287
Оңтүстікте егін орағы басталды
Оңтүстікте егін орағы басталды
Биыл елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 22,5 млн гектарды құрады, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 238 мың гектарға артық. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты.
Вице-министрдің айтуынша, коронавирус пандемиясы салдарынан шектеу шараларына қарамастан, шаруалар жеңілдетілген жанар-жағармай, сапалы тұқым, тыңайтқыштар және техникамен дер кезінде қамтылды.
Бүгінгі күні егіннің жағдайы облыстардың деректеріне сәйкес дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егістігінің жай-күйі 48% алқапта жақсы, 49% қанағатты және 3% нашар деп бағалануда. Бұл ретте егіннің жағдайы ауа райына тікелей байланысты.
«Еліміздің оңтүстік өңірлері жаңа егін жинауға кірісті. Мәселен, Жамбыл және Түркістан облыстарында күздік дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жүргізілуде, 93 мың га бидай және 26 мың га арпа орылды. Орташа өнімділігі - 17,0 ц/га. Сондай-ақ картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жиналып жатыр. Ал негізгі астық егетін облыстарда жаздық бидай егісінің түтікке шығу фазасына көшуі байқалады. Аталған облыстарда астық жинау тамыздың ортасынан басталады», - деді Айдарбек Сапаров.