818
Алтын кілт (тарихи миниатюра)
Алтын кілт (тарихи миниатюра)
Қазақ ордасынан Ресей патшайымына Әбілқайыр ханның жазған хатын алып келе жатқан елшілер әуелі 1730 жылғы қыркүйекте Уфа шаһарындағы әкім, әскербасы Бутурлинге мән-жайды баяндап, Әбілқайырдың оған арнап жіберген жазбасын тапсырды.
Ол тілмәшіне оқытып, хатпен мұқият танысты. Елшілермен жақсылап сұхбаттасты. Сосын оның тапсырмасы бойынша Уфа кеңсесі империяның шетелдік істер алқасына елшіліктің патшайымға бара жатқан мақсатын кеңінен таратып әңгімелеген қызметтік баянхат әзірледі. Әскери қызметтен бригадир шенінде доғарысқа шығып, өткен жылы ғана әскербасылыққа тағайындалған Петр Иванович Бутурлинге қазақ ханының арнайы жолдаған хатын орысшаға аударып, оған қоса тіркеді. Тиісті тәртіппен рәсімделген поштамен шабармандар аттанғаннан кейін, Уфа әкімі қосып берген жолбасшылармен бірге қазақ елшілігі де орыс астанасына қарай сапарын жалғастырды...
Олар бетке ұстап келе жатқан патшайым осы 1730 жылдың басында ғана орыс патшалығының тағы алғаш орныққан Мәскеуге Балтық теңізі жағындағы Курляндия делінетін шағын елдің астанасы Митавадан келген болатын. Қоңыраулатқан сәнді шаналар керуенімен Кремльге кірген. Салтанатты түрде. Өйткені ол, Анна Иоанновна империя тағына отырғызу үшін арнайы шақырылған-ды. Бұл 1730 жылғы 15 ақпан еді. Бес күннен кейін оған – орыс патшайымына мемлекеттің жоғары мәртебелі шонжарлары мен биік әскери шенділері адал болатынын білдіріп, ант берген. Тағы бес күннен кейін солардың бір үлкен тобы патшайым Анна Иоанновнаның құзырына қайтадан құлдық ұра кіріп, Жоғарғы құпия кеңес оны таққа шақыру үшін жасаған кондицияға – патшайымның биік мәртебелі құқтарын шектейтін шарттар түзілген құжатқа келіспейтінін айтқан. Патшайымның толық құқықты самодержавие иесі болуын қалайтынын жария еткен. Бұл Аннаға жағымды пікір еді, ол осылай беделді төрелердің, генералитеттің, гвардиялық қосындар офицерлерінің, дворяндардың көпшілігі өзінің жағында тұрғанын білгенде, көздерінше Жоғарғы құпия кеңестің «алдамшы» құжатын алды да, жыртып тастады. Өзінің Ресейге бірден-бір қожа, самодержица және императрица екенін жария етті. Үш күннен кейін түрлі биік дәрежелілер мен билік тұтқаларындағылардың бәрінен Ресейдің самодержавиелік патшайымы ретінде қайтадан жаңа ант қабылдады. Артынша арнайы пәрменімен Жоғарғы құпия кеңесті таратып, І Петрдің кезіндегі Билеуші сенатты бұрынғы мәртебесінде қалпына келтірді. Сосын, ант алу рәсімінен екі ай өткенде, 1930 жылғы 28 сәуірде, Кремльдің тақ орнатулы ақшаңқан салтанатты залында патшайым Анна Иоанновнаға Ресей империясының тәжін ресми түрде кигізу жорасы жасалды.
Шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастарға жауап беретін Сыртқы істер алқасының президенті ретінде Гавриил Головкин Петр императордың бұл реттегі күллі іс-әрекеттері мен жоспарларына қашаннан қанық болатын. Және оларды жүзеге асыруды көздейтін шараларды әрқашан патша көңілінен шығардай дәрежеде орындауға күш салатын. Шығыс бағытына байланысты I Петрдің әлденеше жобасы болды. Солардың бірі де бірегейі Азияға төте жолмен тереңдеу еді. Бірақ тура жолда – жабық қақпа секілденіп ұлан-ғайыр дала жатқан. Соны ашатын кілтті қолға түсіру керек-тұғын. Дұрысында, сол ұлы дала төсіндегі қақпа күзетшісі іспетті көшпенді халықты бағындыру қажет еді. Бірақ бұл оңай шаруа емес-тін. Міне, олар ұзақ жылдар бойы, сонау Ермак заманынан бері ұдайы казактармен соғысып келе жатыр, бірақ беті қайтар емес. Оларға қарсы, канцлер Головкиннің өзі куә, астыртын түрде қалмақтар мен башқұрттар да айдап салынуда. Бірақ оң нәтиже шамалы, айтуға тұрмайды. Қалмақтардың оңтүстік-шығыстағы туыстарына, жоңғар хандығының астанасына Ертіс бойымен жүзіп барған экспедиция арқылы оларды Ресей қамқорлығына алу жайында ұсыныс жасалды, алайда қабыл алынбады. Шетел істері алқасының тілмәші Мәмед Тевкелев қалмақ хандығы шонжарларының арасына жіберілген-ді. Сонда ол ұзақ уақыт қалмақтың тілін үйренді, қалмақ шенділерімен өз адамдарындай сұхбаттасты, ақыры олардың құпия сырын білді. Ресей протектораты боп тұрған қалмақ хандығының түстіктегі жоңғар хандығымен астыртын сөз байласып, екі араларындағы жалпақ кеңістікте жатқан қазақ елін басып-бағындырып алу, сөйтіп ұлы далада баяғы Шыңғыс хан заманындағыдай жаңа империя құру мақсаттары барына империя әкімшілігінің көзі жетті. Сөз жоқ, Ресей ондайға жол бермек емес. Олар соғыссын, жаулассын, бірақ бірікпесін. Сондай оймен патша жоңғарларға арнайы елшілік жіберді. Өз беттерінше зеңбірек құюды қолға алған жоңғарлардың оқ-дәрі қаруларымен жақсылап жарақтануына, сөйтіп қазақтарға қарсы үлкен де жойқын шабуыл жасауына астыртын көмек көрсетілді. Қазақтар «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратылды, десе де бой бермеді. Қырылып бара жатып, феникс құсша тіріліп кетті, қайта еңсе көтерді. Петр патша сонда оларға қарсы дипломатиялық айла-амалдарды батылырақ іске қосуды қош көрді. Бұл көшпенді хандық қайткенде қуатты Ресейдің қамқорлығына сүйенуді, протекциясына алынуды мақұл көруге тиіс, қанша қаржы қажет болса, сонша жұмсап, оларға соны мойындату қажет деді. Сондай жолмен ғана Азия қақпасының кілтін қолға түсіруге болады деді. Петр патшаның өзі және оның Сібірдегі, Қазандағы әкімдері әр кезде Тәуке ханмен, ол қайтыс болғаннан кейін Қайып ханмен, ол қаза тапқаннан кейін Әбілқайыр ханмен ағымдағы саяси жағдайларға байланысты қарым-қатынас жасаған, хат жазысқан, елшілер алмасқан. Енді сондай шаруаларды алға қойылған жаңа мақсат орайында епті амалдармен жүргізу керек-тұғын. Бірақ бұл істің орындалуын көру императордың өз маңдайына жазылмады. І Петр аңсаған қақпаны ашатын алтын кілт ол қайтыс болғаннан бері алтыншы жылға аяқ басқанда ғана, мұрагерлерінің көз алдында кездейсоқ менмұндалады...
Өткен күзге салым Шетел істері алқасының президенті канцлер Головкин Уфа әскер басы Петр Бутурлиннің баян-хатын оқып отырып, патшайымға беттеген қазақ елшілігі мен оның мақсаты жайындағы қызық ақпаратқа қанықты. Ұлы Петрдің арманын орындаудың қисыны келгенін тез-ақ пайымдады. Және мұны жүзеге асыруды кімге тапсыруға болатынын да бірден ойлап қойды. Ол – алқа аудармашысы Мәмед Тевкелев еді. Тевкелев көптен қарамағында шығыс тілдері тілмәші боп істейтін. Дұрысында, патшаның тікелей бақылауындағы бұл құрылымда әуелі оның әкесі, ағалары да істеген, солардың ішінде осы кіші Тевкелев ерекшеленді. Оны Петр патша да ұнатты. Шығыс тілдерін жақсы білетіндігінен өзінің тікелей тілмәші етіп алды. Аудармашы ретінде Тевкелев патшаның маңызды жорықтарына бірге барып жүрді. Орыс-түрік соғысы барысында, 1711 жылы Петр патша Осман империясы қоластындағы Молдова княздігіне жорыққа шығып, Прут өзені жағасында армиясымен қоршауға түсіп қалған. Сонда жеңіліп бара жатқанында, түріктің бас уәзірімен бейбіт келіссөз жүргізуіне Тевкелев ширақ та тапқыр, шешен де ділмәр тілмәш ретіне септесті, сөйтіп патшаның тұтқындалудан аман қалуына, түріктермен қолайсыздау болса да, өзіне тиімді шарт жасасуына қатысты. 1722-1723 жылдарғы Каспий жорығында да Тевкелев Петр патшаның қасында болды. Заманында құдіретті болған парсы мемлекеті ыдырай бастағандағы жорығына байланысты парсылармен, түріктермен жүргізіліп-жасалған оның келіссөздеріне тілмәштік етті. Сондағы орысқа қаратылған иеліктер Петрдің қазасынан кейін көп ұзамай, Анна Иоанновнаның пікірінше болашақсыз аймақ деп саналғандықтан, қолдан шығып кетті. Келешегі зор өңір жайында Петр патша армиясымен теңізге шығар алдында Астраханда бір жоспар айтқан, соны тілмәші көкірегіне түйіп қалған-ды. Онысы империялық сыртқы істер алқасының президенті боп жүрген Петр патшаның нағашысының ішкі тілегімен керемет үйлесіп тұрған. Ал оның ішкі тілегі Шығыстағы бағалы байлықтарға тұнған аймақтардың қақпасы қазақ жері болмағын, оны ашудың кілті сондағы халықты өз ықпалына түсіруде жатқанын бағамдаған патша-жиен өзіне шерткен сырдан туындаған-тын. І Петрдің мемлекеттің сыртқы істер жөніндегі құрылымының президентіне қолға алынуға тиіс жоспар ретінде айтқанын енді, орайы келіп тұрғанда, осы жігерлі де мансапқұмар шенеунік жеріне жеткізе орындарына күмән жоқ. Головкин солай ойлады. Шынында да, канцлер қазақ елшілерімен әңгімелескенде, олардың тілін жақсы білетін тілмәш Тевкелев тамаша дәнекер болды. Канцлер Головкин бойшаң, арық кісі, қай жағынан қарасаң да зиялы, сыпайы, еш кірпияздығы жоқ қарапайым, қадірменді қария, сонымен бірге шетелдіктер дегенде әр сөзіне мән беріп сөйлейтін сақ адам еді. Отаншыл, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятын кісі-тін. Ұлы Петр өз алдына, Екатерина патшайымға да, ІІ Петр патшаға да, Анна патшайымға да әрдайым адал қызмет етіп келе жатқан қайраткер. Самодержавиеге пайдалы болуы ықтимал жаңалықты тез түсініп, сөзсіз қолдайды. Киім киісі мүлдем қарапайым канцлер қабылдауына өз елдерінің салт-дәстүрлеріне, өздерінің ондағы мәртебелеріне сай әсем де көрнекі, сыпайы да жинақы киініп келген келбетті, ақылды, ұстамды қазақ елшілерін көнетоздау сұр костюммен қарсы алған-ды. Олардың экзотикалық тұрпаттарына елеусіз көз тастай отырып, сабырлы кейіппен елшіліктің түпкі мақсатын дәл аңдауға тырысқан. Аңдады да. Аңдай отырып, Әбілқайыр хан армандаған протектораттықтың болашағы ол көздегендей емес, протектордың мүмкіндік беретін дәрежесіндей ғана болуы тиістігін пайымдады. Қазір қайткенде Петр патша қалаған бір жапырақ қағазды қолға түсіру маңызды, ал оны империя мүддесіне бұру – оңайдың оңайы, ол патшайымның ерік-жігеріне тәуелді болмақ... Көзі жетіп отыр, тілмәш Тевкелев оларды жұмсап отырған Әбілқайыр ханның патшайымға арнап жазған хатын орысшаға патшайымның мерейін өсіре түсетіндей сөз саптауларды пайдаланып, қазақтардың күні түскендіктен жалына келген түрлерін танытатындай етіп аударған. Тәржіме-мәтінді канцлер қатты ұнатты. Кейін оларды – өздерінше сырбаз да өр кейіп танытатын осынау далалық елшілерді патшайым алдына апарғанда да, қабылдау кезінде де ділмәр тілмәш жорға тілімен жақсы кеңес өткізуге себепкер болды. Содан оған елшілерді орыстың екі астанасындағы патшалықтың күш-қуаты мен ұлылығын танытатын орындарға апарып, көңілдерін мықтап аулау тапсырылды. Сол тұста Головкин патшайыммен тиісті пікір алысып, қажет ой қорытты да, қазақ ханына оның елшілерімен бірге баруға тиіс үлкен орыс елшілігін жасақтауды бастады. Оны басқаруға Тевкелев таңдап алынды...
Қазақ даласына елшілік желеуімен аттандырылатын арнайы экспедиция жасақталып біткеннен кейін, сыртқы істер президенті Головкин Кремльге келді. Фаворитімен бірге аң аулауға барып, екі бетін аяз сүйіп көңілді оралған патшайымға екі маңызды құжат жобасын алып кірді. Бірі елшілік басшысына, яғни тілмәш әм дипломат Тевкелевке арналған нұсқаулық еді. Оны Шетел істері алқасында мұқият пысықтап, өзі бекіткен. Патшайымға қолдауын алу үшін таныстыруды қош көрген-тін. Соны көрсетіп, мазмұндап берді. Құжат сол күні «Киргиз-Қайсақ ордасына, оны Россия бодандығына әкелу үшін» аттандырылып отырған «шығыс тілдерінің тәржімешісі Мегмет Тевкелевке Шетелдік істер Мемлекеттік Алқасынан Нұсқау» деген атпен рәсімделген-ді. Президент-канцлердің өз қолынан өте тәтпіштеле қаралып дүниеге келген бұл құжат бойынша, ұлы далаға арнайы жасақталып жұмсалмақ елшілік мәртебесіндегі керуеннің басшысы ретінде Мәмед Тевкелев өзіне міндет етіп жүктелген он екі бабтан тұратын тапсырманы мұқият орындауға тиіс еді. Оның басты мақсаты Қазақ ордасын Ресейдің протектораты етуге, қазақтарды Ресей боданы башқұрттармен тату болуына, сол мақсатта Ресейдің қамқорлығына алынуы керегіне иліктіру үшін дипломат Тевкелевке бағыт-бағдар беру болатын. Нұсқаудың 1-тармағында оның Қазақ ордасына, онда олардың басты және бірінші ханы Әбілқайырға, оның осында келген және Тевкелевпен бірге кері қайтарылған Құтлұмбет би мен Сейітқұл батыр бастаған елшілерге қосылып бірге баруын міндеттеген сөздер жазылған-ды. 2-тармақ бойынша Тевкелевке «Эбулхаир Ханда болып», оған мына сөздерді айту міндеттеледі: «сен, Әбілқайыр хан, елшілерің Құтлымбет Қоштаевты және Сейтқұл Қойдағұловты өзіңнің жазған парағыңмен («с листом своим») және ауызша жолдаған өтінішіңмен ...Бүкілресей самодержицасы және патшайымы Анна Иоанновнаға жіберіп, сен, Хан, барлық иелігіңмен қоса ресейлік бодандыққа қабылдансақ, сөйтіп ресейлік бодандармен бейбітшілік жағдайда болсақ дедің. Содан ... Әйел патша сендерді, қазақтың аға ханы Әбілқайырды және барлық қазақ әскерін («Киргисъ-Кайсацкого Хана Эбулхаира, старшину и все Киргисъ-Кайсацкое войско») сендердің сұрануларың бойынша Ресей бодандығына қабылдауды қош көрдік және әмір еттік. Осы жөнінде саған Әбілқайыр ханға және барлық қазақ әскеріне («войску Кайсацкому») оның императорлық ұлылығының хаты («грамотасы») сенің жіберген елшілеріңмен жолданды, татар тіліндегі көшірмесі тіркелді». Оның татар тілінде қалай жазылғаны және 1731 жылғы 10 қазанда Әбілқайыр хан ордасындағы бас адамдар құрылтайында қайтіп жария болғаны беймәлім, дегенмен орысшасындағы «бодандыққа қабылдау» деген тіркес көшпенділердің түсінігінде «қорғанымызға, қамқорлығымызға алу» ұғымын беретіні анық болатын.
Осыларды «Грамотасында» айта келе, патшайым «соны растау үшін және өзінің императорлық мейірінің белгісі ретінде» Тевкелевтің оларға не деу керегін нақтылап көрсеткен. Ең алдымен, елшіні қазақтарға Анна Иоанновна «өзінің императорлық ұлылығының хатымен («грамотасымен») жұмсағанын айтуға тиіс». Нұсқаулық бойынша одан әрі елші былай деуі керек: «Және маған сендерді үміттендір деп нұсқау берді, оның ұлылығы сендерді – Әбілқайыр хан мен күллі қазақ әскерін («Киргисъ-Кайсацкое войско») өзінің риясыз мейіріне бөлейтін болады. Өзара сеніммен, сендер де – Хан және барлық әскер өздерің уәде бергендей, өздеріңді оның императорлық ұлылығына адал бодандарға лайық ұстайды деп үміттенеді». Осы сөздерді түйіндеп болғаннан соң, Тевкелев патшайым беріп жіберген (қылыш, тон, бөрік, мата, т.б.) сыйлықтарды ханға тапсыруы тиіс. 3-бабта Әбілқайыр мен өзге де хандардың бодандыққа кіруге Құран ұстап ант етуін және қолдарын қойдырып алуын Тевкелев ұйымдастыруы керек деп тұжырымдалған. 4-бабта елшілердің патшайымға ауызша айтқандары еске алынып, ханның өзі немесе әйгілі адамдары Уфаға аманатқа балаларын башқұрттар секілді жібере ме, салық төлеп тұра ма, соларды анықтау тапсырылды. Егер келіспесе, мейлі, қол қойғызып, адалдықта тұрамыз деген уәдеге қанағаттану жөн екені 5-бабта айтылды. 6–8-бабтарда Әбілқайыр ханның патшайымға жауап-хатының қандай мазмұнда болуы керегі, ханнан келген елшілерді қабылдауда жасалатын жағдайлар, қазақ еліндегі ресейлік тұтқындарды қайтаруға қол жеткізу мәселелері, ал 9-бабта Тевкелевтің тұрақты түрде күнделік жүргізуі және онда не жазылуға тиістігі тәтпіштеп көрсетілген. 10-бабта Тевкелевтің анықтауға тырысқан мәселелері мен қазақтар жайындағы жазбалары мейлінше құпия болуы, жазғандарын ешкімге көрсетпеу қажет екендігі, оны қазақтар түгіл, қасындағы елшілік адамдары да білмеуі тиістігі шегелеп көрсетілді. 11-бабта Әбілқайыр хан аманатқа бала берген жағдайда және алған тұтқындарын қайтарғандай болса, оларды Уфа әскербасына қандай шартпен тапсыруы керектігі жазылған. 12-бабта барлық тапсырманы орындап, Мәскеуге оралғаннан кейін, Тевкелевтің шетелдік істер алқасына толық есеп беретіні ескертілген.
Анна Иоанновна нұсқаулықты да, Головкиннің түсіндірмелерін де мақұлдады. Ең бастысы, Петр патшаның өзі айтқандай, қазақтардың Ресейдің қолдауын қабыл алатыны жайындағы бір жапырақ қағазды қолға түсіру... Қалмақтар да ішкі істерімізді өзіміз шешетін протекторат болдық деп ойлаған, бірақ империя мүддесі олардың дербестенуін көтермейтінін танытып келеді емес пе?.. Қазақ та сондай мәртебеде болады, міне, Анна Иоанновна өз атынан жіберілетін хаттың мазмұнына көз салсын... Головкин паишайымға «Киргиз-кайсак Ордасының Старшинасы Эбулхаир ханға және барша әскерге сыйланған Грамота» деп аталған құжатты, бүгінгі тілге аударғанда «Қазақ ордасының аға ханы Әбілқайыр ханға және оның әскеріне» жоғарыдан берілген сый есепті жолданатын хатты таныстыруға көшті. 1731 жылғы 19 ақпанда рәсімделген бұл құжатта күллі мадақ мәртебелері («Құдайдың мейіріміне бөленген», «Асқан жарқын», «Құдіреті айрықша үстем», «Бүкілресейлік патшайым және самодержица», т.т.) «Біз» деген жалқы да өр атауға тіркеліп тізілген «Ұлы әйел патша Анна Иоанновна» Әбілқайыр ханға және «барлық Қайсақ әскеріне» өзінің «Біздің императорлық ұлылығымыздың мейірбандығы» деп атаған хаты («Грамотасы») жазылған. Хатта оның Әбілқайыр ханның өзіне «жазған парағынан», ханның елшілері Құтлымбет Құштаев (Кутлумбет Куштаев) және Сейтқұл Құдайқұлов (Сейткул Куйдантулов) арқылы естігендерінен: «Ұлы патша, біздің императорлық ұлылығымыз... сенің барлық иелігіңмен біздің бодандығымызда және Ресей бодандары Башқұрттармен бейбітшілікте болғың келетін тілегіңді білдік» дейді. Одан әрі: «Эбулхаир хан, біздің қоластымызда мынандай шарттармен болғың келетінін сенің елшілерің осында ауызша жеткізді» деп, оларды мынандай төрт тармақпен жүйелейді: 1) сендер патшайымға адал болуға және башқұрттар тәрізді ясак (натуральды салық) төлеп тұруға уәде етесіңдер; 2) Ресей бодандары тарапынан ешқандай кикілжің, шапқыншылық болдырмауын сұрайсыңдар; 3) егер барша қайсақтарға әлдебір дұшпан шабуыл жасай қалса, онда сендер Ресей бодандарымен қатар саналып, одан «Біздің императорлық ұлылығымыздың қорғауында» күзетілулерің үшін, «сендерді Ресей бодандарымен бір» санауымызды қалайсыңдар; 4) сендерден башқұрттар және басқа Ресей бодандары алған ясырларды (тұтқындарды) қайтарсақ, сендер өздерің алған ресейлік тұтқындарды қайтарып беруге әрі башқұрттармен және қалмақтармен тату тұруға уәде қыласыңдар.
Одан әрі патшалықтың Әбілқайыр ханның хаты мен оның елшілерінің ауызша жеткізген шарттарын қабылдай келе, Қазақ ордасына қамқоршы болуға келісетіні патшайым атынан былай тұжырымдалды: «Сонда біз, ұлы патша, біздің императорлық ұлылығымыз, сені киргиз-қайсақтың аға ханы Эбулхаирды және бүткіл киргиз-қайсақ әскерін» қамқорлығымызға қабылдап, «сендердің өтініштеріңе сәйкес, сендерді жоғарыда айтылған, өздерің шарт етіп қойған бабтардағы талаптарыңмен бодандыққа алуға әмір еттік». Қабылданған шарттар өз түсініктерімен былай тұжырымдалды: «Сондықтан да сендер – хан және барша киргиз-қайсақ әскері өздеріңді біздің императорлық ұлылығымызға және біздің мұрагерлерімізге тұрақты адалдықта ұстауға тиіссіңдер, Біздің императорлық ұлылығымыздың пәрменімен сендерге басқа Ресей бодандарымен, башқұрттармен, қалмақтармен бірге біздің қызметімізге баруға жарлық берілгенде, сендер олармен бірге ықыластарыңмен орындауға тиіссіңдер. Башқұрттарға және Жайық казактарына және қалмақтарға және басқа да орыс бодандарына ешқандай шабуыл, жорық жасамайсыңдар, олармен бейбіт және ұрыспай өмір сүресіңдер. Астраханнан, басқа жерлерден сендерге және сендердің тұрғын жайларың мен басқа жерлерге көшу орындарың арқылы келе жатқан Ресейдің бодан көпестері керуендеріне де ешқандай кедергі келтірмей және реніш тудырмай, оларды жолдағы барша қауіптен қорғап, өтіп бара жатқандарында барынша көмектесулерің керек». Хаттың соңында: «Сенің елшілерің, Эбулхаир хан, бізге келгенге дейін, Мәскеуде болғандарында азық-түлікпен қамтамасыз етілген, оларға қайтарында да біздің сыйымыз берілген және саған – Эбулхаир ханға қайтарылғанда, жолға қажет көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Біздің императорлық ұлылығымыздың мейіріне сен, Эбулхаир хан, сенімді бол», – делінді. Патшайым мәтінге ризашылықпен көз салды да, қолына қауырсын қаламсабын алып, сияға малды. Мәтіннің соңына мәнерлеп «Анна» деп жазды. Аса жоғары мәртебелі хат «Москвада, 1731 жылғы ақпанның 19-шы күнінде», патшайым Анна Иоанновнаның атынан: «Біздің Мемлекеттік билік құруымыздың екінші жылында берілді» деп рәсімделді...
...Бір аптадан кейін жолға шығып, жарты жылдай сапар шеккен елшіліктер керуенін, қазақ шегіне іліккенінде, Әбілқайыр ханның сәнді жарақталып киінген екі жүз атты сарбаздан тұратын құрметті қарауылы күтіп алды да, үлкен салтанатпен ханның жазғы ордасына бастап апарды. Алда өзара қиғаш түсініктер мен мүдделер тайталасы тосып тұрған еді...
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы