16 Шілде, 12:40 445 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

COVID-19: Қазақстанда 306 науқас ауыр халде жатыр

Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан 306 адамның жағдайы ауыр. Оның ішіндегі 41 науқастың ахуалын мамандар өте ауыр деп бағалап отыр. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. 

«Қазіргі уақытта ауыр жағдайдағы науқастарымыз жансақтау мен анестезиология бөлімінде емделіп жатыр. Олардың саны – 306 адам. Ауыр жағдайда 265 сырқат, өте ауыр жағдайдағы 41 науқас бар. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 67 науқас (коронавирус жұқтырған) ем қабылдауда. Инвозивті емес өкпені жасанды желдету аппаратында 133 сырқат жатыр. Өзінше демалатын оксигенотерапия алып жатқан сырқаттардың саны – 106. Өз бетінше демалатын науқастардың саны – 9265 науқас», - деді комитет төрағасы.

Т.Сұлтанғазиевтің сөзінше,  осы жарты жылдықта Қазақстанда 98 мың адам адам пневмонияға шалдыққан. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 50 пайыздан асқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова елімізде өкпе қабынуы коронавирус статистикасында неліктен есепке алынбайтындығын түсіндірген болатын.

«Біз қазір халықаралық ұйымдармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні ДСҰ ұсынымына сәйкес, статистикаға ПТР-дің оң нәтижесі бар жағдайлар ғана кіріп отыр», – деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар