208
Берік Уәли Президенттің денсаулығына алаңдағандарға жауап берді
Берік Уәли Президенттің денсаулығына алаңдағандарға жауап берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирусқа тапсырған тест сынамасы теріс нәтиже көрсетті. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
«Соңғы кездердегі эпидемиологиялық жағдайдың өрши түсуіне байланысты, ол күнделікті коронавирусқа тест тапсырып жатыр. Тапсырылған барлық тест сынамасы теріс нәтиже көрсетті. Мемлекет басшысы өзінің қызмет орнында белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес, мемлекеттік органдар мен ведомстволардың басшыларымен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен онлайн-кездесулер өткізуде», - деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, Президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев твит арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеп, Тұңғыш Президенттің өзіне тән мықты рухының арқасында, бұл сынақты да жеңіл еңсеретініне сенім білдірген.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырғанын хабарлағанбыз. Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуді жалғастыруда.