259
Зейнетақы жинағына баспана алу шарттары қандай – министр жауап берді
Зейнетақы жинағына баспана алу шарттары қандай – министр жауап берді
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге салумен арнайы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде құрылатын «Отбасы банкі» айналысатын болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын баспанаға пайдалану тәртібін түсіндірді.
«Біріншіден, салымшы өзі үшін, жұбайы үшін және жақын-туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ, біз бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін де қарастырамыз», – деді Нұрымбетов үкімет үйінде өткен онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй, жер учаскесін немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады. Пәтерді жаңа үйден ғана емес, қолдан алуға мүмкіндік бар.
«Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге де болады. Ондай шарттар кез келген банктен және кез келген бағдарламамен алынған ипотекаға қатысты. Жеке тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады. Бұл жерде бір ғана шектеу болуы мүмкін. Оған сәйкес, зейнетақы жинағына сатып алынған үйді бес жылдың ішінде сатуға болмайды», – деп атап көрсетті Нұрымбетов.
Оның сөзіне қарағанда, зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге салу үшін арнайы оператор болады. Ол – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылатын Отбасы банкі. Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі нақты тәртібін белгілейді.