552
Ағайынға ана тілі ауадай қажет...
Ағайынға ана тілі ауадай қажет...
Атажұрттан жырақта жүрген қандастардың көпшілігі ата дәстүрінен ажырап, ана тілінен қол үзіп бара жатқанын айтып қынжылады. Әсіресе, Еуропа мен Ресейдегі қазақтар қазақша сөйлеуден, қазақша ойлаудан қалып бара жатқаны жасырын емес. Бұл мәселе бізді таңдандырмайды, себебі басқа ел тұрмақ, өз мемлекетімізде ана тіліміздің жағдайы мәз емес. Қазіргі кезде Алтайдың арғы жағы мен Моңғолиядағы қандастарымызда ғана қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған. Оның өзі сол аймақтарда өмір сүретін халықтың басым бөлігі қазақтар болғандықтан.
Айтпаса да анық нәрсе: қазақ тілінің жай-күйі, насихатталуы қазақ диаспоралары өмір сүретін елдердің түрлі ұстанымдарына қарай құбылып отырады. Олар да кез келген басқа диаспоралар сияқты өздері қоныстанған елдің мемлекеттік тілін меңгеріп, сол елдің құндылықтарын мойындайды. Жас ұрпақ сауатын қазақ тілінде ашпаса, қазақша хабар тарататын басылым, телеарналар болмаса, күнделікті тірлікте қазақша сөйлеудің қажеттілігі туындамаса, өзге жұрт тұрмақ, өз елімізде де тіліміз ұмыт болатыны белгілі.
Қазір шетелдегі қазақ диаспоралары арасында тек Өзбекстан мен Моңғолияда ғана қазақ мектептері бар. Ал қытайдағы қазақ мектептері 2010 жылғы білім саласындағы реформадан кейін аралас мектептерге айналып, негізгі дәріс қазақ тілінде емес, қытай тілінде өтетін болған. Тура осындай беталыс Моңғолияда да байқалады. Бүгінде тек Баян-Өлгей аймағында ғана қазақ мектебі бар. Оның өзінде 43 мектептің 5-еуі ғана қазақ мектебі, қалған 38-і – аралас мектеп. Қазақ мектептерінің өзінде бірыңғай қазақ тілінде оқытпайды.
Керісінше, Өзбекстанда қазақ тілінде оқытатын мектеп көп: 2019 жылғы статистика бойынша ол жақта 372 қазақ мектебі бар. Қазір Қарақалпақстан Республикасында – 168 аралас мектеп, Бұхара облысында – 11, Науаи облысында – 56, Жизақ облысында – 4, Сырдария облысында – 4, Ташкент облысында – 127, Хорезм облысында – 1, Ташкент қаласында 1 мектеп қазақша білім береді. Бірақ этникалық қазақтар тұратын Өзбекстанның өзге өңірлері – Андижан, Қашқардария, Наманган, Самарқан, Сұрхандария, Ферғана облыстарында қазақ мектептері жоқ. Арнайы мектеп немесе сынып ашу үшін бала саны жеткіліксіз көрінеді. Тағы бір себеп – Өзбекстандағы қандастар арасында балаларын жаппай өзбек мектептеріне беру тенденциясы белең алған. Қазақстанға көшіп келуге жағдайы жоқ қандастар ұл-қыздарын өзбек мектебінде оқытады. Себебі қазақ мектебіне барған балалар латын емес, кирилл әліпбиіне жатық болады. Өзбек мектептері барлық пәндерді түгелдей латын әліпбиімен оқытады, барлық оқулықтар мен әдістемелік құралдар латын қарпіне негізделген. Ата-аналар балаларының мектеп бітіргенде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі азаяды деп алаңдайды. Жалпы, өзбек елінде 1991 жылы 550 қазақ мектебі болған екен, жыл өткен сайын олардың қатары кеміп жатыр.
Қарақалпақстан Республикасындағы қазақ мектептері кадрлық және оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтылған. Бірақ Қарақалпақстанда қазақ сыныбына барған бала қазақ, қарақалпақ, өзбек, ағылшын, орыс тілдерін оқуға мәжбүр.
Ал жоғары оқу орындарына келетін болсақ, Қарақалпақстандағы жергілікті институттарда қазақ тілінде білім беретін факультеттер бар. Өзбекстанда Низами атындағы Ташкент педагогикалық университетінде, Сырдария облысындағы Гүлстан мемлекеттік университеті қазақ тілінде педагог кадрлар даярлайды.
Иран қазақтарының басым бөлігі қазақ тілін ауызекі сөйлеу деңгейінде ғана меңгерген. Орта жастан асқан азаматтардың түгелге жуығы қазақша сөйлей алады. Бірақ Иранда қоғамдық орындарда парсы тілінен басқа тілде сөйлесуге тыйым салынған. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында парсы тілінен басқа тілде білім берілмейді. Осы жағдайға қарамастан, ирандық қазақтардың ана тілдерін ұмытпауы ерекше жағдай. Тілдің ұмытылмауына Иран қазақтарының әрқайсысы әр жақта емес, қалалардағы шағынаудандарда бір-біріне жақын тұратыны да ықпал еткен. Араларында әліге дейін тығыз туыстық қатынас бар.
Мұндағы қазақтар балаларын балабақшаға бермейді, мектеп жасына дейін үйде тәрбиелейді. Иран үкіметі де шектеулерге қарамастан, отбасы мен халық ішіндегі мәдениетке барынша толерантты. Оған қоса, қазақтар арасында парсылармен және өзге ұлт өкілдерімен аралас неке мүлдем жоққа тән. Осының нәтижесінде отбасында балалардың тілі қазақша шығады.
Бірақ мектептер тек парсы тілінде оқытып, араб әліпбиінде сауат аштыратындықтан, Қазақстаннан елшілік арқылы келетін кирилл немесе латын әліпбиіндегі оқу құралдары көбіне пайдаға аспайды. Қазақша кәсіби тұрғыдан оқытатын курс пен орталық атымен жоқ. Ирандық қазақ жастарын арнайы квотамен Қазақстанда оқыту мәселесі жүйелі түрде жолға қойылмаған.
Ал қазақ мектептері мүлдем жоқ басқа мемлекеттерде тіл курстары тілдің мүлдем жойылып кетпеуіне, ұмыт қалмауына сеп болып отыр. Қазақ диаспорасы өкілдерінің, жастардың қазақ тілін бастауыш деңгейде болсын үйренуіне мүмкіндік беретін курстар АҚШ, Еуропа, Түркия, Иранда тұратын қандастар үшін аса маңызды.
Түркия мен Батыс Еуропада өмір сүретін қазақтардың этникалық, тілдік, мәдени және діни тұрғыдан құқықтарын жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ қазақ тілін үйренуде мәселе көп.
Біріншіден, қазақша оқытатын кәсіби мамандар мен латын әліпбиіндегі оқу құралдары жетіспейді. Осы елдерде құрылған Қазақ мәдени орталықтары өз мүмкіншіліктерімен ерікті түрде қазақша үйрететін мұғалімдерді жалдап, курс ұйымдастырып оқытады. Мұғалімдер қазақ тілін оқытудың кәсіби маманы болмағандықтан, курстар әуесқойлық деңгейде үйрену, ауызекі сөйлеу, сөз жаттаудан әрі аса алмайды. Ұлттық әдебиетті ана тілінде оқып, білу мүмкіндіктері жоқ.
АҚШ-та оннан астам қазақ диаспорасының мәдени бірлестігі мен орталығы жұмыс істейді. Мұндай орталықтарда қазақ тілі курстары демеушілік қаражат есебінен қаржыландырылады. Оқытушылар да көбіне ерікті түрде, тегін үйретеді. Бұл жақтағы қандастардың көпшілігі ана тілін ұмытпауға тырысады. Әсіресе, АҚШ-та туған балаларының қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін білгенін қалайды.
Жақында ғана Бельгиядағы «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі және «Отандастар қорының» қолдауымен Антверпен қаласында онлайн қазақ сыныбы ашылды. Одан бұрын Лондон қаласында да қазақ тілін үйрететін сынып ашылған болатын.
Сонымен қатар Новосібір қаласында онлайн қазақ сыныбы өз жұмысын бастады. Ресейдегі қандастар да қазақ тілінің ахуалы күн өткен сайын түпсіз терең құрдымға кетіп бара жатқандай сезілетінін айтады.
«Мәскеуде тұратын қазақтардың ішінде мүлдем қазақша білмейтін, сөйлеп көрмегендер де бар. Көбінесе осы жақта туғандар, немесе көптен бері тұратындар қазақ тілін керек етпейді. Мәскеуде қазақ тіліне қажеттілік мүлде туындамайды десем де болады. Қазақ тілін үйрететін арнайы орталықтар туралы да естіп-білген емеспін», – дейді мәскеулік қандасымыз Мейірбек Сейдәлі.
Ресейдегі қандастар салт-дәстүрді сақтап, қазақы мейрамдар мен түрлі ұлттық шараларды ұйымдастыруды үзбегенімен, олардың бәрі көбіне орыс тілінде өтеді. Жалпы, Ресейде тұратын диаспоралар мен өзге ұлт өкілдерінің біразында осындай тенденция қалыптасқан.
«Біздің алдымыздағы буын – әке-шешелеріміз қазақ тілінде сөйлей алады, әлі ұмыта қойған жоқ. Бірақ тіл күнделікті қолданыста болмағаннан кейін олардың саналарында да көмескі тартқан. Үйде де ешкім ана тілінде сөйлемейді. 90-жылдардан кейін дүниеге келген жастардың басым көпшілігі мүлдем қазақ тілін білмейді, қажетсінбейді де. Қаланы былай қойғанда, ауылдар мен елді мекендердің өзінде қазақ тілі актуалды емес. Облыс бойынша құрамына 3-4 ауыл кіретін бірді-екілі аудандар ғана қазақ тілінде сөйлеп, сақтап қалуға тырысып отыр», – дейді Данияр Имашев.
Шекара сыртындағы қазақ тілінің ахуалы осындай. Ашылып жатқан сыныптар мен курстардың еселенуіне қарағанда, қандастардың ана тілінен ажырағысы жоқ. Не дегенмен, тіл мен салт-дәстүр, мәдениет атажұрттан алыс қалған ат төбеліндей ғана қандастардың ұлт ретінде сақталып қалуына себепші болатыны анық.