713
Жамбыл облысында «Парацетамолды» базарда тиісті рұқсатсыз сатқандар ұсталды
Жамбыл облысында «Парацетамолды» базарда тиісті рұқсатсыз сатқандар ұсталды
Дәріханаларды тексеру барысында дәрі-дәрмектер бағасын негізсіз қымбаттату, кассалық аппараттарды әдейі өшіру деректері анықталды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлының айтуынша, елорда дәріханаларда мониторинг қорытындысы бойынша «Амлодимед» препаратының бағасын 327 теңгеге, ал «ЦЕФ-3» препаратының бағасын 2 950 теңгеге көтеру фактілері анықталған.
Ал Жамбыл облысында дәріханаларда тапшы болып отырған «Парацетамолды» базарларда тиісті рұқсатсыз сатылғандығы белгілі болды.
Алматы облысында шекті сомасы 1 382 теңге болатын «Аспирин-Кардио» 3 500 теңгеге, «Зитмак» 4 052 теңгенің орнына 7 000 теңгеге, ал «Ципролет» 1 260 теңгенің орнына 2 200 теңгеге сатылған.
«Сондай-ақ, кейбір дәріханалар кассалық аппараттарды әдейі өшіретіні анықталды. Батыс Қазақстан облысында шекті құны 118 теңгелік маскалар дәріханаларда 150 теңгеден сату фактісі анықталды. Павлодар облысында дәріханалардың бірінде сатып алынған «Парацетамол» біздің еліміздің аумағында тіркелгеніне күмән туғызды. Өйткені оның қаптамасында мемлекеттік тілде жазбасы жоқ және медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық берілмеген. Түркістан облысында «Клавам» препараты 980 теңге орнына 1 680 теңгеге сатылған. Сондай-ақ, аталған облыста өз қызметін тиісті рұқсатсыз жүзеге асыратын дәріхана анықталды», - деді Ғанижан Асанұлы.
Департамент басшысы барлық анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданғанын жеткізді.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жасаған телевизиялық үндеуінде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз қымбаттатқандар жазаланатынын ескертті.
Бұған дейін Атырауда дәрі-дәрмекті он есе қымбатқа сатқан емхана басшысы ұсталғанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ, Алматы полициясы жүргізген рейд барысында дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алуды ұйымдастырған екі адам ұсталды.