248
Дәрі-дәрмек нарығында дүрбелеңге жол берілмейді – Б.Сағынтаев
Дәрі-дәрмек нарығында дүрбелеңге жол берілмейді – Б.Сағынтаев
Алматы дәріханаларында бірнеше күннен бері кезек толастар емес. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға жағдайды түсіндіріп, дүрлігуге себеп жоқ екенін жеткізді.
"Сұранысқа ие препараттарға деген қажеттілікті тұрақтандыру үшін 1 шілдеден бастап дәріханаларға 475 мың дана әлеуметтік маңызы бар препарат, соның ішінде 260 мың парацетамол, 98 мың аспирин, 35 мың ингавирин, 22 мың азитромицин, 15 мың кардиомагнил және басқа да дәрі-дәрмектер түсті", - деп жазды шаһар басшысы Facebook парақшасында.
Б.Сағынтаевтың сөзінше, қала дәріханаларына 30 мың термометр қойылды. Ал қоймаларда әлеуметтік маңызы бар 645 мың дәрі-дәрмек, соның ішінде 301 мың аспирин, 84 мыңкардиомагнил, 73 мың парацетамол, 42 мың ибупрофен, 26 мың амоксиклав және басқа да дәрі-дәрмек бар.
"Күн сайын қаладағы 105 дәріханаға дәрі-дәрмек жөнелтіледі. Бірақ олар тез сатылып кетуде. Десе де, іркіліс болмайды. Шілде айының соңына дейін 1,2 миллион аспирин, 930 мың парацетамол, 350 мың ибупрофен, ингавириннің 100 мың қаптамасы, 80 мың азитромицин, 40 мың тамифлю және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер жеткізіледі", - деп жазды қала әкімі.
Шаһар басшысы жағдайдың бақылауда екеніне, дәрі-дәрмек нарығында дүрбелеңге жол берілмейтініне сендірді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда дәрі-дәрмекті жаппай сатып алушылар ұсталғанын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ, Қазақстан аумағына дәрі-дәрмек жеткізу процесі жеңілдетілділгені жайлы жаздық. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, дәрі-дәрмек оңтайландырылған тәртіппен қоймалардан бөлшектік компанияларға түсе бастады. Алдағы уақытта ол дәрі-дәрмектер дәріханаларға жеткізіледі.