Заманның өгей балалары

Заманның өгей балалары

Заманның өгей балалары
ашық дереккөзі
651

Босағасын алтыннан соқсаң-дағы,

Перзент сүймей адамның мейірі қанбас

Шал ақын

«Адамзат мәңгі» дегенде біз ұрпақтан ұрпақ өрбитін жер бетіндегі тіршіліктің жалғасын айтамыз. Демек әрбір саналы ұрпақ өзін ғана ойлап қоймай, өзінен кейінгінің қамын көбірек ойлайды. Егер қайықтағы екеудің біреуі өлу керек болса, сөз жоқ, кәрі кетіп, жас қалады. Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалаған тарғыл төбет» атты хикаятында бір үйлі жан суға батып, қайықта қаршадай ғана бала қалып, сол бала бүтін бір ұрпақтың жалғасы болып еді. Үй өртеніп жатса, жер сілкінсе, су тасқыны, тағы да басқа толып жатқан кездейсоқ апаттарда адам ең әуелі жас баланы құтқаруға тырысатыны да сондықтан. Өйткені бала дегеніміз – болашақ! Алайда бүгінгі таңда жаңа туған сәбилерімізге, өз болашағымыздың тағдырына өте қатыгездік танытуымыздың сыры неде? Ана өз баласын жанымен де, қанымен де сүйеді-ау деп сенеміз. Шынымен солай ма?.. Бүгінгі таңда, шаранасы кеппеген жаңа туған сәбилерін кейбір қатыгез аналар шырқыратып, әжетханаларға, жол бойына лақтырып тастап кетіп жатқан сұмдықтарды көзіміз көріп, куәсі болып отырғанда күрсініп, күңіренбей, жүрегімізге біз сұққандай қансырамай қалай шыдауға болады? Осы ретте біраз жылдардан бері жаңа туған балаларды заңсыз сатумен айналысып келген алматылық оншақты дәрігерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, бүгінгі таңда ісі сотта қаралып жатқанын айтуға тиіспіз. Иә, соңғы жылдары тастанды сәбилердің, шет елдерге, өз еліміз ішінде сатылған балалар саны күннен-күнге арта түсуі, көптеген қыздарымыздың жеңіл жолға салынуы, көкек әйелдердің көбеюі, ажырасып жатқан отбасылар санының артуы барлығымызды да, жалпы қоғамды әрі мемлекетті толғандыратын өзекті мәселеге айналып отыр. Болашақ ұрпақты осынау қасіретті індеттен қалай жерітеміз? Бұл сұрау халқы үшін жаны күйетін әр азаматтың көкейінен орын алатыны рас. Бүгінгі таңда жетімханаларда ата-ана, әке мейірімінсіз өсіп жатқан кінәсіз, панасыз 35 мыңнан астам сәбилердің аянышты халін көре, біле жүре олардың көбеюіне жол беру қатыгездік болар еді. Олай дейтініміз ана сүтінің дәмін, әке алақанының жылуын сезбей ержеткен тастанды, шет елдерге сатылған балалардан қандай азамат өсіп шықпақ?! Мәселенки, статистикалық деректерге зер салғанымызда, соңғы 5-10 жылдар аралығында Қазақстанда тікелей бала сату ісімен айналысатын 40-тан астам агенттіктер белсенді түрде жұмыс істеген. Олар әр баланы өзара бәсекелесе отырып, 30-40 мың долларға сатып отырған. Сол балалардың 5311-і – АҚШ-қа, 154-і – Испанияға, 127-і – Ирландияға, 61-і – Германияға, 47-сі – Францияға, тағы да басқа шет елдерге сатылған. Өздерін тірі тауар ретінде саудалап, тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, тіптен түр-тұрпаты басқа, әлемнің 28 жат елдеріне шырқырап, еңірей сатылып кеткеніне өзегі өртенген, көкірегі шерге толы 8 мыңнан астам балалар ертең өз елін керек ете ме? Өздерінің тарихи Отанына әсте қайтып орала ма? Осы ретте Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлым деп ойлайтын жұрт болмаса, жұртым деп еңірейтін ұл қайдан болады?» – деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ежелден жетімі мен жесірін жылатпаған ел емес пе едік? Бүгінгі таңда жетімдерімізге сұрауы жоқтай, қатыгез қабақ танытуымыздың сыры неде? Ойлап қарасақ, орыс жазушысы Василий Гросманның: «Заманның өгей баласы болғаннан асқан трагедия жоқ» деген сөзі, біздегі қаракөз жетімектеріміздің тағдыр-талайына арналып айтылғандай әсер етеді. Негізінде, мемлекет тек басқадай мүмкіндігі болмаған жағдайда, яғни мәжбүрліктен, сәбиді аштан өлтірмеу жолында басқа шара қалмағандықтан ғана оларды шетелдіктерге асырап алуға беруі мүмкін. Ал енді біздің еліміздегі жағдай жетімдерін шетел асыра беретіндей тіптен мүшкіл халде емес қой. Сонда бұл қандай жалпақшешейлік?! Осы орайда Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде, қоғам қайраткері А.Айталының Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтқан: «Балаларын тәрбиелей алмай шетелге асыру негізінен кедей мемлекеттерге, тұрғындарының басым көпшілігі қайыршы, сондай-ақ, патриоттық сана-сезімі төмен елдерге тән» ұлан-байтақ жерге ие, бірақ халқының саны аз мемлекеттің экономикалық жағдайы ауыр болатыны айтпаса да түсінікті», – деген сөзі ойға оралады. Қазақстан балалары, перзенттері еліміздің ұлттық қоры ретінде өз мемлекетімізде қалуын, тәрбиеленуін, өсуін, емделуін халқымыздың басым көпшілігі қолдайды. Сондықтан да «Жетімдер туралы» бүгінгі күн талабына сай өміршең заң ауадай қажет-ақ. Өйткені бар мәселе заң талаптарына сай шешімін таппаса, шырылдап, шырқырап айта бергеннен бұл күрделі мәселенің жедел шешіле қоюы қиын. Осы заңды шұғыл заңдар қатарында қабылдағанда ғана біз бұған дейінгі асырап алынған балалардың да, кейінгі балалардың да, елдегі жалпы жағдайды да жақсартуға үлес қосқан болар едік. Дәл осы заңда ата-аналарға да «Бала тек сіздің ғана қуанышыңыз емес екендігін, сол үшін еліміздің алдында жауап беретініңізді әрдайым естен шығармауыңыз керек», – деп те қатаң ескерткен артық болмас еді. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дейді дана халқымыз. Шындығында, халықтың өсімі – мемлекеттің алдында тұрған үлкен мәселе, оны шешпеске болмайды. Ұлтқа үлкен қатер, өркенді, еңселі болуымызға қауіп. Іргелі де мықты мемлекет болуымызға кедергі. Сондықтан да, жоғарыда айтылғандай кереғарлыққа жол беріп, балаларымызды шетел асырып, ұрпақ қамын ойламай кез келген жерге лақтырып тастап кете берер болсақ, яғни бос қиялмен көбейе алмайтынымыз баршаға аян. Ата Заңымыздың 1-бабында да «Мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі» делінуі де бекер емес. Осы төңірегінде қыздар мен жігіттеріміз – болашақ аналар мен әкелер де терең ойланса жақсы болар еді. Олардың ойланбай жасаған әрбір қадамдары мен өмірге тым жеңіл қарауы қандай зардаптарға әкеп соғатынын түсінсе екен. Осы ретте ұрпақ қамы – ұлт қамы екенін де әсте естен шығармайық. Өйткені «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», – деп бекер айтылмаса керек. Ең бастысы, өзің үшін ғана өмір сүру – озбырлық.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ,

ардагер журналист

Серіктес жаңалықтары