ПРЕЗИДЕНТ «ЖАНАМ ДЕГЕН ЖҮРЕККЕ» ОТ БЕРДІ

ПРЕЗИДЕНТ «ЖАНАМ ДЕГЕН ЖҮРЕККЕ» ОТ БЕРДІ

ПРЕЗИДЕНТ «ЖАНАМ ДЕГЕН ЖҮРЕККЕ» ОТ БЕРДІ
ашық дереккөзі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялай салып, көп өтпей 13 мың адамның  ішінен президенттік жастар кадр резервіне іріктеп алған 300 азаматты Ақордаға шақырып, ақ тілегін айтып, оларды мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жіберетінін жеткізді. Резервке өткен 55 азаматты жаңа қызметке тағайындап үлгергенін де айтты. Сөйтіп, Қазақстанның өрімдей 300 қыз-жігіті Президенттің ақ батасын алып, Ақордадан ауыр міндет арқалап шықты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында кеңестік билік қазақ жастарын «Комсомолмен ауылға!» деген қызыл ұранмен мектеп бітіре салысымен ауылға қуатыны есімізде. Оны сол кездегі «Азаттық» радиосының тілшісі, Алаштың ардақты ұлы, аса көрнекті қоғам қайраткері, марқұм Хасен Оралтай ағамыз Мюнхен қаласында отырып, «Кеңес одағы қазақ жастарын жоғары біліммен сусындатпай, сауатсыз қалдырып жатыр!» деп күн құрғатпай сынайтын еді кеп. Ал бүгін Тәуелсіз Қазақстанның Басшысы қазақ жастарын әлемнің бес құрлығынан оқытып-тоқытып алып, мемлекеттік билікке жіберіп отыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға! Шынымды айтсам, өз басым осы бірегей бастаманың әсерінен әлі шыға алмай жүрмін. Көз алдыма Ақордадағы кездесу оралады да тұрады... Әрине, үш жүз жастың бәрімен кездесіп, сөйлесу мүмкін де, шарт та емес. Телеарна жаңалықтарын көріп отырып, солардың қатарынан Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібекті көзіміз шалып, қатты қуандық. Дәулет Жұмабайұлы – қазақи ұстанымы берік, сөзге шешен, Nur Otan-ның үлкен мектебінде өзін баптап келе жатқан жігіт. Сосын, Әлібек Ыдырысұлымен кездейсоқ жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. «Іріктеу жұмысы өте қатаң болды!» дейді Ә. Ыдырысұлы басын шайқап. Әлібек Қытай Халық Рес­пуб­ликасының Күнес ауданының тумасы екен.  2005 жылы ата­жұртқа оралыпты. Сол жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дайындық курсына оқу­ға түсіп, кейін осы университеттің биология маман­ды­ғын үздік нәтижемен аяқтапты. Гео­ботаника мамандығы бойынша оқуын ма­гистратураға, одан ғылыми жұ­мы­сын докторантурада жал­ғас­тыр­ыпты. Қазір ҚазҰУ-де ғылыми және оқы­тушылық қызметте екен. Кадрлық резервке өткеннен кейін Әлібек Ыдырысұлына көп­теген ұсыныс түсіпті. Олардың басым көпшілігі аудан әкімінің орынбасары, қа­лалардағы басқарма басшысы, тіпті министрліктегі департамент директоры, сынды қызметтер екен. Әлі де шақырулар түсіп жатқан көрінеді. Осыдан тура бір ғасыр, нақтылап айтсақ, 104 жыл бұрын «Қазақ басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы «аһ!» десіп қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астында біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бері телміргеніміз аз ба? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әртүрлі газет, журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді» деп хат жазып, оған Мақсұт тәйжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Құсболат Байболатұлы, Жайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы қол қойып, Алаш көсемдері ашқан «Қазақ» басқармасының «Азамат» серіктігіне 600 сом жібергені бар («Қазақ» газеті. 1916 жыл, 17 март. №222). Міне, қызық! Әлібек Ыдырысұлы бауырымыз – осында алты адамның ішінде есімі екі жерде аталған сол Сасан бидің тіке ұрпағы. Шыны керек, мемлекеттік билікте Тәуелсіздік жылдары шеттен оралған қандастарымыз жоқтың қасы. Жоқ. Демек, 300-дің қатарында қаракөктің тұқымы, тектінің тұяғы аз емес деп ойлаймын! Көп болса екен деп тілейік! «Қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болуы қажет» – деді Мемлекет басшысы кездесуде. Бұл – қоғам өкілдері ғана емес, жас кадрлардың да жадында болатын сөз. Ескі жүйеге еті үйреніп алған аға буын басшылардың өкшесін басып келе жатқан жастарды бірден тыңдай қоюы, қабылдай салуы қиын, әрине. Жастар ебін тауып, білімі мен білігі арқылы өздерін оларға тыңдата білу керек! Осы жерде көші-қон саясаты мен Nur Otan партиясы туралы аз-кем тоқтала кеткенім артық болмас деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерте жолға қойған Көші-қон саясаты бұл күнде өз жемісін берді. Өкінішке қарай, аталған саясаттың 2011 жылдан бастап төрт-бес жыл дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Көші-қон – өте күрделі саясат. Оған қарсы ішкі және сыртқы жаулар жетерлік. Екі бүйірімізде отырған Құдай қосқан алып көршілеріміз қазақтың көбейіп, ұлттық мемлекет құруымызды ұнатып отырмағыны жасырын емес. Өзге елде туып, өз Отанына келген ағайындардың жаңа ортаның қыры мен сырын, заңы мен қағидасын бірден біліп, үйлесіп кетуі – тіптен қиын шаруа. Көңіл мен ниет қанша жерден түзу болғанымен, өз басынан өтпеген соң, жергілікті билік өкілдерінің көбі олардың проблемаларын толық түсіне бермейтіні тағы анық. Әділет үшін айтуымыз керек, Көші-қон саясатын туындаған барлық дағдарыстан ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі шығарып алып, оң бағытқа бұрып отырды. Міне, жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол сабақтастықты жалғап, «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп, биік мақсат қойды. Мен бұл саясатқа сол 2010 жылы келіп қосылдым. Ең алдымен өзім байқаған кілтипандарды тізіп, құзырлы мекемелерге хат жазып, жауап алып көрдім. Шынын айтайын, ол жауаптар мені қанағаттандырмады. Бағамдай келе, бар мәселенің «Халықтың көші-қоны туралы» заңында екеніне көз жеткіздім. Сөйтіп, 2012 жылы қаңтар айында Алматыны тастап, бір жолата  Елордаға қоныс аудардым. Жерлес ағамыз Айдын Оразанбайұлының үйінде тұрып жаттым. Қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы жұмысқа алды. Түзету былай тұрсын, 2013 жылдың соңында «Халықтың көші-қоны туралы» заңы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп, қайта қабылданып кетті. Енді Елбасының атына тіке хат жазуға тура келді. Жан ұшырып, «Нағашыма хатты» жазып, жарияладық. Хат Мемлекет басшысына жетті. Президент кеңсесінің сол кездегі басшысы, үлкен жүректі азамат  Махмұт Қасымбеков ағамыз Ақордаға шақырып, хатты Нұрсұлтан Әбішұлының оқығанын, заңның қайта қалпына келетінін жеткізді. Қуанғанымнан Ақордадан жылап шықтым. Көп өтпей, Президент жарлық шығарып, 2015 жылы аталған заң Парламентте қайта қаралды. Көші-қон процесін бастан бастан кешкен азамат ретінде, содан бері Мәжілістегі жұмыс тобына қатысып келемін. Бірақ, мәселе мұнымен де толық шешіліп кете қойған жоқ. Енді аталған саланы оң бағытқа бұру, жабылған жала мен жағылған күйеден тазартып, беделін тіктеу үшін мүмкіндік алаңын іздей бастадым. Ол мүмкіндіктің Nur Otan партиясында екеніне көзім анық жетті. Не керек, өтініш жазып, сол кездегі кеңесші Берік Уәлидің көмегімен Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың өз қолынан партия билетін алдым. Арада Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып,  Мұхтар Құл-Мұхаммед келді. Nur Otan – Елбасының партиясы. Көші-қон – Елбасы ерте жолға қойған Ұлы саясат. Шын мәнінде, екеуінің бір ананың егіз баласы секілді екенін Мұхаңа айтып, Партияда қызмет еткім келетінін жеткіздім. Болмысы бөлек жігіт қой, екі сөзге келген жоқ, Мұхтар Абырарұлы мені Партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне кеңесші етіп, жұмысқа алды. Орталық аппаратта бос орын болмағандықтан, штатты Партияның шаруашылық бөлімінен берді. Негізі шаруашылық бөлім қызметкерлерінің міндеті – қар күреу, еден жуу, сөніп қалған шамдарды жағу. Қазақша айтқанда, ондағылар «қара жұмысшы» деп аталады. Оған қарап жатқан мен жоқ, жұмысқа білек түріп, кірістім де кеттім. Министрлер мен олардың орынбасарлары, Бас рокуратураның жауапты тұлғалары, Мәжіліс депутаттары, Партия Төрағсының Бірінші орынбасары мен хатшылары Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне рет-ретімен келіп, азаматтармен қабылдау өткізеді екен. Көші-қон мәселелерін шешуге бұдан артық қандай орай керек?! Міне, мен іздеген мүмкіндіктің көкесі – дәл осы жер емес пе?! Сөйтіп, бірінші кезекте Ішкі істер министрі, атақты Қалмұханбет Қасымовтың қабылдауына кірдім. Келесі де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға. Көші-қонның ең күйіп тұрған проблемасы осы екі министрлікке қатысты. Ары қарай, депутаттар... Шынын айтайын, партия қызметкерлерінде мұндай «құқық» бұрын болмаған екен. Өзім ғана кіріп қоймай, мәселесі шешілмей келе жатқан қандастарымда да жаздырып, топырлатып қоса ертіп кірем. Алыс аймақтағылар облыстық, қалалық филиалдарға келіп, бейнебайланыс арқылы арыз-шағымы айтады.  Онымен де шектеліп қалмай, екі-үш ай өткен соң, құзырлы орган басшыларын қатыстыра отырып, қандастарымыздың күн тәртібіндегі мәселесін шешуді және билікке жеткізуді мақсат еткен «Көш өлікті болсын!» деген арнайы тұжырымдама жасап, меңгерушім Жұмажан Жүкеновке ұсындым. Жұмажан Қамкенұлы тұжырымдаманы өте жылы қабылдап, партияның республикалық жылдық желілік кестесіне енгізілуге ықпал етті. Сөйтіп, осы тұжырымдама негізінде манағы министрліктер мен оның департаменттерінің жауапты басшыларын, мемлекеттік емес ұйымдардың жетекшілерін шақырып, Nur Otan партиясының аймақтық, аумақтық филиалдарында төрт мәрте акция өткіздік. Оған орталықтан бастап, өңірлердегі өтініші бар қандастарымыз түгел қатысып отырды. Соның арқасында, жекелеген тұлғалардың мәселесі шешіліп қана қоймай, Қазақ көшінің ең өзекті мәселелеріне атқарушы билік пен заң шығарушы органның көзі әбден жетті. Сөйтіп «Халықтың көші-қоны туралы» заңына айтарлықтай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Еніп те жатыр... Заңға өзгеріс енгізе алу – мемлекетке ықпал ету деген сөз. Міне, Nur Otan партиясы соған мұрындық болды. Жұрт билік пен билік партиясын үнемі сынап жатады. Билік және партия дегеніңіз жалпылама атау. Мәселе онда емес, онда отырған жекелеген жауапты тұлғаларда. Дау жоқ, Nur Otan партиясы – Отанына, ұлтына қызмет етем деген әрбір саналы азамат үшін теңдесі аз мүмкіндік алаңы. Мен партияның бар құзыретін шамам келгенше пайдаланып, өзім кіріскен саланың заңы мен саясатын дұрыстауға мол мүмкіндік алдым. Жұрт жақсы біледі, күн құрғатпай мақала, ашық хаттар жазып, БАҚ-та жариялап отырам. Мақсат – көші-қон саясатын күнтәртіптен түсірмеу, туындаған проблемаларды өз уағында айту, билікке жеткізу және оңтайлы шешу. Жасыратыны жоқ, кейде ащы айтуға, билік басындағы жекелеген тұлғаларды қатты сынауға тура келеді. Сынадық, сынап та жатырмыз. Соның кесірінен жұмыссыз қалған кездеріміз де аз болған жоқ... Қатты риза болатыным, Төрағаның бұрынғы орынбасары болған Мұхтар Құл-Мұхамед пен Мәулен Әшімбаев та, бүгінгі басшым Бауыржан Байбек те бір рет қабақ шытып көрген емес, қайта бәріне түсінікстікпен қарап, іштей қолдап келеді. Кезінде Мұхтар Абырарұлы мен Мәулен Сағатханұлының кәбинетіне шақырып, жеке сөйлескен кездері болды. Бірақ, шектеу қойған жоқ. Ақыл-кеңесін айтып, арқадан қағып шығарып салып отырды. Бұрынғы меңгерушілерім Жұмажан Жүкенов пен Бақыт Темірова да,  қазіргі Сақтаған Садуақасов та, олардың орынбасары болған Арыстанғали Сансызбаев та солай! Бұл – Nur Otan партиясындағы жауапты тұлғалардың Қазақ көшіне, қандастарымыздың Отанына оралуына деген зор қолдауы мен қамқорлығы, еліміздегі сөз еркіндігіне болған биік құрметі, саяси мәдениетінің жоғарылығы деп білемін! Енді әуелгі сөзімізге оралсақ, «Сіздердің әрқайсысыңыз жоғары кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетіп, мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге ниетті екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Сондықтан сіздермен кездесіп, еліміздегі өзекті мәселелер бойынша пікірлеріңізді тыңдап, кадр резервіне енген азаматтардың алдында тұрған міндеттер жөнінде өз ойымды білдіру үшін баршаңызды «Ақордаға» арнайы шақырып отырмын», – деп бастапты сөзін Президент. Ақорда – қасиетті қара шаңырақ! Онда ұлттың, мемлекеттің тағдырына тікелей қатысты ұлы шешімдер қабылданады. Әділеттілік пен тазалық осы үйден бастау алады. Адалдық мен жарқын үлгінің де нұр шашып алаулап тұратын жері – осы Ақорда. Тазалық пен татулық та бірінші болып, осында салтанат құрады. Қысқасы, Ақорданың сырты қандай ақ болса, іші де әу бастан сондай кіршіксіз, кірпияз. Сол үшін, онда кілең ары таза, жүрегі ақ, білімі мен білігі жоғары, мақсаты биік, ең бастысы шетінен мемлекетшіл тұлғалар отыруы шарт. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жолға қойылған  бүгінгі таңда, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының   жас кадрларды Ақордаға шақырып, үлкен кездесу өткізуінің өзгеше мәні де осында болса керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының аталған кездесудегі сөзінде «Халыққа жақын болу керек», «Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет», «Туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету» деген сөздерге барынша салмақ түсіріп айтқаны көрініп тұр. Әсіресе, Мемлекет басшысының «Біз елдік мүддеге қатысты әрбір ісімізде ұлы ақынның еңбектеріне жүгінуіміз керек» деп  жастарға Абай әлеміне қарай жол сілтеуі, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін тілге тиек етуі тіптен тегін емес. Абайды оқу, жаттау және білу өз алдына, «кейіпкерінің» кебін киіп қалудан сақтану – басты мақсат болғаны жөн. Құдай «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?!» дейтіндерден сақтасын. Есесіне, «Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек» керек! Қырғыз халқы бүгіннің өзінде «Ұлттық лидер» деп бағалаған Өмірбек Текебаевтың үш жылдың алдында «Қырғызстанда мендей таза шенеунік жоқ. Шенеунік болсаң осындай бол деп, Алмазбек Атамбаев пен Илим Қарыпбеков мені бүкіл елге үлгі ғып көсетуі керек!» дегені бар. Мұндай сөзді жоғары билікте жүрген екі басшының бірі айта алмайды. Демек, Әлекеңнің айтып отырғаны – аттан мен айғай емес, осындай ары мен қолы таза тұлғаның мінезі! Бұл жерде тамнан аттасаң да, заңнан аттамауың керек! Жалпы, айту мен сынау онша қиын шаруа болмаса керек. Ең маңыздысы, өзің қолға алған шаруаны оң бағытқа еркін бұра алатын тұлғалық  каррера қалыптастыра білу. Басшы болу – билік баспалдағына аяқ басқан әркімнің қолынан келуі мүмкін. Ал тұлғалық кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейді. Мемлекеттік билікте тұлғалар көп болғанда ғана іс оңға басады. Қорыта келгенде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жанам деген жүрекке» от берді! Енді, жану мен жандыра білу – жас кадрлардың өз қолында. Мемлекет басшысының сөзімен қорытындыласақ, ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге білімі озық, ойы ұшқыр осы жастар бастауы керек.  

Ауыт МҰҚИБЕК,

Президент жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Нұр-Сұлтан қаласы