240
Короновирус пен пневмониядан кейін қалай оңалуға болады?
Короновирус пен пневмониядан кейін қалай оңалуға болады?
Жақында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық оңалту Ережесіне тиісті толықтырулар енгізді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы COVID-19 және коронавирус пневмониясымен ауырған науқастардың сақтандыру есебінен оңалту қызметтерін алуға мүмкіндіктері бар.
Ұлт саулығы үшін жасалып отырған қадам науқастарды аурудан келген зардапты толыққанды жойып, денсаулығын қалпына келтіруге септігін тигізбек. Асқынудан қалған белгілерден арылту үшін ауруханаларда түрлі медициналық шаралар кешені жасалады, олар тыныс алуды қалыпқа келтіруге, асқынулардың дамуын азайтуға, өмір сүру сапасын жақсартуға және мазасыздық пен депрессия белгілерін жеңілдетуге бағытталған.
Ауруханадан шыққаннан кейін дерт ауырлығына, ілеспе патологиялардың болуына байланысты пациент медициналық оңалтудың 2-кезеңіне немесе бірден 3-кезеңге жіберілуі мүмкін, ол амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, күндізгі және тәуліктік стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторий немееһсе курорттық ұйымдарда, үйдегі стационарларда, қажет болған жағдайда қашықтықтан жүргізіледі.
Айта кету керек, коронавирустан кейінгі синдром психологиялық қолдау шараларын қажет етеді.
«Егер науқаста коронавирустық инфекция болса, қанның оттегімен қанығуы 95% - дан төмен, өкпенің зақымдану деңгейі 50% - дан асса немесе бұл көрсеткіш 25% деңгейінде болса, бірақ нормадан асатын ентігу, қосалқы аурулар, оттегі керек болған емдеу реанимациясында және қарқынды терапия бөлімінде өтсе, науқас 2 кезеңдік қалпына келтіруді қажет етеді. Орташа асқынулар бар пациенттер 3 кезеңге жіберіледі» - деп мәлімдейді ӘМСҚ баспасөз қызметі.Сонымен қатар, егер көрсеткіштер болса, үйде емделіп, медициналық ұйымдарға жүгінбеген азаматтар да 3 кезеңді оңалту процестерінен өте алады. Сондай-ақ, олар мультидисциплинарлы топтың бағалауынан өтуі қажет. Әрбір пациент үшін оңалту курсы пациент ағзасының ерекшеліктерін, оның қосалқы ауруларының болуын, жасын және т. б. ескере отырып, жеке таңдалады. COVID-19 және коронавирус пневмониясымен ауырған науқастарды оңалтуға жіберудің бұрынғы оңалту тәртіптерінен өзгешелігі жоқ. Ол үшін науқас учаскелік дәрігермен кеңесу керек, учаскелік дәрігер пациенттің жағдайын бағалауға реабилитолог немесе көп салалы мамандар тобының кеңесіне жолдама береді. Тексеру кезінде тыныс алу функциясы (сатурация деңгейі, КТ/рентгенография деректері бойынша өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеттілігі (Бартел индексі) ескеріледі. Қор коронавируспен немесе пневмониямен ауырғаннан кейін оңалтуға мұқтаж сақтандырылған азаматтар үшін оңалту қызметтерін үздіксіз қаржыландырмақ. Ол үшін биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 559 жеткізушімен шарт жасасты, оның ішінде осы қызметтерді жеткізушілер қатарында 203 жеке медициналық ұйым бар. Егер емделушіге көмек көрсетуден бас тартылса немесе оның оңалту ережелеріне қатысты сұрақтары туындаса, онда пациент 1406 байланыс орталығына жүгіне алады. Онымен қоса Qoldau 24\7 мобильдік қосымшасында өтініш қалдыруға болады. Емдік оңалту шараларын алу үшін, ең бастысы тиісті медициналық көрсетілімдер мен науқастың сақтандырылған мәртебесі болуы шарт.