181
Заңсыз сауда: Алматыда 35 мың дәрі-дәрмек тәркіленді
Заңсыз сауда: Алматыда 35 мың дәрі-дәрмек тәркіленді
Алматы полициясы заңсыз дәрі-дәрмек сатқан екі азаматты ұстады.
«Үш күн ішінде дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сату бойынша 11 фактінің жолы кесілді. Тінту кезінде 24 мың дәрі-дәрмек құралдары бар 1200 пакет, сондай-ақ жалпы сомасы 2,5 миллион теңгені құрайтын COVID-19 анықтайтын 9 мың экспресс-тест алынды. Тәрлкіленген заттардың арасында қытайлық Парацетамол да болды. Қазіргі уақытта бұл препаратты Қазақстанға жеткізу арнасы анықталуда. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
ҚазАқпараттың жазуынша, бүгін криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп опа-далап сататын дүкенде жерасты дәріханасын ашқан екі азаматты ұстады.
Дүкенде қызметтің осы түріне лицензиясы болған жоқ. Тергеу барысында аталған мекемеде 11 мыңнан астам әртүрлі дәрі-дәрмек және жалпы сомасы 1 119 200 теңгені құрайтын 100-ден астам ампула тәркіленді.
Еске салайық, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі елімізде рейд өткізіп жатыр. Тексерудің мақсаты – карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, респираторлық-вирусты ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен азаматтарды анықтау.