СҚО-да 40 оқушы коронавирус жұқтырған

Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі тәулікте 42 адамнан коронавирус анықталды.

Санитариялық-эпидемиологиялық департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 адамда COVID-19-дың белгілері бар болса, қалған 12 тұрғында ешқандай симптом байқалмаған.

Инфекцияға шалдыққандардың көбі, яғни 19 адам – Петропавлда, Қызылжар және М.Жұмабаев аудандарында сегіз адамнан, Мамлют ауданында – бес, сондай-ақ Аққайың ауданында 2 адам тіркелген. Инфекция жұқтырған 30 солтүстікқазақстандықтың ПТР-талдауын эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша алған. Бесеуі профилактикалық мақсатта және жетеуі эпидемиялық бақылау кезінде анықталды.

«Қыркүйек басталғалы 40 оқушының COVID-19 жұқтырғаны белгілі болды. Олардың 22-і штаттық режимде білім алса, 18-і қашықтан оқып жатқан. Екі жағдай мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тіркелді. Балалар топқа күнделікті барып жүрген», – деп мәлім етті баспасөз қызметі.

Облыста коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін тест тапсыруға болатын төрт зертхана жұмыс істейді. Наурыздан бері аймақта 137,5 мың талдау алынған. Жұқтырғандар саны жалпы тест тапсырғандардың 3,4%-ы. Өткен тәулікте 667 ПТР-талдау алынған.

Жалпы облыста 4730 адам коронавирус дертіне шалдықты. Олардың 2988-інде COVID-19 белгілері болса, 1742 адамда ешқандай симптом байқалмаған. Инфекция жұқтырғандардың 296-ы немесе 6,2%-ы – сырттан әкелінген.

Back to top button