Мемлекеттік сатып алу: 669 млн теңге жымқырған 19 шенеуік сотталды

Қазақстанда осы жылдың алғашқы үш айында мемлекеттік сатып алу саласындағы 19 адам сотталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басқармасы басшысы Данияр Якупов агенттікте өткен онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында мамыр айының басына дейін 2 млрд 800 млн теңге қаражат үнемделіп, бұл соманың бір бөлігі бюджетке қайтарылып, бір бөлігіне басқа да сатып алу жүргізілгенін айтты.

Агенттік өкілінің айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы 19 адам сотталған. Олардың іс-әрекеттерінің салдары 669 млн теңгелік шығын келтірген.

«Мысал ретінде айта кетейін, биыл сәуір айында Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары 247 млн теңгені үнемдеп қалды. Осы соманың 163 млн теңгесі бір тапсырыс берушіге қатысты. Ол – І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университет. Сонымен қатар Түркістан облысындағы департамент негізгі келісімге тіркелген қосымша келісімді бекіту ісін шектеп, келісім бойынша соманы 32 млн теңгеден 35 млн теңгеге арттыруға жол бермеді. Ол қосымша келісімді Кентау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы жасамақ болған», – деді ол.

Данияр Якупов бұған дейін 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жасалған жемқорлыққа қатысты қылмыстың әрбір жетіншісі – мемлекеттік сатып алу саласына қатысты болғанын мәлім еткен еді.

Back to top button