266
Жамбыл облысына 98 млн теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді
Жамбыл облысына 98 млн теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді
Жамбыл облысында коронавирус пен пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр. Өңірге 9-11 шілде аралығында 98 млн 383 мың теңгеге дәрі-дәрмек партиясы жеткізілген.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік ақпарынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы "СК-Фармация" ЖШС-нің өңірдегі өкілдігімен бірлесіп, жетіспеушілігі туындап отырған дәрі-дәрмектер бойынша өтінім жіберген. Нәтижесінде, 9-11 шілде аралығында 98 миллион 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектердің ауқымды партиясы жеткізілген. Олар пневмония және COVID-19-ды емдеуге арналған.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов атап өткендей, препараттар облыстық ауруханаларға үлестірілген. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектер аудандық медициналық мекемелерге жіберіліп жатыр. Жеткізілген дәрі-дәрмектердің қатарында антибиотиктер (1300 ампула), антикоагулянттар (2585 ампула), витаминдер (45,170 ампула), дексаметазон (1850 ампула) бар.
"Бұдан бөлек, бірер күнде дәрі-дәрмектердің жаңа жеткізілімі күтіліп отырғанын айтқым келеді. Біз 700 миллион теңгеге қосымша өтініш жібердік", - дейді Марат Жұманқұлов.
Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер дәріханаларға да жеткізілмек. "Ірі дәрі-дәрмек жеткізушілерімен тауарларды уақтылы жеткізіп отыру бойынша келісімшарттар жасалған. Мәселен, бүгінде "Әмір және Д" дәріханаларына 100 миллион теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмектер әкелінген", - дейді Жұманқұлов.