985
Қанға сіңген қайырымдылық еді...
Қанға сіңген қайырымдылық еді...
Мақтаарал ауданында жарияланған төтенше жағдай ұлтымыздың ұйыса түсуіне ықпал еткендей. Коронавирус індеті республика бойынша кеңінен тарап жатқан тұста бір жағынан су келіп, үй-жайы, мал-мүлкі суға кеткен оңтүстік халқы абдырап қалды.
Тосыннан келген апаттан адам шығыны болмағанына тәуба дейміз. Алайда бұл су тасқыны оңтүстік жұртының бар тапқан-таянғанын алып кеткені анық. Су астында қалған тұрғын үйлер, мал-жайлар мен бау-бақшалар, егістік аймақтардың қалпына келуіне әлі біраз уақыт керек. Осындай қысылтаяң шақта ресейлік этникалық өзбек кәсіпкері Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының халқы үшін 5 млн 202 мың АҚШ долларын аударғанын естідік. Кәсіпкерден келген қаражат эвакуацияланған 5 202 отбасының жеке шотына түседі екен.
Өзбек кәсіпкерінің жомарттығына тәнті болып, таңдай қағып отырғанда кәсіпкер, меценат Болат Өтемұратовтың Мақтаарал ауданына 150 үй салу үшін 6 млн АҚШ долларын аударатыны жайлы ақпарат тарады. Одан бұрын коронавирус індетіне байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Болат Өтемұратовтың қоры адам ағзасында COVID-19 вирусының бар-жоғын анықтайтын тест сатып алуға және жедел сараптама жасайтын мобильді пункттерді ұйымдастыруға 200 млн теңге бөлген болатын. Мұнымен қоса қазақстандықтарға қолдау ретінде республика-лық көмек қорына 1 миллион доллар қосқан еді.
Елімізде мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақсылық жасап, пәтер сыйлап, үй салып беріп жүрген кәсіпкерлер аз емес. Алакөлдің атымтайы атанған Бауыржан Оспановты танымайтын жан жоқ шығар. Туған ауылына мешіт салып, Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, Спорт кешенін ашты, жастарға тұрғын үй салып берді. Жыландының ауыл аты бар демесеңіз, қаладан еш кемі жоқ деседі көргендер. Ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған меценат тіпті ауылдастарының ішімдіктен бас тартуына ықпал етіп, оның орнына тегін қымыз тарататынын естідік. Бауыржан Оспановтың бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайға үй салып бергені, математик Асқар Жұмаділдаевқа көлік мінгізгені ел ішінде әлі күнге аңыз боп айтылады. Міне, бүгінгі заманда халқына, еліне, туып-өскен жеріне көрсетілетін махаббат пен қамқорлықтың үлгісі осындай болса керек.
Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылын көрген жұрт құм ішіндегі оазис секілді деп жатады. Ауылды түлеткен осы ауылдан түлеп ұшқан Абзал Ералиев есімді кәсіпкер азамат. Ауылын адам танымастай өзгертіп, жолын жөндеп, көшелерін самаладай жарқыратып, сквер салып, субұрқақ орнатып, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізген. Азаматқа ауылдастары «Азамат болсаң осындай бол» деп дән риза. Туған ауылының тұғырын биіктеткен Абзал Жұмашұлы бүгінде 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, Сырдың күрішін Ресей, Әзербайжан, Украина, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Ауғанстан мемлекеттерінің нарығына экспорттап отыр.
Дүниесін игілікке жұмсаған, елдің құтына айналған, бір ауылды асыраған байлар тарихта да аз болмаған. «Бұрынғының байлары мұқтаждарға қалай көмектесті?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік.
Талас ОМАРБЕК, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Халықты асыраған хандар емес, қазақтың байлары
– Қазақ қоғамын қоғам еткен, аяғынан тік тұрғызған қазақтың жеке меншік малы. Қазақ байлары жарлы-жақыбайларды асырап келген. Қазақ хандығы кезінде дәстүрлі шаруашылық басымдық алып, жартылай көшпелі тұрмыс дамыған кезде қазақ байлары малдың күшімен халықты асыраған. Бүкіл қазақты асыраған хандар емес, қазақтың байлары. Байлар тұтас қазақ ауылын асыраған. Қазақ хандарының кейбірінің малының саны қазақтың көптеген байларынан әлдеқайда аз болған. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ байларының халыққа қалай қарайласқаны туралы арнайы жазған мақаласы бар. Мысалы, қазақтың байлары көшіп-қонған кезде жарлы-жақыбайға ыңғайлы болсын, көштен қалмай ілессін, мал қарауға көмегі тисін деп астына мінуге ат берген. Оны қазақ көлік-май (ат-май) деп атаған. Байлар жарлыларға көлік-майды ақысыз береді. Өйткені жарлы сол байдың атын мініп мал бағып, шаруасын тындырып қана қоймайды. Ол сонымен бірге астындағы мініп жүрген жылқыны байдың бергенін әрқашанда есінде ұстайды. Яғни, байға реті келген кезде қарайласып, көмектесу қажет екенін түсінеді. Сонымен қатар қазақтың байлары қоңсы отырған жарлыға, сырттан келген кірмеге сауып ішуге бие немесе сиыр берген. Былайша айтқанда, қазақ даласында жалға алу жүйесі қатты дамыған. Бірақ бай ешуақытта «сауынды қайтар», «астыңда мініп жүрген атымды қайтар» деп қысым жасамаған. Өйткені жарлы-жақыбайлар – қазақ ауылының бір құрамдас бөлігі. Бұрынғының байлары байлықты малмен жинаса, бүгінгінің байлары байлықты банкте жинаған ақшасымен, сатып алған зәулім сарайымен есептейді. Қазіргі кезде бауырыңның жағдайы қалай болып жатыр, кедей-кепшіктің хәлі нешік, қандасыңның халы қалай деп бас ауыртатын байлар азайды. Мұның себебі байлыққа құнығуда жатыр деп ойлаймын. Індет кезіндегі төтенше жағдай бәрімізге бір нәрсені дәлелдеді. Байлық ешуақытта адамзатты құтқара алмайды. Дамыған елдер қатарына кіреміз деп алдымызға мақсат қойдық, бірақ сол дамыған елдердің дағдарыс кезіндегі қазіргі жағдайы қандай болып жатыр? Меніңше материалдық, экономикалық жағдай, байлық бірінші орында болу керек, ал рухани, идеологиялық, мәдени өмір содан кейінгі жерде өзінен-өзі қалыптасады деген көзқарас ақталған жоқ. Тосыннан келген апат жағдайында халқына көмек қолын созып, жәрдем етіп жатқан бірен-саран меценаттар болса, олардың бұрын қандай адам болғанына және саяси көзқарасына назар аудармай қызу қолдап, жарнамалап, көтермелеу керек. Ол не үшін керек? Ол ақшасын тығып отырған, өзінің туғанына, қандасына жаны ашымайтын басқа байларға түрткі болу, ой салу үшін керек. Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры:Қайырымдылық – қазақтың төл мәдениеті
– Көрші Ресей империясының отаршыл билігіне душар болған ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ қоғамында кедей деген ұғым болған емес. Қазақ қоғамында үйреншікті, сырт көзге ғажап болып көрінген ол құбылысқа XVIII-XIX ғасырларда А.Левшин, В.Никольский, Н.Коншин сынды орыс зерттеушілері өз еңбектерінде ерекше назар аударған. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері ұлт мәдениетінің осындай игі, қасиетті элементтерін қайта тірілтуге ұмтылды. Мысалға ХХ ғасыр басындағы ұлт көсемі, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының, партиясының және автономиясының жетекшісі Әлихан Бөкейхан жас күнінде, 1889 жылы «Дала уалаятының газетінде» жазған «Бұрынғыдан қалған жақсы мұра» атты мақаласында былай деп жазды: «Қазақ халқының бір жақсы мұрасы «жылу». Бір нәрседен зиян тауып қалғандарға беретін осы жақсы әдеттің қашан шыққаны белгісіз. Осы күнде өзгеріп кетті, қазақ халқының не әдеті өзгермеді?!» Міне, осы «жылуды» қаз қалпында қайта тірілтпек мақсатымен Әлиханның өзі 1898 жылы Қарқаралы оязындағы бірнеше болыс жұтқа ұшырап, талай қазақ отбасы аштыққа ұрынады. Әлихан сол кезде Омбыда педагог, журналист болып жұмыс істеп, қазақ облыстарын зерттеген Ф. Щербинаның ғылыми экспедициясына араласып жүрген кезі еді. Әлихан жәрмеңкеден өз қаражатына 40 бұзаулы сиыр сатып алып, ашыққан бірнеше болыс қазақтарына үлестіріп береді. Туған інісі Смахан төренің 1996 жылы «Жұлдыз» журналына басылып шыққан естелігіне қарағанда, бұзаулы сиыр алғандардың кейбірі сол көмектің арқасында байып та кетіпті. Ұлы дала елінде «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы бой көтерген 1905-1907 жылдардан 1917 жылғы патшалық билікті құлатқан Ақпан төңкерісіне дейін «Алаш» қайраткерлерінің бастамасымен «Жылу» қайта тіріліп, қазақ облыстарында қазіргі терминмен айтқанда, қайырымдылық, меценаттық, демеушілік іс-шаралары кеңінен көрініс тапты. Атақты Маман бай мен оның ұлдары Тұрысбек, Есенғұл жақы және Сейітбаттал, немерелері Құдайберген, Тәңірберген ұстаған Жетісу өңірінде қазақ ұл-қыздарын оқытқан, кәсіпке үйреткен мектебі, Ақмолада Баймұхамед (Байкоп) Қосшығұлұлы мен екі ұлы Құрманғали мен Нұрмағамбет тұрғызған қазақ мектебі мен мешіті және т.б. оқу мекемелері «Жылудың» қайта жаңғыруына жарқын дәлел бола алады. Қазіргі елордадағы Абай мен Әзірбайжан Мәмбетов көшелерінің бұрышында тұрған бұрынғы «Қазкоммерцбанк» ғимараты – сол Байқоп пен оның екі ұлы салған қазақ мектебінің шаңырағы. Кеңес дәуірінде Байқоптың бай мұрасынан аман қалған жалғыз тарихи жәдігер. ІІ Мемлекеттік дума күштеп таратылған 1907 жылы 3 маусым күні Ресей патшасы ІІ Николай сайлау ережеcінің жаңа редакциясына қол қойып, 6 миллионға тақаған қалың қазақты сайлау құқы мен Дума мінберінен, яғни өзінің жерін, құқын заң жолымен қорғау мүмкіндігінен айырды. Сөйтіп, 1917 жылға дейін Думада қазақтың өз өкілі болмайды. Сол кезде егер қазақ өкілі Думада (яғни Ресей парламенті) болмаса да, Дума құрамындағы мұсылман фракциясының бюросында қазақ болсын, ағайынды Оразайұлдары фракция бюросында екі қазақ өкілін ұстауға жылына 8 мың патша рублі қажет деп есептеп (ол кезде 5-6 рубльге жылқы сатып алуға болатын. Әлиханның өзін Санкт-Петербор Орман институтында оқытуға жыл сайын 200 рубль ақша бөлінетін. – С.А.), бірінші өкіл Әлихан болсын деп, өз қалталарынан 2 мың рубль бөлетінін «Қазақ» газеті арқылы қоғамға жария етеді. Бұл үндеуге басқа да қалталылар үн қосып, ақырында Әлихан Бөкейханның ұсынуымен мұсылман фракциясы бюросына қазақтың екінші өкілі болып Мұстафа Шоқай белгіленеді. Олардың бар шығынын Үкімет емес, қазақтың байлары көтерді. «Қазақ» газетіне дербес баспахана ашу керек болғанда Шығыс Түркістанда тұратын қазақтар 600 сом ақша жинап Орынборға жібереді. Сол «Қазақ» газеті ақырында дербес баспахана сатып алды. Сөйтіп «Қазақ» тек газет редакциясы ғана емес, бүкіл қазақтың ұлттық-ағартушылық орталығына айналды. Газет редакциясының өзінің жеке автокөлігі, баспаханасы, орысша, татарша, арабша барлық әліпбилердің шрифттері болған. Санкт-Петерборда 1907 жылы бір-ақ саны шығып үлгерген «Серке» газеті, 1911 жылы бірнеше саны жарық көрген «Қазақстан» газеті, 5 жыл шығып тұрып (1911-1915), жабылып қалған қазақтың тұңғыш «Айқап» журналдары қаржы тапшылығынан жабылғанын көпшілік біле бермейді. 1914 жылдың күзінде Орынборда отаршыл әкімшілік нақақ айыппен «Қазақ» газетіне 3 мың рубль айыппұл төлеттірмек болады. Соншама айыппұл төленсе, газеттің жабылатынын білген А.Байтұрсынұлы денсаулығының әлсіздігіне қарамастан түрмеге отырмақ болады. 1906 жылы М.Дулатұлы абақтыға жабылғанда, Семей азаматы Қаражан Үкібайұлы 2 500 рубль кепілдікке босатып алса, Міржақыпты екінші рет жапқанда, Хасен Ақайұлы 5 мың рубль кепілдік беріп, шығарып алды. Әлихан 1908 жылы «Выборг» үндеуіне қол қойғаны үшін сотталып, Семей түрмесінде отырғанында, Шыңғыстау оязының белгілі байы Медеу Оразбайұлы: «Әлихан қазаққа керек адам» деп түрме маңайына 10 бие байлап, күнде Алаш көсеміне бір саба қымыз бен жаңа сойылған бағлан қойдың етін пісіріп жеткізіп тұрды. Самардан Әлихан жетіп келіп, бүкіл елден оқырман жұртшылық ақша жинап, айыппұлды өтеп, Ахаңды шығарып алды. Ал 1913 жылдың ақпанынан патшалық билікті құлатып, «Алаш» партиясы мен Алаш Ұлттық Жерлі Автономиялық Республикасын құрып, оның үкіметі Алаш Орда іске кіріскен 1918 жылға дейін үзбей шығып, 6 млн қазақтың мұң-мүддесін шағып, қас-көзі, үні болған тұңғыш ұлттық басылымның ғұмыры неге ұзақ болды? Оның бар сыры – тұңғыш басылымды «Алаш» қайраткерлері іскерлігі өз алдына, ең бастысы – қазақтың сол кездегі қалталы, іскер, кәсіпкер байлары мен ақсүйектері және бүкіл зиялы қауымы (оқытушы, мұғалім, қызметкерлер, тілмаштар), бұқара халқы да тиын-тебенін бөлісті. І дүниежүзілік соғыс тылына қара жұмысқа алу туралы 1916 жылғы 25 маусым жарлығы бойынша Батыс майданға алынған бірнеше жүз мың қазақ жігіттеріне қамқор болып жүрген Ә.Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары мен жастары майданда жүрген қазақ жұмысшыларының бала-шаға, отбасыларына деп өз ортасынан ақша жинап, «Қазақ» редакциясы арқылы елге аударды: «Басқармадан өтінеміз: халыққа еркіншілік, бостандық алып беру жолында алысып, абақтыға түскен, айдалған, қазір босатылған сарбаздардың һәм жұмысшылардың үйде қалған жарлы бала-шағаларының пайдасына ақша жинауды. Өзіміз азат етілген азаматтар пайдасына 10 сом һәм жұмысшылардың бала-шағаларының пайдасына 100 сом жібердік. Жұрт жұрттығын қылмай қалмас деген дәмеміз зор». Бүкіл елді, бүкіл әлемді коронавирус дерті алқымнан алған сәтте, бізге қайырымдылық, меценаттық, демеушілік шараларының ауадай қажет екенін айқын көрсетті. Меніңше, билік қалталы, ұлттық бизнес өкілдерін, ірі компанияларды қайырымдылыққа, меценаттыққа, демеушілікке ынталандыратын, оларға салық жеңілдігін қарастыратын арнайы заң қабылдайтын уақыт әлдеқашан келді.