15 Шілде, 10:35 439 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Карантин кезінде қанша адам жұмыссыз қалды – министр жауабы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде індет кезінде орын алған жұмыссыздық проблемасына қатысты пікір білдірді.

«Бұл мен үшін де күрделі сауал болып тұр. Өйткені, біздегі жұмыссыздық деңгейі мен жұмыссыздар санын ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті қадағалап отырады. Өкінішке қарай, олар әлі ресми деректерді жариялаған жоқ. Екінші тоқсанның мәліметтері 12 тамызға қарай болады. Дегенмен, біз еңбек нарығына бағдарлануға тиіспіз. Екінші жағынан жұмыспен қамту орталықтарына тіркелу де жұмыссыздық деңгейінің бейнесін көрсете алады. Сондықтан біз өзіміз де бағалап жатамыз. Әр өңірдің санитар дәрігерінің шешімін, қандай кәсіпорындар қызметі шектелгенін, онда қанша адам жұмыс істеп жатқанын қаперге аламыз», – деді министр.

Оның айтуынша, елімізде жұмыссыздық деңгейі сәуір айында шырқау шегіне жеткен. Сол айда республикада 4 млн 200 мың адам жұмыссыз қалған.

«Одан кейін шектеулер алынған жоқ, жұмыссыздық деңгейін 1 млн 145 мың адам деңгейінде бағаладық. Маусымда біршама еркіндік болып, жұмыссыздар саны шамамен 735 мың адамға дейін төмендеді. Шілдеде шектеу шаралары күшейтілді. Шамамен 1 миллионға жуық адам жұмыссыз қалар деп ойладық. Қазір карантин жалғасуда және айдың соңында баға береміз», – деді Біржан Нұрымбетов.

Соңғы жаңалықтар