264
"Бомба бар": Ұстазымен әзілдескісі келген жасөспірім тергеуге алынды
"Бомба бар": Ұстазымен әзілдескісі келген жасөспірім тергеуге алынды
Павлодарда жарылғыш зат туралы жалған ақпарат хабарлаған 15 жастағы жасөспірім ұсталды. Бұл жайында Polisia.kz порталы хабарлады.
30 маусымда жедел басқару орталығына Павлодар қаласының тұрғыны хабарласқан. Ол белгісіз бір кісінің хабарласып, өзі тұратын Назарбаев көшесінде орналасқан үйдегі пәтердің бірінде бомба қойылғанын айтқан.
"Оқиға орнына жедел әрекет ететін мамандар дереу келіп, тұрғын үй мен пәтерді сапермен тексерді. Ешқандай жарылғыш зат табылмады", - делінген ақпаратта.Жедел қызмет жүргізген іс-шара нәтижесінде қоңырау соққан 15 жастағы жасөспірім анықталды. Оның айтуынша, бала үйінде отырып, әзіл үшін мұғаліміне хабарласып, жарылғыш зат қойылғанын айтқан. Қазіргі кезде ол анасымен бірге полицияға жеткізіліп, тергеуге алынды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабы ("терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетейік, терроризм туралы көрінеу жалған хабарлама қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады және мұндай әрекет үшін бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бес жылға дейін бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеледі. Сондай-ақ заңда осынша уақыт түзеу жұмыстарына тарту да қарастырылған.