5221
Зейнетақы жинағын емделуге пайдалану тәртібі қандай – министр түсіндірді
Зейнетақы жинағын емделуге пайдалану тәртібі қандай – министр түсіндірді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын емделуге пайдалану тәртібін түсіндірді.
«Денсаулық сақтау басқармаларының жанынан комиссиялар құрылатын болады. Сол комиссиялар емдеу қажеттілігін айқындайды. Ал емделуге баратын адам клиниканы таңдағаннан кейін өзінің өтінішін уәкілетті операторға тапсырады. Операторды үкімет белгілейді», – деді Нұрымбетов үкімет үйінде өткен онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағын емделуге жұмсаудың нақты қағидаларын айқындайды.
«Сондай-ақ зейнетақы жинағын басқару үшін қаржылық компаниялардың басқаруына беруге мүмкіндік бар. Барлық өтініш Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беріледі. Ал зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады», – деп атап көрсетті Нұрымбетов.
Оның сөзіне қарағанда, жылдың соңына дейін қажетті құқықтық-нормативтік актілер қабылданады да, 2021 жылдан зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Айта кетейік, министр зейнетақы қорындағы ақшаны тұрғын үй алу үшін пайдалану тәртібін де түсіндіріп берді. Ол ақшаға жер учаскесін немесе баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі. Пәтерді жаңа үйден ғана емес, қайталама нарықтан да алуға болады.
«Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге де болады. Ондай шарттар кез келген банктен және кез келген бағдарламамен алынған ипотекаға тарайды. Тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады. Бұл жерде бір ғана шектеу болуы мүмкін. Оған сәйкес, зейнетақы жарнасына сатып алынған үйді бес жылдың ішінде сатуға болмайды», – дейді Нұрымбетов.