378
Ағайын атажұрттан алыстамасын десек...
Ағайын атажұрттан алыстамасын десек...
Тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп отырған ұлттың басты қорғаны – мемлекет және оның мызғымас шекарасы болса, этникалық топтардың қорғаны – тілі, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, демографиясы және тарихи Отаны.
Қазір атажұрттан жырақ әлемнің 40-қа жуық елінде қандастар өмір сүріп жатыр. Олардың басты мұраты – жаһандану дәуірінде жатқа жұтылып кетпеу, ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу. Осы тұрғыдан алғанда, оған дәнекер болар негізгі басымдықтар – білім, мәдениет, әдебиет және ақпарат саласы.
Блім саласы бойынша «Отандастар қоры» Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, алыстағы ағайын үшін онлайн кітапхана жүйесін енгізуде. Кез келген уақытта әлемнің қай түкпірінен болсын, қазақша білім алуға мүмкіндік бар. Рухани-мәдени байланыста өз деңгейінде жүзеге асып жатыр. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қандастар тұратын елдерде орталықтар ашып, тығыз байланыс жасауға атсалысуда. Айта кету керек, кейбір елдің ішкі заңдарына байланысты ондай орталықтар ашуға мүмкіндік болмай отыр.
Ал ақпарат саласына келсек, қазір әлемнің біраз елінде қазақша хабар тарататын телерадио, газет-журнал және интернет сайттар бар. Атап айтқанда, Ресейдің Астрахан, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы Алтай автономиялық облысы, Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары, Монғолияның Баян-Өлгей және Қобда аймағы, Өзбекстанның Науаи, Сырдария, Бұхара, Ташкент облыстары мен Қарақалпақстанның Нөкіс қаласы, Иранның Горган, Бердітүрікмен, Домбат қалалары, Түкіменстан, Қырғыз Республикасы және Еуропа елдерінде қазақ тілінде шығатын (бейресми деректер бойынша), жиыны 150-дей ақпарат құралы бар екен.
Шеттегі қазақтың тілін сақтау, тығыз байланыс орнату, олардың жағдайын білу үшін БАҚ қажетті тетік. Ал бөтен елде қазақша ақпарат тарату да оңай шаруа емес.
Бұл ой бізден бұрын да биік мінберде айтылды. Өткен жылы қарашада «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен қандастардың тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы мемлекеттік тапсырма аясында «Отандастар. Болашаққа бағдар» деген тақырыпта халықаралық басқосу өтті. Жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев және сол кездегі Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бердібек Сапарбаевпен бірге «Отандастар қорының» президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасыры Зауытбек Тұрысбеков қатысқан болатын.
Сол жиында шетелдегі қазақтілді басылымдарды жыл сайын марапаттап отыру жайы да сөз болған еді. Айтылған сөз айтылған жерінде қалғандай болды ма, содан кейін бұл мәселе ұмыт бола бастағандай.
Жыл сайын бір шетелдік қандасымыз марапатталып қайтса – ол шетелдегі қазақ тіліне жасалған құрмет болар еді.
Шеттегі қазақ әдебиеті
Шетелде тұрып та қазақ әдебиетімен айналысып жатқан қаламгерлер көп. Олардың тіптен кейбірінің атағы атажұртқа да жетіп жатады. Осындағы басылымдарға шығармалары жарияланып, есімі елге белгілі болғандары қаншама? Олар да шеттегі ағайынның тілін, мәдениетін сақтап қалуда үлкен еңбек сіңіріп отырғаны рас. Қытайда қайтыс болған жазушы Қажығұмар Шабданұлының есімі «Қылмыс» романымен елімізге етене таныс. Ақын Омарқазы Айтан, жазушы Жақсылық Сәмит шығармалары Қытайдағы қазақтардың рухани-әдеби қуаты іспетті. Қытайдағы мемлекеттік деңгейдегі сыйлықтың иегерілері, жазушы Жұмабай Біләл және ақын Ерлан Нұрдыхан қатарлы қаламгерлердің есімі ғана емес, шығармалары да елімізге таныс. Сол сияқты Моңғолияда Парламент депутаты болған жазушы Сұлтан Тәукей, ақын Сұраған Рахметұлы, Жанат Боқаш, Байыт Қабан қатарлы қаламгерлер бар. Әлемнің басқа да елдерінде біз әлі де есім-сойын біле бермейтін ақын-жазушылар көп. Әдебиет, өнер ұлтқа бөлінбейді. Дейтұрғанмен, олар әуелі өз халқы үшін жазады. Шығарма қай тілде жазылса, сол ұлттың рухани қазынасы болып қалады. Ақын Есенғали Раушанов баспасөзге берген бір сұхбатында: «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы марқұм Қалдарбек Найманбаев ағаның идеясымен жүзеге асып едi. Ондағы негiзгi мақсат шеттегi 5 миллион қазақтың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн қорғау, қолпаштау болатын. Шетте де қаншама қазақ жазушылары жүр. Анау Тарбағатайда Қажығұмар Шабдан деген ағамыз өттi дүниеден. Мықты болсақ, сол ақсақалға Мемлекеттiк сыйлық берер едiк. Бiзде қайтыс болғаннан кейiн де талай тұлғаларымызға Мемлекеттiк сыйлық берiлдi. Бүгiнгi қазақ көркем әдебиетiнiң деңгейiмен қарағанда Қажығұмар ақсақалдың еңбегi одан төмен болуы, тiптi оқылмауы да мүмкiн. Әңгiме онда емес. Сөз қазақ деген атқа келiп тұмсық сүйеп тұр. Соны жүйелесек, ел екенiмiздi, қазақшалап айтар болсақ, дөңайбатымызды шетелдiк әдеби жұртқа бiр көрсетiп алар едiк», – деп «Алаш» сыйлығының әуелгі мақсаты мен кейінгі жай-жапсарын да тілге тиек еткен еді. Қазақ халқы үшін «Алаш» сөзі қашанда ардақты. Қазақ елінің дербес ел болып қалыптасуына ХХ ғасырдағы Алаш арыстарының ықпалы зор болды. Олар тек саяси қайраткер ғана емес, өнер, әдебиет, ғылым болсын қай саланың да алғашқы тағанын қалады. Сол себепті де халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы әу баста «негiзгi мақсат шеттегi 5 миллион қазақтың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн қорғау, қолпаштау» дегенмен «Алаш» ұғымы исі қазаққа ортақ болғандықтан ауқымы кеңейіп, барша қазақтың озық әдеби шығармасына берілген болуы мүмкін. 1992 жылдан бастап, ұзын-ырғасы 176 адамға «Алаш» сыйлығы беріліпті. Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай және Испания қатарлы елдердің бірқатар қаламгерлері (аудармашылар) «Қазақ әдебиетін насихаттаудағы еңбегі үшін» лауреат атаныпты. Айтайын дегеніміз, қазір шетелде өмір сүріп жатқан қазақтың тілі, мәдениеті, әдебиеті қазақтан басқа халыққа қажеті шамалы. Ал оларды қолдау, қорғау, ынталандыру – қарашаңырақ Қазақстанның, соның ішінде Қазақстан Жазушылар одағының көтерер жүгі деп білеміз. Біз аталған сыйлықтың мән-жайын білу мақсатында, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке хабарласып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы жайлы сұрап көрдік.«Отандастар қоры» қолдаса
– Халықаралық «Алаш» сыйлығының негізгі бағыты туралы айтып берсеңіз. – Бағыты – көркемдік деңгейі жоғары әдеби шығармаларға беріледі. Қаржылық жағдайға байланысты кейбір жылдары берілмей қалады. Демеушілердің қолдауына сай жақсы шығармаларға «Алаш» сыйлығы беріліп, қаламгерлер ынталандырылып отырады. Басқа да әдеби сыйлықтар секілді өзінің талабы болады. – Мұны сұрап отырған себебіміз ақын Есенғали Раушанов бір сұхбатында «бұл сыйлық шеттен келген және шетте жүрген қандастарға бағытталған еді» депті. – Ол сұхбаттан кейін де талай қаламгер алды. Қытайда тұрған бір қандасымызға берілді. Халифа Алтайға Құран Кәрімді аударып шығарған еңбегі үшін берілген болуы керек. Одан кейін менің анық білетінім Қытайда көзінің тірісінде «Қылмыс» романын жазған Қажығұмар Шабданұлына берілді. Ол кісінің Алакөл жақта тұратын інісінің балалары келіп сыйлықты алып кетті. Мен мұны өз көзіммен көрдім. 1999 жылы болу керек, менің «Заман-ай» деген еңбегіме осы «Алаш» сыйлығы берілді. Қажығұмар Шабданұлы, Әмірхан Меңдеке және мен үш адам алдық. Бұл сыйлық мемлекеттік қордан беріліп жатқан сыйлық емес. Және қазақ әдебиетті жүйелі түрде аударылып та жатқан жоқ. Бұған жыл сайын неге берілмейді деуге келмейді. Бұл сыйлықты бір адам шешпейді. Оны арнайы комиссия қарайды. Жылдық қорытынды өтеді әр жыл сайын. Сол жерде үздік деп табылған шығармаларға беріледі. Кейбір жылдары қаржылық мәселеге байланысты бірнеше жылға біріктіріп беретін де кез болады. Былтыр мысал үшін алдыңғы жылдыкін қосып, үш жылға бір-ақ берілді. Өйткені оның алдындағы жылдар Одақта қаржы болмады. Одан кейін өзім кірістім. Кәсіпкер азаматтар қолдады. Одан бөлек, басқа да шетел қаламгерлерінің ішінде алғандар бар. Былтыр екі шетелдікке бердік. Испан ақыны Хусто Хорхе Падронға және бауырлас Әзербайжан ақыны Акбер Гошалыға қазақ әдебиетін насихаттаудағы еңбегі үшін берілді. Биыл да сыйлықтан үміткерлер бар, өздерін ұсынып жатқан. Біз әлі оған қорытынды өткізген жоқпыз. Қазіргі пандемияға байланысты жобаларымыз тоқтап тұр. – Мысалы, Абайды, Махамбетті және өзіңіздің «Киіз кітап» деген шығармаңызды моңғолша аударған Жүкел Хамай және Қытайдағы Абайды қытайша аударып, насихаттап жүрген Әкбар Мәжит бар. Белгілі ақын Сұраған Рақметұлы секілді қазақ әдебиетін шетке насихаттап жүрген қандастарымыз дәл осы сыйлыққа лайықты сияқты. Сыйлықтың әу бастағы мақсаты да шеттегі ағайынға арналғаны және бар. Бұл жағынан «Отандастар қоры» да қолдауы мүмкін ғой? – Дұрыс айтып отырсың. Бәрі де лайықты азаматтар. Бірақ бәріне бір жолда беру мүмкін емес. Әр кезде ретіне қарай беруге тырысамыз. Ал енді өзің айтқандай «Отандастар қоры» қолдап жатса, тіптен жақсы ғой. Бірақ «Отандастар қоры» енді-енді құрылып, жұмыс істей бастады. Оның бір мүшесі өзім. Әрине, қандастарға қажетті іс-шараларды ұйымдастырып, барынша қолдау білдіріп жатыр. Бірақ мұндай сыйлықтарды қаржыландыра қойған жоқ. Келешекте оның да реті келер.Бақытбек ҚАДЫР