Кездейсоқ кездесулерде кесел жұқтырған

Кездейсоқ кездесулерде кесел жұқтырған

Кездейсоқ кездесулерде кесел жұқтырған
ашық дереккөзі
362
Әрбір науқасты емдеуге мемлекет жылына 500-900 млн теңге шығындауға мәжбүр Еліміздің ақ халаттылары АИТВ (ВИЧ) індетін жұқтырғандар саны артып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұрын нашақорлар арасында ине арқылы кең тараған қатерлі инфекцияны бүгінде жыныстық жолмен жұқтыратындар көбейген. Айықпас дертке шалдыққандар саны әсіресе Ақтөбе және Атырау облысында артып барады.

АИТВ-дан мұғалімдер де аман емес

Атырау облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығы мамандарының дерегіне сүйенсек, қан немесе жыныстық жолмен жұғатын ауру алғаш рет Атырауда 1993 жылы қазан айында тіркелген. Ауруды осы қалада тұратын Ресей азаматы таратыпты. 1993-2000 жылдар аралығында бұл індетті бір-екі адам ғана жұқтырса, қазір науқастар саны күрт өскен. Бүгінде облыста ВИЧ жұқтырған 211 адам бар. Айықпас дертке шалдыққан 3 келіншектің жүкті екені белгілі болды. «Қазір Атырауда айықпас дертке шалдыққан 211 адам тұрып жатыр. Оның 58-і – шетелдік азамат. 115-і – жергілікті тұрғын. Өткен жылдың өзінде 11 адамның бойынан қауіпті кеселдің белгісі анықталды», – дейді Атырау облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Омарова. Бұрын бұл кесел нашақорлар арасында кеңінен таралатын, ал қазір қатерлі инфекцияның 80 пайызы жыныстық жолмен жұғады. «АИТВ жұқтырған қыз-келіншектердің арасында жеңіл жүрісті қыздар әлі де көп. Алайда мұндай азғын әрекеттерден аулақ әйелдердің арасында да індетке шалдыққандар кездеседі. Көбінесе, өздерінің күйеуінен жыныстық жолмен жұқтырып алып жатады. Яғни, еркектердің бейберекет жүрісінен жапа шегіп отырған әйелдер де аз емес», – дейді дәрігер-гинеколог Райза Бекесова. Атырауда 2006 жылдан бері АИТВ жұқтырған науқас әйелдерден 31 дені сау бала дүниеге келген. Қазір қатерлі дертке шалдыққан 3 жүкті келіншек дәрігерлердің жіті бақылауында. «Жүктіліктің 14 аптасынан бастап антиретро вирусты препараттар береміз. Оны босанғанша қабылдауы тиіс. Вирусты екі рет тексереміз. Егер вирус азаймаса, онда міндетті түрде отамен аламыз, егер вирус мыңнан төмен болса, 39-40 аптаға дейін өзі босануға мүмкіндік береміз. Босанғаннан кейін 8 сағаттың ішінде балаға дәрі беріледі. Нәрестені емшек сүтімен емізуге болмайды», – дейді Атырау облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының емдеу бөлімінің меңгерушісі Баян Аустниязова. Ақтөбелік дәрігерлер де АИТВ індетіне шалдыққандар саны көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Олардың басым бөлігі – дертті жыныстық жолмен жұқтырғандар. Облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығы мамандарының айтуынша, инемен есірткі қолданатын нашақорлардың арасында ауруға шалдыққандар саны азайып келеді. 2006 жылы бұл көрсеткіш 93 пайызды құраса, қазір олардың 15 пайызы ғана ВИЧ-ке шалдыққан. Мамандар жұқпалы аурудың жастар арасында белең алып бара жатқанын да айтуда. Жыл басынан бері өңірде АИТВ инфекциясына қатысты 10 дерек тіркелген. Оның жетеуі – жыныстық жолмен жұқтырғандар. – Бұрын бұл індетке коммерциялық секс қызметкерлері мен нашақорлар ғана шалдығатын. Енді жаппай халықтың арасына тарап бара жатқандығы алаңдатады. Әсіресе ер адамдар көп. Тіркеуде тұрғандардың 57,8 пайызы ер адам болса, 42,2 пайызы – әйелдер. Ер азаматтар бейберекет жыныстық қарым-қатынасқа жиі барады. Интернет пен кафеде танысып, бейтаныс әйелдермен жақындасады. Бізге келгендер кей ер адамдар 10-12 әйелмен жақындасқанын мойындады. Бірақ бірінің де толық аты-жөнін не телефонын білмейді. Осыдан кейін ВИЧ жұқтырғандарды табу қиынға түседі, – дейді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың профилактика бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева. АИТВ-ның алдын алу жұмыстары нәтиже бермей тұрғандықтан, мамандар жергілікті тұрғындарды БАҚ арқылы құлақтандырып, сақтық шараларын күшейтуге кірісті. Таяуда «Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребава арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қатерлі инфекцияның қаупі артып бара жатқанын ескертіп, сақтану жолдарын түсіндірді. Оның дерегінше, АИТВ жұқтырғандар Хромтау мен Бадамшада көп. Дәрігерлер мұны бұл өңірлердің Ресеймен шекаралас жатқандығымен байланыстырады. Бір ғана Орынбор облысында АИТВ дертіне 20 мыңнан астам адам шалдыққан. Олардың арасында нашақор немесе жұмыссыздардан гөрі жайлы жұмысы бар, тұрмыс жағдайы жоғары адамдар көп. Әзірге Әйтеке би мен Ойыл ауданында ВИЧ жұқтырғандар тіркелмеген. Алайда бұл онда дертке шалдыққандар мүлдем жоқ деген сөз емес. Өйткені дәрігерлер өз еркімен келгендерді ғана тексереді. Ауыл жастарының АИТВ туралы хабары аз. Жыныстық қарым-қатынастан сақтану жолдарын білмейді. Қарағанды облысындағы жағдай да мәз емес. АИТВ инфекциясы, әсіресе, білім қызметкерлерінің арасында өршіп тұр. Облыста айықпас дертке шалдыққан педагогтардың саны 47-ге жетті деп хабарлады Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары. «Қарағанды облысы бойынша АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың статистикасы әлі де болса күрделі. 2016 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, өңірде аталған дертті жұқтырған 4415 адам тіркелсе, СПИД-ке шалдыққан 920 науқас бар. Жұқтырғандардың 51-і кішкентай балалар. Сондай-ақ, 1791 адам АИТВ-ны жыныстық қатынас салдарынан жұқтырған», – дейді аталған орталықтың психологы Динара Балғымбекова. Маманның айтуынша, бүгінде аты жаман аурумен ауыратындардың әлеуметтік портреті өзгерген. Мәселен, бұрындары ВИЧ-ті тек нашақорлар, жезөкшелер жұқтырса, қазіргі таңда аталған кеселге мұғалімдер де шалдығуда. Ауыратындардың дені 20-50 жас аралығындағы азаматтар, олардың барлығы дерлік инфекцияны жыныстық жолмен жұқтырған. Сондай-ақ, педагогтардан бөлек бұл тізімде дәрігерлер, полиция қызметкерлері және кәсіпкерлер де бар. «Мұндай әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін азаматтар ешқашан есірткі пайдаланып, ішкілікке салынбайды. Яғни, ВИЧ оларға жыныстық қатынастан жұққан. Қарағанды облысы бойынша аурудың ең көп тіркелген ошақтары Бұқар жырау мен Нұра аудандарында. Қаражалда да инфекция жұқтырғандар қатары артып келеді», – дейді Д.Балғымбекова.

Аурудың өршуіне мамандардың салғырттығы себеп

Өкінішке қарай, дерттің өршуіне сала мамандардың біліксіздігі мен немқұрайлылығы да әсер етіп отырғаны айқын. 2006 жылы Шымкентте ақ халаттылардың салғырттығы салдарынан 149 баланың АИТВ инфекциясын жұқтырғаны көзі қарақты оқырманның есінде болар. Бүгінде республикада 26 300 адам АИТВ дерті бойынша тіркеуде тұрса, оның 2 735-і – ОҚО тұрғыны. Олардың 224-і кәмелет жасына толмаған. Жыл басында осы аймақтағы АИТВ індетіне шалдыққан балалардың ата-анасы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес орталығының қызметіне көңілі толмайтындығын айтып шағымданған болатын. Ата-аналардың айтуынша, орталықтағы тест қондырғысы ескі болғандықтан балалардың қанындағы вирусты анықтау дұрыс жүргізілмейді. Салдарынан талдау қорытындысы қандағы вирустың көп екендігін көрсеткен. 2006 жылы баласы дертке шалдыққан Қанат Әлсейітов жергілікті «Оңтүстік рабат» газетіне берген сұхбатында: «Дертке қарсы қабылдап жатқаны 80-90 жылдар аралығындағы шыққан дәрілер. Одан бері 30-дан астам жаңа препараттар шығыпты. Біз бұл жағынан көштен қалып келеміз. Екіншіден, диагностикаға көңіліміз толмайды. Орталықтың анализ жасайтын құрылғыларының сапасы өте төмен. Олардың вирусты анықтауда әлдеқайда нашар екендігін салыстыра отырып байқадық», – деген болатын. Ата-аналардың шағымына ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов жауап берді: – Кез келген аурудың емін жүргізу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен хаттама түзіледі. Соның ішінде АИТВ инфекциясын емдеу үшін де арнайы бұйрықпен хаттама бекітілген. Онда науқастарды емдеуде қолданылатын препараттардың тізімі көрсетілген. Орталықта сол хаттамада белгіленген препараттар қолданылады. Сондай-ақ, медициналық құрылғыны сатып алу үшін міндетті түрде ҚР тіркелген және қолдануға рұқсат етілген деген қорытындысы болу керек. Орталықта қолданылып жатқан қандағы вирусқа талдау жасайтын «ПЦР» анализаторы Қазақстанда ресми тіркелген және қолдануға рұқсат берілген аппарат. Бұл өңіріміздегі ең соңғы заманауи диагностикалық құрылғылардың бірі. Ретровирусқа қарсы терапия өмір бойы, үздіксіз жүргізіледі, ал ата-аналардың талабы бойынша препараттарды өзгерте беретін болсақ, сол дәрмектерге вирустың төзімділігі қалыптасу және препараттар әсер етпей қалу қаупі туындайды. Сондықтан, емдеу шаралары басталғанда қандай препарат тағайындалса, емді мүмкіндігінше сонымен жалғастырған дұрыс. Ал оған аллергиясы анықталса немесе жанама, кері әсер еткенде ғана препарат ауыстырылады, – дейді маман.

АИТВ әлемде 30 млн адамды жалмады

АИТВ дерті алғаш тіркелген өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бүгінгі күнге дейін әлемде бұл дерттен 30 миллион адам қайтыс болған. Олардың көбі – жұмыс істеуге қабілетті жастағы азаматтар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды АИТВ инфекциясы ең аз тараған елдер қатарына жатқызады. Әйтсе де, елімізде қауіпті індетті жұқтырған, одан көз жұмған адамдардың саны артып келе жатқанын жасыру мүмкін емес. Мәселен бір ғана Қарағанды облысында осы дертке шалдыққан алғашқы адам анықталған 1990 жылдардан бастап қазіргі кезге дейін 4,5 мыңға жуық науқас тіркелген. Өкінішке қарай, олардың 1800-і қайтыс болып кетті. Ал тікелей ЖИТС-тен аймақта 800 адам көз жұмған. АИТВ ағзаның қорғаныш жүйесін зақымдайды. Оны жұқтырған адамдардың көпшілігі бірнеше жылға дейін өзінің ауырғанын сезбей, сау адамша жүруі мүмкін. Дертке шалдыққан адам тиісті ем алмаса, уақыт өте келе оның бойындағы бұл дерт асқынып, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (СПИД) ұласуы мүмкін. Яғни ЖИТС – бұл аурудың ең ақырғы сатысы. Алайда бұл туралы хабары аз болғандықтан, көпшілік АИТВ-ға шалдыққандарға үрке қарайды. Аурудың тұрмыстық жолмен берілмейтінін, тек инемен есірткі қолдану, жыныстық жол мен қан арқылы ғана тарайтынын біле тұра, қоғам қауіпті инфекция жұқтырғандардан іргесін аулақ салады. Сол себепті олар өздері туралы ешкімге айта бермейді. Еліміздің ешбір заңнамалық құжатында АИТВ дертіне шалдыққандар жұмыстан шеттетілсін деген талап жоқ. Алайда Астанадағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаның айтуынша, қауіпті инфекция жұқтырғандарды жұмыстан шығарып жіберу фактісі жиі тіркеледі екен. АИТВ дертімен ауыратындардың 85 пайызы 20-39 жас арасындағы өмірге бейім адамдар екенін ескерсек, жұмыссыз қалу оларды әлеуметтік және психологиялық түйткілдерге әкеп тірейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан орталық мамандары тіркеуде тұрған науқастар жайлы деректерді мейлінше құпия ұстауға тырысады екен. Еліміздің барлық қалаларындағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталықтары АИТВ-ға шалдыққан науқастарды ЖИТС сатысына жеткізбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. ЖИТС-тен әлі ешкім жазылған емес, өйткені оның шипасы табылған жоқ. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өткен жылғы баяндамасына сүйенсек, соңғы 15 жылда бұл айықпас дерттен қаза тапқан жасөспірімдердің саны үш есеге артқан. 2014 жылы аталған ауру салдарынан он бес жасқа дейінгі 150 000 жеткіншек қаза тапты. Олардың 90 пайызы Африка елдерінде тұрған өрімдер. Статистика көрсеткендей, ғаламшарымызда ВИЧ жұқтырған 15 жастан жоғары 17,4 миллион нәзік жанды өмір сүреді екен. Бүгінгі күні елімізде АИТВ инфекциясын жұқтырған әрбір науқасты емдеуге мемлекеттен жылына 500-900 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Әрқайсысының дерті түрлі сатыда болғандықтан, ем әртүрлі деңгейде қабылданады. Айталық, біреуіне бір ғана дәрілік препарат жеткілікті болса, екіншісі екі-үш дәрі қабылдауы мүмкін. Сала мамандары дәрілердің нақты бағасын айтпағанымен, мемлекеттік бюджетке аз салмақ түсірмейтінін емеурінмен ұқтырады. Сондай-ақ, тіркеуде тұратындардың әрқайсысы алып жүрген емінің тиімділігін және иммундық жүйенің жағдайын бағалау үшін жылына кем дегенде екі рет зертханалық тексерістен өтіп тұрады. Астанадағы СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаның айтуынша, елімізде қолданылатын анализдер әлемдік медицинадағы қымбат анализдердің қатарына жатады. Әрбірінің құны 20 мың теңге көлемінде. Науқастардың қалтасына түсетін салмақты азайту үшін мемлекет мұны да өз мойнына алып отыр. Мамандар есірткі қабылдайтын науқастармен күресте дәрменсіз. Өйткені олар өз денсаулығына көңіл бөлмейді, науқас екенін біле тұра есірткі қолдануды тоқтатпайды. Ине арқылы жұқтырғандарды бақылау қиын болғанымен, инфекцияның жыныстық жолмен таралуын шектеуге болады. Теледидардан да, радиодан үздіксіз берілетін бейнероликтердің, мектептерде, жоғары оқу орындарында оқылатын дәрістер мен семинарлардың да мақсаты сол. Алайда көп адамдар ондағы айтылатын деректерді өздеріне қатыссыз деп есептейді. Жүргізілген сауалнамалар барысында жастар АИТВ туралы білгенімен, одан сақтану шараларын жасамайтындарын ашық айтқан. Сөйтіп, кездейсоқ қатынастар арқылы өз өмірлерін қауіпке тігетінін сезінгісі келмейді. Ғылыми әдебиеттерде ВИЧ жұқтырған адам отыз жыл өмір сүреді делінеді. Бірақ отандық дәрігерлердің айтуынша, біздің еліміздегі науқастардың өмір сүру ұзақтығы бұдан әлдеқайда аз. Сондықтан мамандар мейлінше кездейсоқ кездесу, қауіпті қатынастардан абай болу керектігі туралы айтудан шаршамайды. Науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттыру – бір мәселе болса, сау азаматтарды АИТВ жұқтырудан сақтандыру – екінші түйткіл. Ұлт саулығы – қазақтың санын көбейтуді мақсат тұтқан мемлекеттің басты мұраты екенін ескерсек, ұл мен қыз өсіріп отырған ата-ананың ұрпақ тәрбиесін босаңсытуға қақы жоқ.  

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары