513
Атырауда ковид-такси қызметі іске қосылды
Атырауда ковид-такси қызметі іске қосылды
Атырауда ковид-такси қызметі іске қосылды. Қазіргі уақытта ковид-такси пневмония және коронавирустан үй жағдайында емделіп жатқан науқастарға қызмет көрсетуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің Facebook парақшасында хабарланды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ковид-такси қызметі ел бойынша бірінші болып Атырау облысында ұйымдастырылып отыр. Әзірге ковид-такси түнгі кезекте қызмет көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта олардың санын көбейту жоспарлануда.
Облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, соңғы кездері оларға түсіп жатқан шақыртулар өте көп. Бұрын тәулігіне 700-800 шақырту болса, енді 1300-ге дейін артқан.
"Ковид-такси толыққанды бригадамен тең дәрежеде медициналық қызмет көрсете алады. Ковид-такси коронавирус, пневмонияға шалдыққандармен бірге, қызуы көтеріліп тұрған науқастардың шақыртуына да барады. Және егер коронавирусқа шалдыққан науқас дәрігердің қабылдауынан шығып, үйіне жете алмай тұрған жағдайларда ковид такси қызметін пайдалана алады", - дейді Наргиз Баймолдаева.
Ковид-такси бригадасында жүргізуші мен фельдшер болады, бір артықшылығы, жүргізуші алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Бұдан басқа, пневмония, коронавирус жұқтырған науқастар ковид-такси қызметін дәрі-дәрмек тасымалы үшін де пайдалана алады.
Айта кетейік, ковид - таксиді тұрғындар 103 номері арқылы шақыра алады.