Бас мүфти: Сауап іздеген адамға жақсылықтың есігі қашан да ашық

Бас мүфти: Сауап іздеген адамға жақсылықтың есігі қашан да ашық

Бас мүфти: Сауап іздеген адамға жақсылықтың есігі қашан да ашық
ашық дереккөзі
318
Құрбан айт – асыл дініміз исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайы­рымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді. Бағзы заманнан бері ислам дінін рухани тірегіне айналдырған хал­қымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналды. «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды біл­діреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүрек­теріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды. Материалдық мүмкіндігі бар, әрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уәжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс. Өкінішке қарай, әлемдегі және елдегі жағдайға байланысты Құрбан айтты өз дәрежесінде атап өтіп, жамағатпен құлшылық жасай алмаймыз. Алланың аманаты болған өміріміз бен денсаулығымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз. Алайда сауап іздеген адам үшін жақсылықтың есігі қашанда ашық. Біз осы ретте құрбан шалу шараларын қашықтықтан жүзеге асыруды қолға алдық. Құрбан айттың тарихына терең бойласақ, Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ жібергеннен кейін оны сүйінші хабармен қуантқан. Бұл туралы Құранда баяндалған: «...Бұл нағыз ашық сынақ еді. Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыстырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибрахимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол иманды пенделерімізден еді» («Саффат» сүресі, 106-111-аяттар). Аса мейірімді, ерекше кеңшілік иесі Раббымыз осы сынақты тезірек жақсылыққа алмастырғай. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылғай. Алла Тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсы­лығы мен берекетін жаудырғай. Қауіпті індеттен қайтыс болғандарды мейіріміне бөлеп, науқас жандарға шипасын бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан Мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы,

Бас мүфти

Серіктес жаңалықтары