324
Түркістан облысында 15 жыл іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды
Түркістан облысында 15 жыл іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды
Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестірілген екі қылмыскерді қолға түсірді, деп хабарлайды өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Саховтың айтуынша, Кентау қаласының ПБ-не ауруханадан пышақ жарақатымен жас жігіттің жеткізілгені жөнінде хабарлама келіп түскен.
Тексеру барысында жәбірленуші Кентау қаласындағы кафелердің бірінде жарақат алғаны анықталды. Осы жайт бойынша 2005 жылы ҚР ҚК 106-бабы 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге іздеу жарияланды. Ол сол аралықтарда бой тасалап, қашып жүрген.
«Осы жылдар бойы полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын тоқтатқан жоқ. Олар таныстар шеңберін және жасырынған қылмыскер тұратын мекенжайды анықтады. 15 жылдан кейін полиция қызметкерлері іздестіріліп жатқан ер адамның ізіне шығып, оны Түркістан облысының бір елді мекенінен ұстады.
Сондай-ақ 2015 жылы Түркістан қаласының ПБ-не жас әйелдің зорланғаны жөнінде арыз келіп түскен. Осы оқиға бойынша полицияда ҚР ҚК-нің 120-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда, қылмыскер қылмыстық қудалаудан жасырынып үлгерген. Бес жыл бойы 35 жастағы ер адамды іздестіру ісі жүргізілді. 2020 жылы мамыр айының ортасында Түркістандық жедел уәкілдер Кентау қаласының маңындағы саяжай алқабында күдіктіні ұстады. Тергеу барысында полицейлер оның осы уақыт аралығында Павлодар облысында жасырынғанын анықтады. Ол жақта да осыған ұқсас қылмыс жасап, оқушы қызды жәбірлеп, туған өлкесіне қайта оралған. Зорлықшы тергеу изоляторында және жақын арада Павлодар облысына этаппен апарылады. Онда оған қатысты біздің әріптестеріміз сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасау жайты бойынша істі сотқа жібереді», дейді Құрманбек Сахов.
Атап өтер болсақ, жыл басынан бері Түркістан облысы ПД полицейлері 52 қылмыскерді қолға түсірді, олардың 10-ы ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін іздестірілуде жүргендер.