Әлемдегі қандастар: кеше, бүгін, ертең

Әлемдегі қандастар: кеше, бүгін, ертең

Әлемдегі қандастар: кеше, бүгін, ертең
ашық дереккөзі
1193

Тағдыр тәлкегіне түскен ұлт

XX ғасыр қазақ халқы үшін бейнеті зор ғасыр болды. Тарихи деректердің негізінде қазақ халқының саны кейінгі ғасырда қалай өзгергеніне назар аударайық. 1897 жылғы Ресей империясындағы санақ бойынша Қазақстанда 4 млн 333 мың халық тұрса, соның ішінде  қазақтардың саны 3 млн 392 мың адам болып, жалпы халықтың 81,7%-ын құраған. Есепке 60 ұлт өкілі алынған. 1917 жылғы мәліметтер бойынша халық саны 6 млн 218 мың адам, қазақтар 3 млн 615 мың, яғни, үлесі 58 % кеміді. 1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6 530 мың адам тіркелген. Қазақ үшін ең ауыр кезең осы жылдар болды. 1920-1921 жылдардағы ашаршылықтан қырылып, қуғын мен тонаудан 1 млн 500 мыңнан астам адам жапа шекті.  1931-1933 аштықтан 2,1 млн адам қырылды. Екі зұлмат аштықтан 3 млн 600 мың қазағымызды жоғалттық. Қазақтың саны 2 млн  327 адамға кеміді. Жалпы халықтың ішінде алатын үлесі 37,8%-ға, яғни 1,6 есеге қысқарды. 1959 жылғы халық санағы бойынша Халық саны – 9 млн  309 мың адамды құрады. Қазақтар – 2 794 966, халықтың 29,85%-на дейін азайды. Республикадағы 100 адамның 29-ы ғана қазақ болды. Бұл өз елімізде! Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстаннан майданға 1 млн 400 мыңдай адам аттанған. Ресейдің әскери деректеріне сенсек, 126 мыңға жуық қазақ жауынгері қаза тапқан. 1979 жылы халық саны 14 млн  684 мың адамға жетті. Қазақтың саны – 5 млн 289 мың болды.  Бұл халықтың 36,02%-ы. Кеңес Одағында соңғы рет өткізілген 1989 жылғы санақта Қазақстанда 16 млн 464 мың адам өмір сүрген. Соның ішінде каракөз бауырларымыздың үлесі 39,69%-ы құрап, 6 млн  534 мың адам болды.  width= 1897 – 1989 жылдардағы қазақ халқының санының өзгеруі  Жоғарыдағы суреттен көретініміз, қазақ халқының саны 1897-1989 жылдары 3 млн 392 мың адамнан 6 млн 534 адамға ғана өскен. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, өзбектер 1897-1989 жылдары 1 млн 690 мыңнан 14 млн 142 мыңға, қырғыздар 200 мыңнан 2 млн 229 мыңға дейін өскен.  width= 1897-1989 жылдардағы қазақ халқының жалпы халық санындағы үлесі, %.  Бұл суреттен көргеніміздей қазақ халқы өз жерінде этникалық азшылыққа айналды. Бір ғасырдың ішінде екі империяның қол астында болып, революцияны, азаматтық соғысты, күштеп ұжымдастыруды, аштық зұлматын, қанды террорды және репрессияны,  Ұлы Отан соғысын, тың игеруді басынан өткізді. Осы жылдары қазақ халқы өзінің санының жартысынан айрылды. Қаншама қазақ ағайын шетелге босып кетуге мәжбүр болды. Еліміздегі қазақ ағайынның да жағдайы мәз болмады. Мектептердің 30-%-ы ғана қазақ тілінде оқытты. Ұрпақтың мәңгүрттену қауіпі туындады.

Қандастардың елге оралуы

Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап ата жұртты аңсаған қандастарымыз елге орала бастады. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматы қаласында дүние жүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен құрылтай өткізілді. Құрылтай қарсаңында қазақ ұлтының саны әлемде 10 млн.асқан болатын.  Қазақ халқының ширек бөлігі шет мемлекеттерде тұрып жатты. Дүние Жүзі Қазақтарының Құрылтайына алыс және жақын шет елдерден делегаттар қатысты. Құрылтайға қатысушылар Түркістан, Ұлытау еліміздің ежелгі тарихи жерлерінде болып, ата жұртымен қауышты. Құрылтай күндері «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференцияда Нұрсұлтан Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Осы конференцияда Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Назарбаев сайланды. Қауымдастыққа ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік-экономика мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Бұл құрылтай шет елде жүрген қазақтарға олардың артында арқа сүйер іргелі елі барын танытты. Елбасының бастамасымен Қазақстанға 1991-2019 жылдар аралығында 1 млн 100 мыңға жуық қандастарымыз оралды. Бұл 340 мыңға жуық отбасы. Елге оралған қандастарымыздың басым көпшілігі Өзбекстаннан келген 61,1 % , сонымен бірге Қытайдан – 13 %, Моңғолиядан – 11,4 %, Түркіменстаннан -   7 %, Ресейден – 3,7 % және басқа елдерден 3,8 % келген.  width=1991-2019 жылдарда оралған қандастардың келген елдері Репатрианттарды елге орналастыру үшін 2008 жылы «Нұрлы көш»  мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның мақсаты – этникалық көшіп келушілерді ұтымды орналастыру және олардың жайғасуына жәрдемдесу. Осы бағдарламаны іске асыруға 67 689,6 млн. теңге бөлінді. Этникалық репатрианттардың көшіп келуінің неғұрлым жоғары белсенділігі 2004 жылдан 2008 жылға дейінгі кезеңге, этникалық репатрианттардың 43,7 %-ының (439,4 мың адам) келген уақытына тұспа-тұс келеді. Бұл аталған кезең әлеуметтік қолдаудың неғұрлым қолайлы шараларының көрсетілуімен байланысты болды. Мемлекет есебінен тұрғын үй, көшуге субсидия және т.б. қаражат бөлу қарастырылды. Сонымен қатар осы кезде этникалық репатрианттарды мемлекеттік қолдау шараларын талдау оларды көрсетуде жүйеліліктің жоқтығын және пайдаланылатын құқықтық тетіктердің жеткілікті түрде келісілмеуі сипатындағы проблемалар да орын алды. Осы жұмысты одан әрі жүргізу мақсатында 2016 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017 – 2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған болатын. Қазіргі уақытта елге оралған қандастарымыз үшін бейімдеу және ықпалдастыру бойынша 3 орталық бар. Олар Қарағанды, Шымкент қалаларында және Түркістан облысы Ақсукент ауылында орналасқан. Шетелден келген қазақ балаларының жоғары оқу орындарына түсу үшін 2%-дық квота белгіленді. Қазіргі кезде қолайлы жағдайдың ықпалымен демографиялық ахуал түбірімен өзгерді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректерніне сәйкес 2020 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша  18 млн 711 мың халықтың ішіндегі қазақ халқының үлесі 70 %-ға жуықтады. ҚР білім және ғылым министрлігінің деректеріне сай қазақ тілінде білім беретін мектептердің үлесі 70 %-дан асты, жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің 64,5 %-ы мемлекеттік тілде білім алады. Мемлекеттігімізді нығайту үшін ұлттық кодымызды сақтау қажеттігіне Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласында басты назар аударған болатын. Ендігі ұлтымыздың дамуы өз қолымызда екенін көрсете отырып өте қажет бастамалар ұсынылды. Жалпы ұлттық кодымыз ретіндегі мәдениет пен дәстүрімізді сақтауға мән беруіміз орынды. Мәдениеттің өзегі – тіл. Рухани жаңғыру аясындағы қажетті бастама қазақ тілінің латын қарпіне ауысуы. Бұл шараны аса мұқият қарастырғанымыз жөн болар еді. Әліпбиімізді күрделендірмей қолдануын өмірге бейімдеу міндеті тұр. Сонымен бірге, Елбасының тамаша бастамаларының бірі – гуманитарлық ғылымдар бойынша  әлемдегі ең үздік оқулықтарды аударуға арналған «100 жаңа оқулық жобасы». Қазіргі кезде 68 оқулық аударылып оқу орындарына таратылған. Рухани жаңғыру аясындағы «Туған Жер», «Қазақстанның қасиетті географиясы», «100 жаңа есім» жобалары ұлтымыздың  бәсекеге қабілеттілігін арттыруға себепші болатыны сөзсіз.

Қандастар және XXI  ғасыр

 Қазірде әлемнің түкпір түкпірінде қандастарымыз өмір сүріп жатыр. Олардың көпшілігі Қытайда (1 млн 500 мың), Өзбекстанда (800 мыңнан астам),  Ресейде (650 мыңнан астам), Моңғолияда (100 мыңнан астам), Түркіменстанда (40 мың), Қырғызстанда (30 мың) және Түркияда (20 мыңнан астам) тұрады. Бауырларымызбен байланысты орнату мақсатында Елбасы негізін қалаған Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры жұмыс істейді. Жалпы әлемдегі қандастарымыз алдында түрған өзекті мәселелер де баршылық. Өткен ғасырдың ең қиын деген 30-50 жылдары басқа ұлт өкілдерін миллиондап қабылдаған еліміз қазіргі жағдай түзелген кезде шетелдегі ағайынды көптеп қабылдауға шамасы жетеді деп ойлаймын. Жалпы Қазақстанның өзін-өзі қамти алатын экономика құру үшін халықтың саны ұлғайтудың бір жолы болар. Бұл бағытта бейберекет емес кешенді бағдарлама аясында бірінші кезекте білікті мамандарды тарту жұмысы ширақ орындалуы қажет деп ойлаймын. Көші-қон саясаты ретті және елдің дамуына жұмыс істеуі тиіс. Сонымен бірге, шетелдегі жас ұрпақтың ана тілінде білім алуы, оларға қазақ тіліндегі әдебиеттер таралуы және мәдениет пен дәстүрді сақтауы өзекті болып отыр. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының аясында барлық қандастардың бір тудың аясына бірігуі болашақтың үміті. XXI  ғасыр  мың өліп, мың тірілген ұлтымыздың алтын ғасыры болатынына сенеміз.

Елдос Жұмағұлов,

саясаттанушы

   

Серіктес жаңалықтары