22 Мамыр, 16:32 3375 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Шымкентте балабақшалар қашан ашылатыны белгілі болды

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қалада балабақшалардың жұмысы қашан жанданатынын айтты. 

Жанат Тәжиеваның сөзінше, балабақшалар 25 мамырдан бастап ашылады.

Басқарма басшысы мектепке дейінгі мекемелерге балаларды қабылдауы бойынша жаңа алгоритм қабылданғанын жеткізді.  Оған сәйкес, балабақшаға барғысы келетін балалар мен ондағы тәрбиешілерден денсаулығы туралы анықтама талап етіледі.

«Алгоритмге сәйкес, бірінші кезекте баланы педиатрдың анықтамасымен қабылдайтын боламыз. Баланың денсаулығы жақсы екенін дәлелдейтін құжаттарды сұраймыз. Сонымен қатар, балабақшадағы қызметкерлердің де денсаулықтары жөнінде әрқайсысынан анықтамасын талап етеміз. Бұдан бөлек, ата-анасы немесе олармен қарым-қатынастағы туыстарының да саулығы жазылған құжаттарын сұратып, арнайы тексеруден кейін ғана балаларды балабақшаға кіргіземіз»,- деді Жанат Тәжиева.

Басқарма басшысы әр топтағы бала саны 15-тен аспайтынын айтты. Қазіргі кезде осы мақсатта арнайы тізім жасақтала бастаған.

Балабақшаға келуші бүлдіршіндер мен барша қызметкерлердің сәт сайын дене қызуы тексеріліп, қолдары арнайы антисептиктермен залалсыздандырылуы тиіс. Сондай-ақ, сақтық шаралары үшін балалардың ара қашықтығы сақталып, балабақша аумағы, ғимараттың іші мен сыртында дезинфекция жұмыстары жүрзігілмек.

Айта кетейік, індеттің таралуынш шектеу мақсатында Шымкентте мейрамханалар мен дәмханалар әзірге ашылмайды.

Өткен тәулікте Шымкентте 31 адамнан коронавирус анықталып, қалада індет жұқтырғандардың жалпы саны 539-ға жетті.

Ал республика бойынша бір күн ішінде 363 адамның қатерлі вирус жұқтырғаны белгілі болды. Елімізде коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны – 7597. Індет таралғалы 35 науқас көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар