Даниал Ахметов осы аптада ШҚО-да жұмысы жанданатын кәсіпорындарды атады

Шығыс Қазақстан облысында карантин тәртібі біршама жеңілдетіледі. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Instagram парақшасында жазды.

«Соңғы екі ай бәрімізге оңайға түспеді. Бұл билік органдарының батыл әрі нақты іс-әрекеттерінің кезеңі болды. Біз халыққа барлық талаптарды орындауда түсіністік, шыдамдылық және адал ниет танытқаны үшін алғыс айтамыз. ШҚО – коронавирус жұқтыру көрсеткіші ең төмен өңірлердің бірі. Осыған орай 16 мамырдан бастап қалыпты өмірге көше бастаймыз. Тұрғындардың далаға тек рұқсаттамамен шығуына және көлік қозғалысына қатысты шектеулердің барлығы алынады. Аумағы 2000 шаршы метрге дейінгі барлық толайым және азық-түлік сатпайтын сауда орындары өз жұмысын бастайды. Қонақүйлер толыққанды жұмыс тәртібіне көшіп, Алакөл демалыс базасына алдын ала жолдама алуға рұқсат беріледі. Мамыр айының 15-інен әуе рейстері мен теміржол вокзалдарында билет сату басталады. Жалпы аумағының 30 пайызы ғана қамтылған жағдайда діни орындарға баруға рұқсат етіледі», – дейді әкім.

Оның айтуынша, мейрамханалар, дәмханалар және басқа да тамақтану орындары жұмысын бастайды. Әзірге тек жазғы алаңдар ашылады. Сонымен қатар онда жиналатын адам саны бір уақытта 30-дан аспауы керек.

«Алтай, Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Көкпекті аудандары мен Риддер қаласында барлық білім орталықтары мен балабақшалар жұмысын қайта жалғастырады. Бильярд бөлмелері, караоке, клубтар, боулинг орталықтары, барлар да ашылады. Бірақ Семейден және басқа да аудандардан карантин шараларын толықтай алып тастауға әлі ерте. Осыған байланысты әзірге облыс шекарасындағы блокпостар алынбайды», – дейді Даниал Ахметов.

 

Back to top button