Голощекиннің бес бағыты

Голощекиннің бес бағыты

Голощекиннің бес бағыты
ашық дереккөзі
841
Қазақ елінде Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылығы өткен ғасырдағы ұлтымыздың басына төнген ең қасiреттi нәубет болып есептеледi. Ашаршылық әсіресе 1931-33 жылдары қатты белең алды десек те, ол зұлматтың басы 1930 жылдың жазынан басталып, зардабы 1934 жылдың аяғына дейін созылған. Ашаршылыққа елдегі жаппай ұжымдастыру мен ет және астық дайындау науқаны негізгі себеп болды. Қазақстанда колхоздарды ұйымдастыру 1928 жылы шындап қолға алынғанымен, шындығында колхоздастыру біздің елде 1922 жылдан бастау алған. Бірақ бұл процесс 1926 жылға дейін баяу жүрген. Колхоздарды ұйымдастыру баяу жүрсе де, 1927 жылы бүкіл республикада колхоздар саны 1072-ге жеткен. 1928 жылы олардың саны-2354-ті құраса, 1929 жылы 4876-ға дейін өскен. Олардың 611-і Сырдария және Жетісу губернияларына тиеслі болды. 1930 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы барлық шаруашылықтардың 65 проценті коллективтендірілді[М.Әбдәкімұлы. ХХ ғасыр басындағы зұлматтар. //Жалын.- 2014.- №5]. 1930-31 жылдары колхоздастыру кезеңінде жергілікті белсенділер мен ОГПУ, НКВД қызметкерлері барлық жерлерде жұртты жаппай ұжымдасуға күштеп көндіруге кірісті. Малдың 70-80 пайызы колхоз меншігіне өткізілді. Алқаптардағы егін ұжымшарлардың қоймаларына жиналды. 1931 жылы колхоздасуға ұйымдастыру науқаны ерекше өріс алды. Өлкелік партия ұйымы аудандарда ұжымдасу процесі нашар жүріп жатқанына дабыл көтеріп, жергілікті басшыларды жазалауға дейін барды. Нәтижесінде бір колхоз бір колходан мал, астық және басқа да заттар еншілеу мақсатында бәсекеге түсті. Халықтан малы мен астығын алу үшін жергілікті басшылар неше түрлі қулыққа барған. Тіптен үкімет «Контрактация» дегенді ойлап тапты. Ол бойынша жеке шаруа жаңадан туған төлін 17 айға дейін өлтірмей сақтап өкіметке өткізу керек болды. Өліп қалса «халық жауы» ретінде сотталады[С.Жүсіп. Ашаршылық ақиқаты.-Алматы,2015.-415б]. Қазақтың бақытсыздығына орай 1931 жылдың қысында қар қалың түсіп, күн бірден суытқан. Колхоздардағы бір ортаға жиналған мал арам қата бастаған. 1927 жылы бүкiл Қазақстанда мал саны 42 миллион болса, 1933 жылы 3 млн. 989 мыңға түскен. 1927 жылы Сырдария округiнде 6 млн. 680 мың бас мал болса, 1934 жылға қарай барлық төрт түлiктiң саны 800 мыңға да жетпеген. Жалпы, Голощекин қазақ халқын қырғынға ұшырату үшiн 1926 жылдан бастап бес бағыт бойынша дайындалған. Бiрiншi бағыты – ел қамын ойлайтын ақылды да халықшыл қайраткерлердi билiк басынан кетiрiп, олардың орнына сауаты төмендеу, өзiнiң айтқанынан шықпайтындарды iрiктеп алуға арналды. Екiншi бағыты -  ОГПУ мен НКВД-ның жергiлiктi жерлердегi өкiлдерiнiң өктемдiгiн күшейту және кедей таптың арасынан iрiктелген кiсiлердi түрлi дәрежедегi уәкiлдер мен ауыл белсендiлерi етiп тағайындаумен байланыстырылды. Үшiншi бағыты – кеңестiк жүйеге орай типтендiрiлген «бай шаруашылықтарды» жоюға бағышталды. Голощекин Қазақстандағы «бай шаруашылықтар» иелерiн «Бұрынғы заманды аңсайтын феодалдар, жұрттың еңбегiн қанайтын үстем тап өкiлдерi, сондықтан да оларды мал-мүлiктерiнiң бiрiн де қалдырмай тәркiлеп, өздерiн соттап, болмаса қиыр шеттерге жер аударып жiберу керек!» деп ұрандатты. Ұранға алғаш ергендер және оған жанын сала кiрiскендер әлгi ОГПУ, НКВД қызметкерлерi мен ауылдардың шолақ белсендiлерi болды. Төртiншi бағыты – ауыл-ауылдарды жедел түрде колхоздастыруға үндеген бастамасына сәйкестендiрiлдi. Осының кесiрiнен кеңестiк жаңа жүйенiң мәнiсiн түсiнбеген жұрт айналада қандай қоғамдық өзгерiстер болып жатқанын, мұндай саясаттың болашағы неге апарып тiрейтiнiн бағамдай алмағандықтан әрi-сәрi күйге түстi. Тiршiлiгiнiң шырқы бұзылған халық 1929-31 жылдары тиiстi көлемдегi егiстiк жерлерге егiн еге алмады. Колхоздар құрылғанымен, оның базаларында шаруашылық жұмыстарын жүргiзетiн құрал-саймандары болмады. Колхоздың бар байлығы малмен шектелдi. Аз ғана жерге егiлген астықтан жұртқа үлес таратылмай, жиналған өнiмнiң бәрi мемлекет бекiткен салықтың жоспарын орындау үшiн аудан, қала орталықтарындағы қоймаларға жөнелтiлдi. Бесінші бағыты - елдi тiкелей ашаршылыққа әкеп тiреген ең нәтижелi және қорытынды жоспары болды. Голощекин Қазақстанды өркендетудi, түрлi жұмыстар мен жоспарларды рет-ретiмен iске асыруды қағаз жүзiнде көрсетiп бекiткенiмен, бар тараптағы iс-әрекет белгiлi тәртiппен жүрмедi. Елдегi барлық басшы қызметкерлердi, аудан, ауыл көлемiндегi белсендiлердi жалаң ұранға елiктiрiп қойды. Осыған байланысты көктемгi және күзгi егiс қажеттi көлемнен әлдеқайда аз егiлдi[М.Әбдәкімұлы.Түркістан өлкесіндегі ойран. – Алматы.2016.-440б]. Біз бұл мақалада өткен ғасырда елімізде орын алған ашаршылықтың келіп шығуының астарына үңіліп көрдік. Осы бiр қысқаша мағлұматтардың өзiнен-ақ пайымды кiсi сол бiр зұлмат жылдарда iске асқан барлық қасiреттердiң астарын түсiне алар деген ойдамыз.  

                                               Абдулла БЕКӘДІЛҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары