Шымкентте денесінің 94 пайызын күйік шалған науқас аман қалды

/
Шымкентте денесінің 94 пайызын күйік шалған науқас аман қалды
istockphoto.com

Шымкент қаласында дене беткейінің 94 пайызын күйік шалған науқасқа көрсетілген жоғары білікті медициналық көмектің нәтижесінде оның өмірі сақталып, емдеу сәтті аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Пациент 4 маусымда тұрмыстық жағдайда газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Оған бет, мойын, тұлға, екі жоғарғы және екі төменгі аяқ-қолдың ІІ–ІІІ дәрежелі термиялық жалын күйігі, дене беткейінің 94 пайызын қамтыған күйік және өте ауыр дәрежедегі күйіктік шок диагнозы қойылды.

Ауруханаға түскен сәттен бастап науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан жансақтау бөліміне жатқызылып, қарқынды терапия басталды. Алғашқы күндері оның өміріне айтарлықтай қауіп төніп, болжамы өте күрделі болды.

Дәрігерлердің үйлесімді жұмысы, тәулік бойғы бақылауы, қарқынды терапия және кешенді күйікке қарсы емнің нәтижесінде науқастың жағдайы біртіндеп жақсарып, тұрақтанды. Емдеу барысында барлық қажетті медициналық және оңалту шаралары толық көлемде жүргізілді.

Бір айға жуық ем қабылдаған пациенттің жалпы жағдайы қанағаттанарлық деңгейге жетіп, 3 шілдеде амбулаториялық бақылауға шығарылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары