270
Праймеризге алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымыз да қатыспақ
Праймеризге алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымыз да қатыспақ
Партияішілік іріктеуге өз жобаларын ұсынып, өзекті мәселелерді шешуге ықпалын тигізгісі келетін белсенді азаматтардың қарасы қалың. Праймеризден шет елдерден көшіп келген ағайындарымыз да шет қалған жоқ. Соған орай «Nur Otan» партиясы Атамекенге көшіп келген отандастарымыздың қатысуымен онлайн конференция өткізді.
Онлайн басқосуға «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев, Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы, «Отандастар қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КеАҚ) Қандастарды қолдау департаментінің директоры Ғазиз Тастаев, «Nur Otan» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімшесінің кеңесшісі Ауыт Мұқибек, «Отандастар қоры» КеАҚ Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заут және тағы да басқа әр салада озық әрі белсенді түрде қызмет атқарып жүрген отандастарымыз қатысты. Конференцияны журналист, блогер Айдос Жұқанұлы жүргізді.
Алғаш сөз тізгінін алған ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы праймеризді еліміздегі бас партияның саясатының ашықтығы деп баға берді. Партияішілік іріктеуге қатысып, білім-ғылым саласындағы біраз мәселелерді көтеруге ниетті екенін айтты.
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» төрағасының орынбасары Жәнібек Лесбеков праймеризге қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Nur Otan» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімшесінің кеңесшісі, праймеризге қатысушы Ауыт Мұқибек партияішілік іріктеу қандастарға не береді деген сұраққа жауап берді.
– Праймериз – қандастарымыздың саяси процестерге араласуына үлкен мүмкіндік. Әрі депутаттарды іріктеудің теңдессіз тәсілі. Және қандастардың мәселесін қандастар көбірек білетіндіктен, олардың сайлауға қатысуы өте маңызды, – деп атап өтті Ауыт Мұқибек.
Бұрындары Japan Tobacco International компаниясының Орта Азия және Монғолия өкіметтеріімен қарым қатынас директоры, SINOPEC Group компаниясының Сыртқы істер директоры болып қызмет атқарған Жарданбек Назгүл праймеризге ұсынып отырған жобасы бюрократияны жойып, соған байланысты жұмыстарды жеңілдетуге негізделгенін қысқаша баяндап берді.
Қандастардың мүддесін қолдау, мәселелерін шешу мақсатында жұмыс істейтін «Отандастар қорының» КеАҚ Қандастарды қолдау департаментінің директоры Ғазиз Тастаев партияның жаңашыл қадамдары мен өзгерістерін қолдайтынын, бұл мүмкіндік қандастардың мемлекеттің басқару процестеріне қатысудан бөлек, басқа да маңызды дүниелердің бастауы болатынын айтты.
Ал «Отандастар қорының» Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заут праймеризге қатысушыларға сәттілік тілей отырып, қандастарды Отанға көшіру мәселесіне баса назар аудару туралы өз өтінішін жеткізді.
Қандастардың азаматтық алуына, тағы да басқа құжаттарға қатысты мәселелерді көтерген Кәпқызы Есенгүл қандастарды жеке, басқа азаматтарды жеке сайлауға қарсылығын жеткізіп, үлкен жүк артылып отырған қатысушыларға өз тілектестігін білдірді.
Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлы шеттен қоныс аударған отандастарымызға ұдайы қолдау көрсететін еліміздің бас партиясына алғыс айтты.
Праймеризге қатысуға ниетті келесі үміткер Мерхамитқызы Фарида халыққа қызмет көрсету орталықтарында қандастарға жеке қызмет көрсететін бөлім ашылса деген ұсынысын ортаға салды.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Экономикалық теория және құқық кафедрасының аға оқытушысы Бодаухан Қайрат негізгі деп есептейтін 3 мәселені көтерді. «Бірінші мәселе – депутаттар мен халықтың арасының алшақтығы. Заң бір жақта, атқарушы органдар бір жақта жатпауын қадағалау өте маңызды. Екінші – атқарушы органдардың қабылданған заңдарды қалай орындап жатқаны. Үшінші – демография және табиғи байлықтарды игеру», – деп атап өтті.
Келесі кезекте сөз тізгінін алған ақын, жазушы Әскерхан Ақтай көші-қон жобасынан нәтиже шығуының маңыздылығын тарата айтты.
Ал «Daco motors KZ» ЖШС директоры Нұрымбек Тау аз қамтылған отбасылардың мәселесін көтеру мақсатында праймеризге қатысып отыр. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыдан шыққан балалардың білім, өнер, спорт сияқты мәдениет ошақтарынан алшақтап бара жатқаны жайлы айтып, осы мақсатта бірқатар жұмыс бастағанын баяндады.
Праймериз халықтың үмітін қаншалықты ақтай алады деген сауалға «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев жауап берді. Ел үшін жұмыс атқаруға ниетті, адал, жауапты адамдардың қатысуы бұл іріктеудің мәні мен маңызының зор болуына септігін тигізетінін, сайлаудың әділ өтуі де өзімізге байланысты деп санайтынын жеткізді.
Басқосу соңында партияішілік іріктеуге алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымыздың қатысуын ерекшелеп айту – оларды бөле жару емес, керісінше туындаған талай күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне сеп болады деген сенімнен екені айтылды. Олардың да праймериз арқылы еліміздегі демократияның орнығатынына бек сенімді.