206
Бурабайда блокпост орнатылуы мүмкін
Бурабайда блокпост орнатылуы мүмкін
Бурабай ұлттық паркінде карантин талаптары өрескел бұзылуда.
Демалыс күндері «Бурабай» ұлттық табиғи паркіндегі жағажайларда ине шаншар орын болмайды. Демалушыларды суға шомылуға ресми түрде салынған тыйым да, тіпті «жағажайлар карантинге байланысты жабық» деп жазылған ресми тақтайша да тоқтата алмады. Санитарлық нормаларды сақтамай, сақтық шараларын ұмытып, мыңдаған демалушы бос уақытын жағажайда өткізуде. Жауапты тұлғалар мен полиция қызметкерлері рейд жүргізуде, бірақ туристер олардан қаймықпайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бурабайдағы арнайы жабдықталмаған бірнеше шақырым жағажай адамға толы. Санитарлық норма, маска режімі мен әлеуметтік қашықтық туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Полицейлер рейд кезінде тексеріп жатыр. Алайда, карантинді бұзушылардың көпшілігіне ауызша ескерту ғана айтылады. Шектеу шаралары енгізілген сәттен бастап 8 адамға ғана айыппұл салынған.
«Олардан жазбаша түсініктеме, жеке куәліктің көшірмесі алынады, әкімшілік материалдар рәсімделіп, ақпаратты есепке алу кітабына (АЕК) тіркеледі, содан кейін істі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөліміне тапсырады. Бұл мекеменің қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырады. Бұл 2-ден 3 сағатқа созылады», - деді Бурабай ауданы әкімі аппаратының басшысы Қасымхан Мәжіков.
«Адамдар жауапкершілікті сезінбегендіктен осындай жағдай қалыптасты. Менің ойымша, оны тоқтатудың жалғыз ғана жолы - ТЖ режіміндегідей блокпост қою», - деді ауданның бас санитар дәрігері Сералы Жолдоспаев.