәселені ескеруге тырысамын.
Одан бөлек, осы оқу орнынан бөлек көптеген жастарды тәрбиелеп келе жатырмын. Конкурстарға, олимпиадаларға қатысқан кезде оларға ғылыми жетекші ретінде немесе кеңесші ретінде көмектесіп тұрамын. Өзімнің туған жерімдегі көптеген мектептерінде Сыр бойы Жалағаш ауданымен шығармашылық байланысым бар. Оларға жетекші болып, дайындап, ақыл-кеңесімді беремін. Сондықтан, әрқашан да шәкіртерім көп деп сенімді түрде айта аламын.
– Жүргеновтің жүріп өткен жолын, өнегелі өмірі мен еңбегін елге насихаттауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
–Нұр-Сұлтан қаласынан көше берілді, конференциялар ұйымдастырдым, осылай ел азаматтарымен бірге өмір жолын, мұрасын насихаттап келе жатырмын.
Бұдан өзге Темірбек Қараұлы туралы «Темірбек Жүргенов» атты деректі фильмдердің бас кеңесшісі болып, сценарий жаздық. Бұл фильмдер бүгінде «Хабар», «Қазақстан» секілді еліміздің бас телеарналарында тұрақты көрсетіліп келеді. Өзі қызмет еткен жоғары оқу орындарында жүргеновтануды студент жастарға насихаттауды да қолға алдық. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ауылдық жерлердегі талантты балаларға жетекші болып, оларға түрлі мүмкіндіктер беретін жобамен жұмыс істеп жүрміз.
Үнемі халықаралық және республикалық ЖОО конференцияларына қатысып, ғылыми баяндама оқып тұрамын. Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Омбы мемлекеттік университеті, Қытайдың Сиань мемлекеттік университеті, Пекин мемлекеттік университетінде, сондай-ақ Еуропа мемлекеттері жоғары оқу орындарында жасаған баяндамаларға ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары.
Жалпы, жүргеновтану әлемі өте кең, аясы одан әрі кеңейеді деп ойлаймын, себебі қызығушылар өте көп. Оның мәдениет, әдебиет, тіл, ағартушылық қайраткерлігін жеке алып зерттесек, ұрпақ үшін пайдалы болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ділда УӘЛИБЕК