192
Трамп жарлығы: АҚШ полициясына қабылданатын азаматтарға талап күшейтіледі
Трамп жарлығы: АҚШ полициясына қабылданатын азаматтарға талап күшейтіледі
Дональд Трамп полицияны реформалау жөніндегі жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, АҚШ Конгрессі полиция жүйесін реформалау туралы заң жобасын қарауда.
Орталық Азияның жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, АҚШ президенті сейсенбі күні қол қойған жарлықта полиция департаменттеріне бөлінетін гранттардың мөлшері өзгеретіні айтылған.
Сондай-ақ, кадр таңдау талаптары күшейтілмек. Бұдан былай полицияға бұрын заң бұзған адамар алынбайды.
Айта кетерлігі, Ақ үйде өткен жарлыққа қол қою рәсіміне елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полициямен қақтығысып, қаза тапқандардың туыстары да қатысты. Президент тәртіп сақшыларының қоғам алдында есеп беруге тиіс екенін және олардың кәсіби біліктілігі мен моральдық талаптарының көтерілуі туралы мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 25 мамырда АҚШ-тың Миннеаполис қаласында тұтқындау операциясы кезінде полицейдің қолынан қаза тапқан афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімі Құрама штаттарда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде наразылық шерулерінің ұйымдастырылуына түрткі болды. Ереуілшілер нәсілшілдікті, құқыққорғау органдарындағы қара нәсілділерге қатысты әділетсіздікті тоқтатуды талап етті.