289
"Аймағамбетов ойлануы тиіс": Президент мектептегі тәрбие жұмыстарын күшейтуді тапсырды
"Аймағамбетов ойлануы тиіс": Президент мектептегі тәрбие жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Білім беру ісінде балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу мәселесі назардан тыс қалмауы керек. Бұл жөнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Адамдарға жылдар бойы табиғатты ластамау керектігі түсіндірілмеген. Бұл бір. Екіншіден жануарлар әлемі туралы. Жақында Маңғыстау облысының Ақтау қаласында бір оқиға болды. Онда адамдар итбалықтарды таяқпен, таспен ұрып жүр. Екінші жағынан балалар мен жасөспірімдерді бұл қылықтары үшін тағы кінәлай алмайсың. Себебі үйде болсын, мектепте болсын оларға бұл әрекеттің дұрыс еместігін ешкім де түсіндірмеген. Мен итті қылқындырып, күшікті өртеп жіберетін «қатардағы» жағдайларды айтып тұрған жоқпын. Менің ойымша, Аймағамбетов (Білім және ғылым министрі) бұл мәселеге байланысты ойлануы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, 6 шілде күні әлеуметтік желіде демалып жатқан адамдар Каспий итбалығына тас лақтырған сәті таспаланған видео тарады. Аталған дерек бойынша Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы облыстық полиция департаментіне хат жолдап, жануарды қорлаған адамдарды жауапкершіліке тартуды өтінді.
Көп ұзамай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет итбалықты қорлаған қаскөйлер қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.