Президент Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Президент Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Президент Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды
ашық дереккөзі
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бейрутта болған жарылысқа қатысты түсініктеме берді. «Ливандағы Бейрут қаласының портында бірнеше жойқын жарылыс болды. Қалалық инфрақұрылымға зиян келді, адам шығыны бар. Жарылыс туралы ақпаратты алғаннан кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды», – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің парақшасында жарияланған Мұхтар Тілеубердінің түсініктемесінде. Оның дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстанның 113 азаматы Ливанда консулдық есепте тұр. «Дипломаттар олармен байланыста, қазақстандықтардың арасында зардап шеккендер жоқ. Өздеріңіз білетіндей, дипломатиялық миссия кеңсесіне де жарылыстың зияны тиген болатын. Ол алдағы уақытта қалпына келтіріледі. Қызметкерлеріміз бен олардың отбасы мүшелері зардап шеккен жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Ливанда БҰҰ бітімгершілік контингенті бар. Оның құрамына 120 қазақстандық жауынгер кіреді. Қазір оларды ротациялау процесі жүріп жатыр және күні кеше ғана қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін орындарына аман-есен жетті», – деді министр. Қазақстанның Ливандағы бітімгершілік миссиясы 2018 жылдың қазан айында БҰҰ-ның мандатына сәйкес, Ливанда қазақстандық және үнді бітімгерлерін бірлесіп өрістету туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін басталды. Осы айдың басында ғана Қазақстан Ливанға төртінші бітімгерлер тобын жіберген еді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Бейруттағы жарылыс салдарынан қазақстандық бітімгерлер зардап шеккен жоқ.