Сәрсенбі, 7 Желтоқсан, 2022

Аслан Алимбек: Нұротандықтар дауыс беруде белсенді болды

Аслан АЛИМБЕК, «Отау-Строй» ЖШС Бас директоры, «Нұртас» бастауыш партия ұйымының төрағасы:

– Праймериз өзім секілді жастарға көп мүмкіншілік беріп отыр. Сайлауға дейін өзімнің тарапымнан қолдан келген жұмыстың бәрін атқардым. Сайлаушылардың сенімін арттырдық деп ойлаймын. Халық дауыс беруде белсенді болды. Мысалы мен сайлауға түскен Қаратау ауданында партия мүшелерінің 80 пайызға жуығы дауыс беруге қатысты. Сайлау толықтай әділ өтті деп айта аламын, өйткені ешқандай бастауыш партия ұйымынан шықпай өзін өзі ұсынған азаматтар праймеризде алғашқы үштікке ілінгеніне куә болдық.

Доданың бірінші кезеңін артта қалдырдық, енді алда қалалық масштабта саясы науқан күтіп тұр. Осы орайда өзім ұсынған сайлауалды бағдарламама тоқталғым келеді. «Nur Otan» партиясының бағдарламасымен ұштастырып, өзіме 4 басты бағытты анықтап алдым. Бүгінгі таңда, Шымкент қаласында 19 мектеп үш ауысыммен оқиды. Министрлік деңгейде қаралып жатқан бұл мәселені мен «Қаржы орталығы» АҚ-ның «Жан басына қаржыландыру» жобасы аясында бүкіл инвесторларды мектептер соғуға үшіттеймін. Алғашқы қадам ретінде біздің мекеме Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп Шымкент сити мөлтек ауданында 1 200 орындық мектеп және 150 орындық балабақша ашу жоспарланып, келісім шарттарға қол қойылды.

Бүкіл әлемді дүрсілкіндірген індеттен кейін емхана, ауруханалар саны көбейіп, бір аттам жерде орналасуы керек екенін түсіндік. Осы бағытта біз өз тарапымыздан ауданымыздың «Арғымақ» және «Тұран» деген қаланың ортасынан алыс орналасқан мөлтек аудандардан емхана ашып жатырмыз. Қазір сол емханаларда 30 мыңнан астам халық тіркелген. Мемлекеттік деңгейде қабылданған көптеген бағдарламалар бар, соны дұрыс іске асыра алсақ, халықтың біраз мәселесін шешіп берген боламыз.

Өзімнің мамандығым құрылысшы болғандықтан, инфрақұрылым саласына көңіл бөлгім келеді. Қазір ауданымызда жаңадан бой көтеріп жатқан үйлер көп. Бірақ инженерлік жүйе олқы түсіп тұр. Мысалы, бір көшеде осы жылы жол салынып жатыр, бірақ келесі жылы сол жолды бұзып  астынан су жүргіп қайта жол төсейді. Осындай жұмыстарды жүйелеуді қолға алмақпын. Ал жұмыспен қамту саласы бойынша да дұрыс бағыт, нақты жүйе қажет. Қазіргі таңда жұмыс жоқ деп көп айтады, бірақ мен басқаратын мекемеге 500-ден астам қызметкер керек. Бұл тар бағыттағы сапалы кадрлардың аздығын көрсетіп отыр. Осы орайда арнайы мектептер ашылып, жас мамандарды кәсіпке баулып, ары қарай жұмысқа орналасатындай жағдай жасалуы керек. Жастар таңдаған мамандығы бойынша ең төменгі баспалдақтан бастаса, өз ісінің шебері болары анық.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button