Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады

Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады

Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады
ашық дереккөзі
461
Бүгінде барлық саланы «жасарту», яғни әр салаға жас мамандарды жұмылдыру қар­қынды түрде іске асып, игі үрдіске айналғаны рас. Әсіресе, мемлекеттік қыз­мет­шілердің, партия қатарын жаңашыл жастармен толықтыру, мәслихат пен парламент­ке жастарды тарту қоғам­ның әлеуметтік сұранысы, заман талабы де­сек болады. Қазіргі уақытта біз мемлекеттің дамуы үшін жаңа, тың идеялар мен көзқарастар жоқ де­генді жиі айтамыз. Сондықтан билік инс­титут­тарына, әсіресе заң шығарушы ор­ган­дар­ға жастар ауадай қажет-ақ. Күн сайын қарыш­тап дамыған әлемнің бір кірпіші болып қалану үшін жаңа, прогрессивті нарықтық сананың, тех­нократтық ойлау мен жаңашыл болмыстың ке­рек екені айтпасақ та түсінікті. Бір жағынан жастардың жауапты қызмет атқа­рып, қоғам­да­ғы мәселелерге араласуы ұрпа­қаралық ва­куум­ның пайда болмауына да сеп­тігін тигізе­тіні анық. Заң шығарушы органдардағы жастардың үлесі қандай? 2016 жылғы 20 наурызда Мәжіліске кезектен тыс сайлау өткізілді. VI сайланған Мәжіліс депу­таттарының орташа жасы – 55 жас. 40 жас­қа дейін – 7 депутат, 40-тан 60-қа дейін – 77 депутат, 60 жастан асқан 23 депутат бар. Ал мәслихаттарда 2020 жылдың 1 қаң­тарын­да 3 335 орын болса, олардың ішінде 20-29 жас аралығындағы 53 жас қана бар екен. Жа­қында сайланған Сенат депутаттарының орташа жасы – 56 жас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың мамыр айында «Саяси пар­­тиялар туралы» Қазақстан заңына өзгеріс пен то­лық­тырулар енгізу тура­лы» заңға қол қойды. «Бұл заң қоғамдық-сая­си қа­ты­настардың де­мо­кра­тия­лық жолмен одан әрі дамуына ықпал етеді деп ойлаймын»,  – деді Президент Ұлттық сенім кеңесі отырысында. Жаңа заңға сәйкес енді  Парламенттегі де­путат­тар санына келсек, 30 пайыздан 100 пайыз­ға дейін әйелдер мен жас­тар болады. 30 пайыз ең төменгі көрсеткіш бо­лып белгіленді, бұдан да көп болуына еш­қан­дай кедергі-тосқауыл жоқ екені де көп ай­тылды. – Бұл заңдардың жобасы қаралған кезде Мә­жілістің жұмыс тобына мен өзім де қа­тыс­тым. Талқылап, жан-жақты қарастырып, осы 30% болу керек деген тоқтамға келдік. Бұл – ең төменгі көрсеткіш. Одан әрі жоғары болатын болса, оған ешкім шектеу қоймайды. Егер саяси партиялардың тізімінде әйелдер мен жас­тардың үлесі 40, 50, 70 пайыз болса, оған еш­кім шектеу қоймайды деген ұсынысқа тоқ­талдық. Сол қабылданды, – дейді «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың праймериз кезінде сапалы сайлауалды партиялық тізімдерді жастар үшін 20 пайыздық квотаны енгізу арқылы қалыптастыру жөніндегі ұсы­нысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құрамы 300 адамнан тұратын Жастар кадрлық ре­зервін қалыптастыру туралы шешімін ту­дырған болатын. Олардың мемлекеттік қыз­мет­тің барлық сатысында жұмыс істеуге мүм­кіндіктері бар. Бұл қатарға қосылғысы кел­ген жастардың қатары қалың болды. Бай­қаудың әділ өткенін, кейбір атақты кәсіп­кер­лер мен белгілі саясаткерлердің балалары өт­пей қалғанын ақпарат құралдары жарыса жаз­ды. Көптеген елде өз жемісін берген жоба біз­де де жақсы нәтиже беретініне, осыдан санау­лы күндер бұрын басталған праймериз, пар­тияі­шілік іріктеу де жастар үшін көптеген мүм­кіндікке жол ашатынына зор үміт артылып отыр. Үміттің ақталуы, әрине уақыт енші­сінде. Жас келсе, іске… Квоталау саясаты, негізінен айтарлықтай кең таралған халықаралық тәжірибе саналады. Арнайы партиялық квоталар Еуропа елде­рінде жиі қолданылады, атап айтсақ Гер­мания­да, Норвегияда, Францияда және Бель­гияда жиі кездеседі. Аталған нормалар заңмен бекітіледі. Жоғарыда атап өткеніміздей, жастардың билікке келуі әлемдік тенденцияға айналғалы қашан. Мәселен, Италияда XVIII легислатура де­путаттарының палатасына сайланған пар­ламентшілердің орташа жасы 44 жас екен, бұл жақта өмір сүру ұзақтығы да жоғары екенін атап өткен жөн. Жастардың жауапты әрі маңызды қыз­мет­терді атқаруы осы заманда ғана үрдіске енбегенін тарихтан білеміз. Қаншама хандарымыз, батырларымыз бен билеріміз жиырмаға жет­пей-ақ жасындай жарқылдаған. Әлем тарихы мен әдебиетінде де мысалдар жетерлік. Сон­дықтан жастардың тәжірибиесіздігін алға тар­ту арқылы ғана жауапты жұмыстардан шек­теуге болмайтыны анық.

Серіктес жаңалықтары