«Абай» телеарнасы ашылды

«Абай» телеарнасы ашылды

«Абай» телеарнасы ашылды
ашық дереккөзі
282
Отандық медиа кеңістікке ғаламдық мәдениет пен өнерді тоғыстырған жаңа арна қосылды. Ұлы ақынның атындағы телеарна – Abai tv руханияттың қайнар көзіне айналмақ. Мұнда тарихи тұлғалардың ұлағатты сөздері, келелі ойлары көрініс береді. «Абай» арнасы ақыл-ойдың айнасы болмақ.   Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі Аида Балаева өзінің есеп беру жиы­нында «Абай» телеарнасының ашы­ла­тынын айтқан еді. Сол телеарнаның рес­ми ашылуы болды. Ашылу салтанатына Президент әкім­ші­лігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет жә­не спорт министрі Ақтоты Райым­құлова мен көрнекті мәдениет және өнер қай­раткерлері, Парламент депутаттары қатысты. «Әлемде қалыптасқан күрделі ахуалға қа­рамастан, 2020 жыл еліміздегі ерекше маңызды оқиғалармен есте қалатыны анық. Соның бірі – Абайдың 175 жылды­ғы. Биыл ұлы ақынның мұрасын дәріп­теу­ге арналған ауқымды жұмыстар бас­талды. Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт ру­ханиятының темірқазығы Абайдың атын беру өте орынды. Өйткені ұлы ақын­ның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жал­ғасады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихат­тауды мақсат етеді. Бұл турасында ұлы ойшыл­дың «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әр­неге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиет­терін есте ұстауымыз керек. Ұлы ақын тағы бір сөзінде адам баласын заман өсіреді дейді. Біздің жаңа телеар­на­мыздың жұмысы да осы қазіргі дәуір­дің талабына бейімделеді», – деді Дәурен Абаев өзінің құттықтау сөзінде. Ақпарат кеңістігіне «Ақыл-ойдың ай­насы» деген ұранмен жол тартқан Abai.tv телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлт­тардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бек­зада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады. «Abai.tv арнасының ашылуы қазақ қо­ғамы үшін үлкен мереке. Өркениетіміз бен мәдениетіміз үшін маңызды арналар­дың бірі болады деп сенемін. Мәдениет саласындағы азаматтарды телеарнаға өнімдері мен өнерлерін ұсынуға шақыра­мын» – деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Жаңа телеарна Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен іске қосылды және қазақстандықтарды ұлы Абай мұрасы, Қазақстанның және бүкіл әлемнің мә­дениеті мен өнерінің жетістіктерімен та­ныстыруға арналады. Осы бағыттағы «Абай жолын бірге оқиық», «Сарасөз» бағ­дарламалары жарыққа шықты. Одан бөлек, бағдарламалар кестесіне қазақ қалам­герлерінің драмалық шығарма­ларын талдауға арналған «Үркер», жас­тар­дың «Жыр майданы», қазақ музы­касы мә­дениеті мен тарихы жайындағы «Му­зыка Великой степи», спектакльдер мен балет қойылымдарына арналған «Пре­мьеры» бағдарламасы көрерменге жол тартты. «Осы бір кездің өзінде қиыншылыққа қарамастан, жаңа телеарнаның ашылуы, соған барлық мүмкіндікті жасау игі іс­тердің бірі. Абайдың аты – өте ардақты. Осы арнада қызмет ететін қыз-жігіттер­дің мойнына өте ауыр жүк артылады. Абай атын иеленгеннен кейін Абайдың әділдігін, ойшылдығын, сөзге деген ерекше ықыласын, ғажайып жырлары мен әндеріндегі нәзіктік пен сұлулықты сақ­тап, сол биіктен көрініңіздер», – деп,  Қа­зақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы жаңа арнаға ізгі тілегін білдірді. Телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәу­лігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар тарататын болады. Арна Otau TV ұлттық спутниктік операторы, Alma TV, ID TV кабельдік желілері арқы­лы таралады. www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көруге болады.  

Серіктес жаңалықтары