Саяси қуғын-сүргін құрбандарына 17 жылда 15 млрд теңгеге жуық қаражат төленген

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына 17 жылда 15 млрд теңгеге жуық қаражат төленген

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына 17 жылда 15 млрд теңгеге жуық қаражат төленген
ашық дереккөзі
2003 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарын біржолғы өтемақы және жәрдемақы ретінде 14,9 млрд теңге төленді. Бұл туралы  Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Халық жауын» анықтау саясатының нәтижесінде көптеген адамдар зардап шекті. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мың адам сотталып, 25 мың адамға ату жазасы қолданылды. Республика аумағында ГУЛАГ–АЛЖИР, Степлаг, Қарлаг құрылымдарының ең ірі лагерлері болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жіберілді. 1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматтары үшін жер аударатын аймақ болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың корейлер, түріктер, ирандықтар, күрдтер және әзірбайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштер, қарашайлар, балкарлар, Қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударды. Олардың саны 1 млн 200 мың адам деп бағалануда. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, негізсіз қуғын-сүргінге ұшыраған және заңға сәйкес ақталған адамдарға көрсетілген жерлерде болуының әр айы үшін, әлеуметтік қорғау органдарына жүгінген кезде қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) төрттен үш бөлігі, бірақ 100 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді. 2003 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі аралықта республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. 2020 жылға арналған республикалық бюджетте көрсетілген мақсаттарға 1 млн теңге көзделген. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға әлеуметтік төлемдердің басқа түрлеріне қарамастан, 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – АМЖ) төленеді (2020 жылғы 1 сәуірден бастап – 2973 теңге). 2005 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде АМЖ 12 млрд теңге сомасында төленді. 2020 жылға АМЖ төлеуге 1 млрд 174,8 млн теңге жоспарланған. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен АМЖ алушылардың саны ағымдағы жылғы 1 мамырға 33 984 адамды құрады. Сонымен қатар, ақталған азаматтар, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнетке шыққан адамдар: - бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне; - кезекті еңбек демалысын өздері үшін ыңғайлы уақытта алуға, сонымен қатар жылына екі аптаға дейін жалақы сақтамайтын қосымша демалыс алуға; - бірінші кезекте телефон орнатуға; - қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыруға, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұруға; - протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз етілуге; - оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардың тегін консультациясын алуға құқылы. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және заңнамаға сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөніндегі шараларды жергілікті бюджеттер есебінен қосымша белгілеуге құқылы. Мәселен, жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек береді. 2020 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 7 090 азаматқа 2 АЕК-тен 150 мың теңгеге дейін 159 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.